Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мен үшін “Рухани жаңғыру” дегеніміз...

Мен үшін “Рухани жаңғыру” дегеніміз...

Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялап, халықты рухани серпіліс жасауға шақырғаны баршаға аян. Аталған мақаланы ел болып талқылап, бірауыздан үнқосқандар қатары аз болмады. Осы орайда рухани өзгерісті кім қалай түсінеді және оған қалай үлес қосуда? Оқырмандар пікіріне құлақ түріп, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Зоя МҰСТАФАЕВА, аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі:
– Рухани жаңғыру – әрбір қазақстандықтың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Ұлттық құндылықтарды ұмытпай жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн. Қарап отырсақ, тарихтағы ұлы ойшылдар – асқан қабілеті, ұлттық санасы және даналығы арқылы қоғамға рухани өзгеріс әкелді. Сол арқылы ұлттың бірегейлігі, ұрпақтың тұтастығы сақталып қалды. Тарихтың тағылымы және бүгінгі уақыттың талабы негізінде қарайтын болсақ, жаңғыру әр ұрпақ буынының тарихи санасының қалыптасуы. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек»,– деген болатын. Расында жастайынан бойына дін мен дәстүрді, тағылымды тарихты оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағым мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Рухани жаңғыру идеясы атамекен мен ұлттың бір болуын, ұрпақ пен туған жердің байланысуын, адам мен табиғаттың тұтастығын нығайтады. Рухани жағынан жетілген жеке адамның, ұлттың тұлғаға айналатындығын ата-бабаларымыз жете түсінген. Батырлықтың, шешендіктің, тума дарын болып ұлт өнерінің терең арнасын қалдырудың өзі қазақ баласының өмірдегі жасампаздық қасиетін көрсетеді. Бүгінгі ұрпақ үшін рухани жаңғыру еңбек пен білімді иеленіп, кез келген игілікті іске ынта мен жігерді танытып, қабілеттілікті көрсете білу, өз ісіне адалдық танытып, өзі бағындырған құндылықты халықтың игілігіне айналдыратын деңгейге қол жеткізу, сол арқылы ұлттық бітім-болмысты қалыптастыру.
Жоғарыда аталған жайттарды іс жүзінде жүзеге асыруда аудандық кітапхана ұжымы тынбай еңбек етуде. Әрбір оқырманның рухани сауаттануына білім-білігін сала кіріскен әріптестерім үнемі ізденіс үстінде.
Жанар ӘЛІШЕВА, аудандық оқушылар үйіндегі «Өлкетану» үйірмесінің жетекшісі:
– Рухани жаңғыру – елдің салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Елбасы Нұрcұлтан Назарбаевтың мақаласын оқып шығып, осындай ой түйген едім. Бұл ұлттық құндылықты қайта жаңғыртып, жаһандық жаңашылдыққа бағыттайды. Осы жоба аясында көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек азамат тәрбиеленуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн. Мақаланың негізгі идеяларын оқушылар арасында кеңінен насихаттап келеміз. Қосымша білім беру ұйымының мүмкіндігін барынша пайдаландық. «Өлкесін таныған өрендер» айдарымен Сыр өңірінің тарихын, мәдени мұрасын дәріптейтін жобаларды қолға алдық. Тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, насихаттау,зерттеу әрі қор ­коллекцияларын толықтыру үшін археологиялық және этнографиялық экспедициялар үлкен рөл атқарып келеді. Оған дәлел – Сыр бойындағы Оғыз дәуірінің көне қалалық орындарын, алғашқы қолөнер орталықтары анықталды. Олардың өрістеу аймақтары да археология тың дерекпен толықтырылды.
«Киелі география» жобасы аясында Жанкент шаһарына бірнеше мәрте экспедиция ұйымдастырдық. Зерттеу кезінде табылған жәдігерлерді «Музейге сый» акциясы арқылы облыстық және аудандық тарихи-өлкетану музейлеріне ұсынып отырамыз. Туристік өлкетану қызметі де бүгінгі күні қоршаған ортаны танып-білудің бірден-бір тиімді құралына айналған.
Бұған дейін ұйым мүшелері облыстық «Өркениет өзені» экспедициясына қатысқан еді. Биыл облыстық рухани жаңғыру орталығының тағы бір байқауына бардық. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы негізінде Өлкетану үйірмесі мен радиотехника үйірмелері бірігіп, «Ұлағатқа толы ұлы дала» деген жоба ұсынғанбыз. Жоғары марапатқа ие болдық. Оқушылар өзін туған жердің бір бөлшегі, бабалар мұрасын сақтаушы, жалғастырушы толқын екендігін сезіне алды. Бізге де керегі осы емес пе? Елбасы «Жаңғырған қоғамның өз тамыры, тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» дейді. Біз балалардың кеудесіндегі ұлттық кодты оятып, жүрегіне тарихи сәуле түсіре аламыз деп сенеміз. Мен үшін «Рухани жаңғыру» дегенім осы. Өткенімізді өшірмей, келер ұрпаққа аманаттай алсақ, одан асқан жетістік жоқ.
Айбек МАМБЕТОВ, қалалық мәдениет үйінің әдіскері:
– Бүгінгі қарыштаған қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – ақпараттық қауіпсіздік. Күнделікті өмірде сыртқы идеологиялардың жағымсыз тұстары немесе біздің ұлттық құндылықтарымызға кереғар идеялардың қоғамдық санамызға білдіртпей сіңірілуі байқалады. Теледидарда түрлі шоу бағдарламалардың көбейіп кетуі мені алаңдатады. Бағдарламадағы әр тақырып сүзгіден өткізілсе деймін. Мәселен, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді дәріптейтін хабарлардың көптеп берілуін қалаймын. Бәріміз жарыса айтып жүрген ұлттық код әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институтымен сабақтасады. Сондықтан халықтық мәдени құндылықтарды одан әрі өрістету – маңызды қадамдардың бірі.
Қазір теледидарды қосып қалсаң, неше түрлі шоу бағдарламалар, концерттерді көресің. Күлдіргіштер, «жұлдыздар» болмайтын нәрсені әңгіме қылып отырады. Оған теледидар алдында, залда отырған адамдар бейғам, мәз болып отырғанда, біз қалай рухани жаңғырмақпыз? Осы жағын ойлағанда, ішім ашиды. Халық ненің жақсы, ненің жаман, ненің құнды және құнсыз екенін қашан ажырата біледі? Дарақы күлкіден қашан арыламыз? Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біз халыққа рухани тәрбие бере білуіміз керек. Ол үшін телеарналарда азаннан кешке дейін концерт емес, халықтың болмысын, руханиятын, әдебиеті мен мәдениетін дәріптейтін бағдарламалар ашу қажет. Ұлттық өнерді ұлықтап, тарихымызды түгендейтін, халықтың патриоттық сезімін, рухын көтеретін кинолар беруіміз тиіс. Сонда ғана Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын өз деңгейінде орындап отырмыз деп толыққанды айтуға болады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА


01 шілде 2020 ж. 5 101 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930