Ауылдағы ағайын, сайлауға бар

Шілде айының бесінен бастап Ғ.Мұратбаев ауылдық округі бойынша 926, Қарашеңгелден 961, Өркендеу ауылынан 787 сайлаушының тізімі жасақталып, учаскелік сайлау комиссияларына берілгені белгілі. 10 шілдеден бастап осы округтер бойынша сайлаушылар учаскелік сайлау комиссиясына барып, өзінің тізімде бар-жоғын білуіне болады. Осы айдың 15-інен бастап аталған округтер бойынша сайлаудың өтетін орны мен уақыты көрсетілген шақыру қағаздары сайлаушыларға таратыла бастады. Сол мезетте кандидаттар партияның бағдарламасын ел-жұртқа насихаттау үшін көше аралап кетті.
Аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Қази Иманбаев аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің сайлауында дауыс беруді ұйымдастыру және өткізу кезінде COVID-19 коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі барлық шаралар жүзеге асырылатынын айтты. Қазіргі таңда аталған округтердегі барлық комиссия мүшелеріне қажетті қорғаныш құралдары (маска, халат, қорғаныш бетперде, қолғап, антисепктиктер) таратылып берілген. Дауыс беруге келген сайлаушылар арасында санитарлық талаптар сақталып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан бір реттік маска және қаламсаппен қамтамасыз етілетіні де алдын ала мәлімделді.
Айта кетейік, бюллетеньдегі кандидаттардың ешбірін ұнатпаған сайлаушы бұрынғыдай сайлау қағазын бүлдірмесе болады. Өйткені аталған науқан барысында сайлау бюллетенінде «кандидаттардың барлығына қарсымын» бағаны енгізіліп отыр. Ауыл тұрғындарының басым дауысына ие болған сайлау жеңімпазы енді құр уәде де бере алмайды. Өйткені оның сұрауын халық жүзеге асыратыны белгілі.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ