Ит тектісі – тазы
Жұрт сонау жылдары іске асқан «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрқилы түсінеді. Оның идеологиялық тұрғыдан бөлек, экономикаға, шаруашылыққа зор ықпал ететінін байқай бермейміз. Ата-бабамыздың асыл қасиеттерін қайта жаңғырту арқылы ұмыт қалған құндылықтардың қайта жанданғанын аңғарып келеміз. Ал салт-дәстүрді модернизациялау, ұлттық спорт түрлерін жаңғырту күнделікті тіршіліктегі тепе-теңдікті тұрақтандырады десек қателеспейміз. Бүгінде тазы ит ұстау арқылы ата дәстүрді аласартпай отырған Дәуірхан Қанибаев ұлттық спортқа жанашыр жандардың санатында.
Жиырма үш жасар Дәуірханның ит асырауға деген қызығушылығы ел астанасында білім алып жүргенде басталған. Бұған дейін отбасында аңшылықпен айналысқан адам да болмаған. Бірде журналист-этнограф Ұлағат Ханзадамен танысудың сәті түсіп, тазы туралы ілімді де, жануарды да осы кісіден алған.
Қазіргі таңда 9 тазының бабын келтіріп отырған азамат Оңтүстік пен Арқаның иттерінен артық тазы көрмегенін айтады.
– Аудан орталығы Әйтеке би кентінде тұрсам да ауылдағы ағайынның хәлін жақсы білемін. Ара-тұра 4 арлан, 5 ұрғашы тазымды далалыққа апарып, аңға саламын. Барлығы шашаққұлақты қазақ тазылары. Ерекшелігі – ұшқыр, жеңіл әрі тазайын келеді. Аңшылыққа шыққанда із кеседі, шибөрімен жекпе-жек шықса жанын алады. Сол үшін ата бабамыз осы тұқымға көңіл бөлді. Сабырлы, оғаш мінез көрсетпейді дегенмен кейбірінің қасқыр алатын қасиеті бар, – дейді ұлттық спортты ұлықтаушы.
Айтқандай, Дәуірхан жақында Ақтөбе облысы, Хромтау ауданында өткен Дәстүрлі аңшылықты дамыту және насихаттауға бағытталған «Салбурын – 2021» ІІ дәстүрлі республикалық дала сынағында тазысы қасқыр тоқтатып, бас жүлдені жеңіп алған. Елдің түкпір-түкпірінде ерекше бапталған 60 тазы сынға түскен сайыста 6 жасар Ұшар атты тазысы иесімен бірге, облыс абыройын асқақтатқаны мерейлі мезет болды. Жануар құны үш жүз мың теңгені құрайтын кубок пен 70 мың теңге қаржыны қожайынының қоржынына салып беріпті. Өкініштісі сол, жол шығыны мен тазының бабына кеткен қаржы арқаны кеңге жаюға мұрша бермесе керек.
– Ата дәстүрді жаңғырту, игілігін елге көрсету бүгінде менің азаматтық парызыма айналды десем қателеспеймін. Оның үстіне, Әйтеке би кентінде №20 ветпункте веттехник болып жұмыс істеймін. Мал дәрігері мамандығын алғандықтан жануардың күтімін, денсаулығының кемшіл тұсын аңғарып отырамын. Келешекте тазыларымды айтулы сайыстарға қатыстырғым келеді. Кешегі жүлде алған – алғашқы сайысым еді. Қызылорда облысының атынан жалғыз өзім қатыстым. Қалтаға салмақ болғанын жасырмаймын. Егер ұлттық спортқа жанашыр жандар осы кәсіпті тірілтуге, спортты ілгерілетуге демеушілік жасаймын десе, біраз шыңды бағындыруға болады деп ойлаймын, – дейді Дәуірхан.
Қазалы ауданында жеке қызығушылығы үшін тазы ұстап отырған азаматтар аз емес. Десек те дәл Дәуірхандай ұлттық спортты дамытуға күш салып, республикалық деңгейде бақ сынап жүргендер кемде-кем. Алдағы уақытта жергілікті спорттық салаға жауапты жандар ұлттық дәстүрдің жаңғыруына демеу көрсетсе, ұмыт бола бастаған қазыналарымыздың табылғаны болар еді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ