Жүйені өзгертетін жоба
Биыл ел тарихында алғаш рет ауылдық округ әкімдерін тікелей әдіспен сайлауға мүмкіндік туды. Алғаш Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында маңыз берілген ауылдық округ басшыларын сайлау оң нәтиже береді деп күтілуде. Ел үшін болашаққа жол ашар жаңа бастамаларға мүмкіндік туғызып отырған саяси шараға әзірлік қазір елімізде өз деңгейінде жүзеге асырылуда.
Бүгінде Қазалы аудандық сайлау комиссиясының Ғ.Мұратбаев, Қарашеңгел, Өркендеу ауылдық округтері әкімдерін сайлау жөніндегі шекарасында сайлау округтері құрылған. Аудандық сайлау комиссиясының қаулысымен биыл 25 шілдеге бұл ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспары бекітуге негіз болған.
Қазалы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Жөлекешовтің айтуынша, 2021 жылғы 26 маусымнан бастап әкімдікке өзін-өзі әкім кандидаттығына ұсынушылар келіп, тіркеле бастаған. Сонымен бірге саяси партиялар мүшелерін үміткерлер қатарына қосты. Оның ішінде “Nur “Otan” партиясының Қазалы аудандық филиалы Ғ.Мұратбаев ауылына, Өркендеу ауылдық округіне екі кандидаттан, Қарашеңгел ауылдық окугі әкіміне “Ауыл” ХДПП мен “Ақжол” партиясы бір үміткерден, жалпы төрт азамат ұсынылған. Ал ауыл әкімі лауазымына өзін өзі ұсынғандар саны алтау. Нақтырақ айтсақ, әр ауылдық округке екі азаматтан өтініш білдірген.
Қазалы ауданының ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарына сәйкес, 2021 жылдың 9 шілде күні сағат 18:00-де кандидаттарды ұсыну тоқтатылған. Қазіргі таңда Қазалы ауданы бойынша Ғ.Мұратбаев ауылдық округі әкіміне үш, Қарашеңгел ауылдық округі әкіміне төрт, Өркендеу ауылдық округі әкіміне үш, барлығы 10 кандидат лайықты деп танылып отыр.
ҚР Мемлекеттік Қызмет Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бүгінгі таңға 9 канидаттың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келетіндігі туралы қорытынды берген. Әділхан Оңдасынұлы: «Тиісті Заң талаптарына сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір проценті дауысымен қолдау табуға тиіс. Бүгінгі таңда өзін-өзі ұсынған алты кандидаттың бесеуінің сайлау округі бойынша сайлаушылардың 1 процент қолдауын жинақтап, аудандық полиция бөліміндегі паспорт қызметінде жеке мәліметтердің растығы тексерілуде», – деді. Осы тұста ауылдық округ әкіміне кандидаттарды тіркеу Күнтізбелік жоспарға сәйкес 2021 жылдың 14 шілде күні сағат 18:00-де аяқталып, 15 шілдеден бастап үгіт жұмыстары басталатынын айта кеткен жөн.
Ауыл әкімдерін халық қалауымен сайлау ісі биыл пилоттық жоба ретінде тәжірибеге енгізілуде. Бұл ел арасында іскерлігімен көзге түсіп, халық ілтипатына ие жандардың нағыз істе сыналар сәті десек жарасады. Бұдан кейін көпшілік дауысымен әкім атанған азамат қоғамның дамуына білек сыбана кірісетініне сенім мол. Егер жоба жергілікті экономикалық, әлеуметтік мәселелерді одан әрі жетілдіруге көмектесер болса, алдағы уақытта облыстық, республикалық маңызы бар қала әкімдері де халықтың қалауымен ғана тиісті лауазымға ие бола алады.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат