Жүйелі жұмыс – жемісін береді
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев әдеттегідей Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрді.
Таңертеңгілік аудан басшысы алдымен 5 квартал аймағындағы №276 мектеп орналасқан аумаққа барып, оқушылардың сабаққа қатынайтын жолдарын көрді.
Оқу ордасы шет аймақта орналасқандықтан жауын-шашын жауған кезде оқушылардың мектепке қатынауы қиындап кетеді. Сондықтан аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов пен кент әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа мектепке баратын Қорқыт ата және М.Дулатов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салуға жоба-сметалық құжаттарын дайындауға тапсырма берді.
Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Жеңіс» саябағында ұйымдастырылған сенбілік жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы бүгінгі атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, ендігі сенбілікте талдарды балақтап, түптерін әктеу қажеттігін айтты.
Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров саябақтың іші мекеме қызметкерлеріне бөлініп берілгендігін айтты. Әрбір мекеме өздеріне бекітілген аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді. Сенбілік жұмыстарына ерікті жастар да белсене қатысып, өз үлестерін қосты.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сенбілік жұмыстарынан соң Қазалы қаласына жол тартып, 10 көшені асфальттау жұмыстарымен танысты. Аудан басшысына мердігер мекеменің жауапты қызметкері бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.
Қазіргі таңда асфальтталған 9 көшенің жиегіне қиыршық тастар төселуде. Тек С.Мұқанов көшесі мен бірнеше көшелердің қиылысын асфальттау жұмыстары қалған.
Одан бөлек, кейбір қысқартылған жұмыс көлемінен артылған қаржының есебінен Ы.Жақаев, Қодасов, Қосаев, Жанұзақов көшелері мен Аманкелді тұйығы асфальтталатын болады.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала мамандары мен мердігер мекеменің жауапты қызметкеріне орын алған кейбір кемшіліктерді жойып, асфальттау жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырды.
Мердігер мекеме «Кочевник» ЖШС-ның учаске бастығы Мейірбек Махантаев асфальттау жұмыстары 16 қыркүйекке дейін толық аяқталатынын жеткізді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат