Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмай тазы қуғанын алады

Құмай тазы қуғанын алады

«Иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес». Бұл иттің қадір-қасиетін терең зерттеп, құмай тазы деңгейіне дейін баптаған дана қазақтың сөзі. Болмысы бөлек жануар қазақ даласына үйлескен өзіне ғана тән сұлулығы мен жинақы дене бітіміне қарай басқа иттерден ерекшеленеді. Сымбатына сай алғырлығы, жыртқыштан сескенбейтін қылығы тағы бар.
Мезолит дәуірінде қолға үйретілген ит екі түрлі жабайы тұқымнан оңтүстікте шибөріден, солтүстікте қасқырдан шығып жер бетіне тегіс тараған жан­уар дейді қазіргі ғылым. Жартас бетіне салынған суреттерді есептемегенде тазыға ұқсас кейіптегі бейнелер Мысыр перғауындарының ескерткіштерінде жолығады. Олардың тұрпаты осыдан 3400 жыл бұрынғы деректерде ұзын сирақты, тұмсығы үшкір, құлақтары тік, құйрықтары иректеліп дөңгеленген деп келтіріледі. Қысқасы олардың сұлбасы тазыға көбірек келіңкірейді Тазының шыққан жері, мекені туралы мәселе аса тартысты болғанымен қазір адамдардың көбі Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Батыс Азияның үстіртті даласы деп түсінеді.
Қазақ тазыларында табиғи және қабілеттілік инстинкт өте жақсы дамыған. Көзінде ақылды адамға тән тереңдік пен тектіліктің ізі жатады дейді мамандар. Ал тазы дүбәрә болса оның көзі ойнамалы, тексіз, ұрлықшы, әрнені талғамай жей беретін тәрізді оғаш қылықтары болады. Ол елгезек, қозғалысы шапшаң, қарны қаншырдай қатқан, тұрқы ұзын, бойы сұңғақ, елеңдеген көзқарасы ширақ болады. Тазы адамның “құлы” емес, керісінше бір-біріне бауыр басқан, пайда келтіретін, қалыптасқан байланысы бар. Адамдар ортасында жақсы дами отырып, өз қабілетін көрсете алады. Сондай-ақ ол көргенін жазбай қайталайтын есте сақтау қабілеті жақсы дамыған. Тазылар бір-біріне бағына білді. Бекарыстан би ауылының тұрғыны, №24 Үрмәш Түктібаев атындағы мектептің технология пәні мұғалімі Серікқали Қаншымбековтің дерегінше, олардың айтқан сөзді тез қағып алатын да қасиеті бар.
– Мен құмай тазыны 2011 жылдың күзінен бастап асырадым. Ол кезде шашақ құлақ, мүсіні келіскен 2 айлық күшік күйінде келді. Оны сыныптасым Сәкен Үмбет деген жігіт Ақтөбе қаласынан әкеліп берді. Шынымды айтсам, бұл тазының баптауына көп көңіл бөлгенім жоқ. Себебі ол болмысынан таза, ақылдылығының арқасында адамға қалай көмек көрсету керек екенін біліп тұрады. Таза дейтін себебім, бұлардың жаздыгүні асыр салып ойнайтыны бар. Сондайда үсті-басы шаң болады. Басқа иттерден ерекшелігі – бұдан соң ауыл маңындағы ағынды суға барып шомылып келеді. Одан кейін бірнеше сағат денесі кепкенше жерге жатпайды. Кешегі күнге дейін астың тазасын ішіп, жуындыға жолай бермейтін. Ауа райы суып кеткен күндері үйде арнайы орын дайындап сонда жатқызып жүрдім. Тазы – дегдарлы, бекзада адам тәрізді талғампаз, кірпияз болып келеді. Үйдегі адамдардың тірлік ырғағына еш нұқсан келтірмейді. Өзімен-өзі жата береді. Егер сыртқа шыққысы келсе дегбірсіздене белгі береді, есіктің тұтқасына жармасады. Оларға қанша аш болса да, аштығын білдірмейтін төзімділік тән, – дейді ол.
Ауыл адамдарының барлығы мал шаруашылығымен айналысатындықтан Серікқали да жылқы бағуға шығып тұрады. Үйір жылқыны бір бағытта айдап отыру оңай болмайтыны белгілі. Сондайда тазы ауылға қарай шашырай шапқан жылқының бір қапталын ұқыпты қайырып жүреді екен.
Бір жылдары тазы ит із-түссіз жоғалып кетіп, ұзақ іздейді. Екі жылға жуық уақыт өткеннен кейін ғана Қарашалаң деген жердегі малшы ауылдан көрдік деген хабар жетеді. Дереу көлік жалдап, жолға шыққан ұстаз кешқұрым діттеген жеріне жете бергенде Құмай көлік алдынан зып беріп жүгіріп өтеді. Иесі көліктен түсіп, артынан «Құмай» деп айқайлаған екен. Тазы дереу тоқтап, артына бір қарайды да, асқан жылдамдықпен жүгіріп келіп, Серікқалидің мойынына асылады. «Екі жыл уақыттан кейінгі сағынышты айтып жеткізу мүмкін еместей көрінеді», – дейді кейіпкер.
Көптен көріспеген сағынышты басқаннан соң ит мойнына қарғыбау байлап, көлікті нұсқайды. Жануар да елге оралатынын сезгендей еркелей секіріп мінеді. Сәлден кейін екі жыл баққан иесі келіп, дау көтеріп, итті сыртқа сүйрегенімен, тазы кері шегініп шықпай қояды. Бұл әрекетінен түк шықпасын білген малшы итті біреуден сатып алғанын айтып, жөнімен кетеді. Ал сол маңдағы балалар Құмаймен қоян ұстап жүргендерін айтып, Серікқалидан тазыны қалдырып кетуін өтінеді. Ауылға оралғасын иесі көп уақыт көрмеген итінен өзгешеліктер байқағанын айтады.
– Тазым еркек еді. Ауылдағы бір танысымда ұрғашысы болып, нәтижесінде санын көбейттік. Арнайы аң алуға үйреткен жоқпын. Бірақ сәл өскесін-ақ, қоян, түлкі, қасқыр аулаудан алдына жан салмайтын болды. Жыртқыш көрсе басқа иттер сияқты соңынан қумайды. Аңның қашатын бағытын дөп басып, қапталдап келіп мойыннан алады. Ал ауылдағы иттермен төбелеспеуге тырысады. Кей кездері тазының да шыдамы бітіп, үрген иттің мысын басады. Денесіне жаудың тіс-тырнағын тигізбей-ақ, қыңсылатып жіберетін күші бар, – дейді С.Қаншымбеков.
Тазы ит әрқашан иесіне көмек бергісі келіп тұрады. Бірде Серікқали ат үстінде келе жатып, қолғабын түсіріп алған. Бірақ оны өзі байқамапты. Біршама жол жүргеннен кейін, бұрылып тазыға қараса, «ауызында қолғабы тұр» дейді. Құмай бұдан да бөлек үлкенді-кішілі көмектің көптеген түрін жасаған. Серікқали ұстаз, жақында ғана жан тапсырған тазысын осылайша сағынышпен еске алды.
Қазір Құмайға қарап бой түзеген, серігі қайтқасын жалғызсырап жүрген Көкдауыл атты тазысы бар. 2 жас­тан жаңа асқан оның тағдыры үшін иесі алаңдаулы. Серікқали ауылдағы тұқымы асыл иттердің көпшілігі ит атушылардың қолынан мертікті дегенді айтады. Ауыл іші болғасын, тазы итті қалай байлап қоюға болатынын түсінбейді. «Атып тастағаннан кейін барсаң, байлап қоймаған өзіңнен көр дейді. Ескертіп те айтпайды, жер жастандырып кетеді», – деп ренішін білдірді.
Бүгінгі күні тазы асырау ісі кенжелеп келе жатқаны жасырын емес. Басқа иттерден қай жағынан болса да, оқ бойы озық тұратын ақылды тіршілік иесінің қазаққа тигізген еңбегі орасан. Халық жеті қазынасының біріне теңейтіні де сондықтан болса керек. Иттің бұл тұқымын бар жан-тәнімен жақсы көретін жандармен қатар тазы баптауды бос әурешілік дейтіндердің де бары қандай өкінішті!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

26 ақпан 2019 ж. 4 671 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930