Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүйкені жұқартқан жұмыссыздық

Жүйкені жұқартқан жұмыссыздық

Адамзаттың ойлау қабілеті ұжымдық деңгейге жетіп, ортақ мүддеге ұмтылуға үйренгелі бері жұмыссыздық деген мәселе пайда болды. Белгілі бір мемлекеттің демографиялық өсімі артқан сайын экономиканы да соғұрлым жетілдіру, өндіріс ошақтарын кеңейту кезек күттірмейтін іске айналды. Дегенмен мұндай балансты сақтау ХХІ ғасырдың ең озық мемлекеттері үшін де оңай тірлік емесін көріп отырмыз. Мәселен, экономикасы ең озық ел саналатын Оңтүстік Кореяның ұлтарақтай жеріндегі еңбек қажеттілігін 51 миллион кәріс қанағаттандыра алмай отыр. Қазіргі таңда 9 мыңға жуық қазақстандық сонда жүр. Жетіскеннен емес. Өз еліндегі жұмыссыздық пен жалақының аздығы тәуекелге итермелеген. Жасыратыны жоқ, Қазақстандағы жұмыс орнының саны халық санының жартысына жете алмай келе жатқанына 30 жыл толады.

Елде «еріншек» көп пе?
Ел билігінің посткеңестік республикамен тығыз қарым-қатынаста екені белгілі. Содан да болар боданда болған елдер экономикалық артықшылыққа ұмтылатыны рас. Егер осы ортада Орта Азия мемлекеттерімен додаға түсер болса, Қазақстан көш бастары анық. Өйткені ресми мәлімет бойынша соңғы бес жыл ішінде Қазақстандағы жұмыссыздық көрсеткіші 5,2 проценттен аспаған. Жалпы еңбекке қабілетті халықтың көп бөлігінің екі қолына бір күрек табылған жылы амалсыз «еріншек» атанғандар үлесі 4,8 процентке дейін төмендепті. Сарапшылар бұл көрсеткіштің басым бөлігін жалақының аздығына шағымданғандар немесе қолға «папка» ұстап жүргісі келетіндер құрап отырғанын мысалға келтіреді.
Бәрінен бұрын елде жұмыссыздық деңгейі қалай есептелетініне назар аударған жөн. Қазақстандықтардың басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына кіреді. Олардың қызметі мен кірістерінің сипаты мүлдем өзгеше. Өйткені республикада жалпы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін компания иелері, жалақы алмайтын жұмысшылар мен кәсіпкерлік есепті «нөлмен» жабатын іскерлер саны шексіз. Тағы бір шикілік жұмыспен қамту орталығына немесе «электронды үкімет» порталы арқылы жұмысқа орналасуға көмек сұрауға келгенде анық байқалады. Қызығы сол, еңбекке қабілетті жастағы адамдардың көпшілігі ғаламтордағы жарнамалар мен таныстар арқылы жұмыс іздеуді жөн көреді. Әлеуметтанушы, әлемдік экономика және саясат институтының эксперті Айман Жүсіпова жұмыс табудың «кеңестік» нұсқасына жүгінетіндердің үлесі 40 проценттік басымдылыққа ие екенін айтып отыр.
– Қазақстандағы жұмыссыздықты шешуге бағытталған мемлекеттік саясат жұрттың әлеуметтік жағдайы мен топтарына ­байланысты құрылуы маңызды. Жас, денсаулық, білімі тұрғысынан жан-жақты зерделенуі тиіс. Сонымен бірге, тиімділігі дәлелденген ұтымды шараларды қабылдау керек. Олардың қатарына әлеуметтік серіктестік механизмін пайдалану, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтылуын ынталандыру, шағын кәсіпкерлікті қолдау, кадрларды қайта даярлау, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, бос жұмыс орындарына квоталар беру, жұмыс берушілерге экономикалық қолдау, жұмыспен қамтудың икемді түрлерін қолдану жатады. Халықты, еңбек нарығын ақпараттық қолдау, жұмыспен қамту саласындағы компанияларға да айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылуы шарт, – дейді ол.
Халықты еңбекке тарту ісіндегі қиындықпен Үкімет жылдар бойы айналысып келеді. Бірнеше жыл бұрын Оңтүстік аймақтардағы жұртты солтүстікке көшіру арқылы түйінді тарқатпақ болғаны рас. Бірақ мұның насихаты мен шынай бейнесі екі бөлек болды. Ақырында салқын өлкеге көшіп барғандар қайта туған жеріне оралды. Десек те жыл өткен сайын жұмыс іздеп, ірі қалаларға ағылған жастар саны өсім алып келеді. Бірақ бәріне бірдей жұмыс табыла кетпейтіні анық. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қапалы. Оның айтуынша, ел жастарының шамамен 40 проценті жұмысқа орналасуда көп бейнет көреді. Мемлекет басшысы Ғани ізбасарларының жартысынан астамы кәсіпкерлікпен айналысқысы келмейтінін де өкінішпен мәлімдегенін білеміз. Мұндай мәселе ұшқыны Қазалы ауданында да көрініс табуда.
Қазалыда жұмыспен қамту жайы қалай?
Қазалы ауданында жұмыссыздар есебі екі әдіспен есептеледі. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентті құраса, ресми мәлімет 3,8-ді көрсетеді. Жұмыспен қамту орталығындағылар солай деп отыр. Бұдан бұрын жыл басынан бері 2434 адам аталған орталыққа хабарласып, оның 276-сының жолы болған. Дегенмен тек 159 адамға тұрақты жұмыс екені айтылған. Ауданда жұмыс іздеп сабылғандардың басқа аймақтардағы адамдардан айырмашылығы жоқ. Бірақ бұл тиісті сала мамандары құр қол қарап отыр деген сөз емес.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 2021 жылдың қыркүйегінен бастап 150 адамды оқыту жоспарланған. Көзделген нәрсе орындалатынын еске сала кетейік. Ал 125 адамды 6 ай қысқа мерзімді қайта даярлау курсынан өткізуге республикалық бюджеттен қомақты қаржы қаралып отыр.
Жұрт жақсылығын көріп келе жатқан бағдарламаның екінші бағыты «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жағынан 100 адамға несие берілуде. Қазір оның 25-і 100 миллион теңгеге жуық қаржы иемденген. Қуаныштысы, соның арқасында тағы 25 адамның қос қолына күрек берілді. Бұдан бөлек жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 500 талапкердің қолына 583400 теңгеден қаржы ұстатқан. Жай бере салмайды. Алдымен оқытып, бизнес-ілім меңгертеді. Қазір сондай 190 жаңа кәсіпкер арман-мақсаты жолындағы алғашқы қадамын жасап үлгерді.
Жоба туралы сөз қозғағанда, жобаның үшінші бағыты «халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу ісін ұмытуға болмайды. Биыл әлеуметтік жұмыс орнындағы 50 азаматтың жалақысы субсидияланған. Бәрін айт та, бірін айт, 22 сәуірге дейін 46 адам әлеуметтік жұмыстарға тартылып, 1 адам тұрақты қызметкер ретінде орналасқан.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының берген деректеріне сүйенсек, кеңсеге 29 жасқа дейінгі 305 жұмыссыз жас келіп жолыққан. Мамандығы сәйкес келді ме, әлде жолы бола кетті ме, соның 41-інің сұранысы қанағаттандырылған деседі. Қалғаны жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс сияқты тірліктерге жіберілді. Ақылы қоғамдық жұмыс дегенде ойға оралады, биыл 425 азаматтың жалақысы республикалық, 248 адамның айлығы жергілікті бюджеттен қаралып, 700 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданған. Бір қызығы, топырлаған топтың ішіндегі 2 азамат қана тұрақты жұмысқа кірген. Мұның аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп көрсететіні айдан анық. Әрі-беріден соң «ауруын жасырғанның» белгісі байқалады. Оның машақатын 42500 теңге жалақы алып, отбасын асырап отырған жұмысшылар көріп отыр.

Қоғамдық қызметкер – қанағатшыл
Қазалыда 2400-ден астам азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелгенін айттық. Бұдан жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмысқа тартылғандарды, кәсіп ашып кеткен тұрғындарды шегеріп тастайық. Мұның бәрі жүз адамның айналасын құрайды. Демек, ақылы қоғамдық негізде жұмыссыздар қатарынан алынған 700 азамат жалпы көрсеткіштің үштен бірін алып тұр деген сөз. Өткен жылдың екінші жартысында елдегі орташа жалақы мөлшері 212 мың теңге болып бекітілгенін есепке алсақ, қалыпты өмір сүру үшін қажетті қаржы қандай болуы керегін түсінеміз. Бірақ жүздеген қазалылықтың қолына тиетін 38 мың теңгеге қалай өмір сүріп жатқанын билік басындағылар біле бермейді. Білсе де шарасыз кейіп танытады. Әсіресе сұраныстағы мамандық иелерінің жоғары дипломы бола тұра мардымсыз жалақыға жұмыс істеуге мәжбүрлігі көңілге кірбің ұялатады. Мәселен, үш ай бұрын ақылы қоғамдық негізде жұмысқа орналасқан Арай есімді бойжеткен жоғары білімі болса да жұмыссыз жүргеніне қапалы.
– Жұмыссыз ретінде тіркелгеніме бірнеше жыл болды. Мамандығым – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Сұраныстағы маман иесі болсам да білім ордасынан орын босады дегенді естімедім. Содан кейін амалсыз табыс табу үшін түрлі ұйымдарда жүрдім. Қазір ақылы қоғамдық негіздегі қызметкермін. Жұмысымның барына шүкір етімін. Бірақ ең төменгі жалақы мөлшерінің өзі толықтай қолға тимейтіні онсыз да қиын күнкөрістің бояуын қоюлатып жібереді. Оның үстіне айлығы жолақысы мен тамағынан артылмайтын маманның таңнан кешке дейін бір орында отырып, қосымша табыс таба алмайтыны бар. Әлі де болса мамандығым бойынша жұмысқа орналасатынымнан үміттімін. Қазір күтуден басқа амал көріп тұрғаным жоқ, – дейді ол.
Дәл қазір жұмыста жүрген жеті жүз қызметкердің ойлағаны осы екеніне дауласуға болады. Ел арасында соңғы кездері «Қоғамдық қызметкер – қанағатшыл» деген жаңа тәмсіл пайда болғаны да ащы күлкі келтіреді.

Қарттар қызмет қимай жүр
Мектеп оқып жүрген кезімізде зейнет жасына жетсе де сабақ беріп жүрген ұстаздарды жиі байқайтынбыз. Бірақ бұл теріс әрекетке бағаланбайтын. Ол кезде маман тапшы, білікті мұғалім саусақпен санарлық еді. Кейін заман ағынынан адаспай, заң шеңберінен шықпай тиісті министрлік тәлімгерлік институтын қалыптастырды. Яки зейнет жасына жақындаған үздік мұғалімдер ізінен ерген жас ұстаздарға арнайы уақыт бөледі. Мұнысы үшін тиісті үстемеақсын да алады. Жас мамандар бір жолға түскеннен кейін зейнет жасынан аспай, тәлімгерлер бейнеттің зейнетін көруге бара береді. Мәселе осылай шешімін тапты. Бірақ басқа салаларда қуаты қайтқан қарттар қызметінен айырылмай отырғаны қоғамда жиі сөз болып жүр. Жұмыссыз жастардың обалын оларға артуға болмас. Дегенмен еңбек кодексі қатаң ескеріліп, буын алмасып отырса, жастардың жұмыссыздығы мұндай деңгейге жетпес пе еді деген ой әркімді де мазалайтыны сөзсіз.
Дәл қазір ауданда жиырмадан асатын зейнеткер бұрынғы жұмыс орындарында қызмет етуді. Бюджеттік мекемелер бойынша жыл аяғына дейін 41 маман жасына ­байланысты қызметтен босатылуы тиіс. Бұған басқа дербес мекемелер мен серіктестік қызметкерін қоссақ аталған цифр бірнеше есеге өсім алуы мүмкін. Ауданда қарттыққа жетсе де лауазымынан айырылғысы келмей отырған басшылар бар. Олардың атын атап, түсін түстеу жастарға тән емес. Бірақ бірнеше дипломды қатар алып, жастық жалында тұрған азаматтарға зейнеткерлердің орын босатпауы қиындықтар легін тудырып отырғанын жасыра алмаймыз.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
27 сәуір 2021 ж. 1 041 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031