Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлыс дәмі

Ұлыс дәмі

Әрбір үйде Ұлыстың ұлы күні жақындағанда келер жылғы тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы ретінде дастарқанға ұлттық тағамдармен қоса міндетті түрде Наурыз көже қойылады. Ата-бабалардың айтуы бойынша бұл кезде Наурыздың басты асын тойып ішкен адам жыл бойы молшылықта болады. Ал Наурыз көжеге қосылатын жеті дәм молшылық, берекелік, ауызбіршілік пен кемеңгерліктің белгісі ретінде қабылданады.
“Наурыз” мейрамының негізгі ерекшелігі – ренжіген адамдарды кешіріп, өзінің туған-туысқандары мен жақындарына және айналасындағыларға барынша мейірімділік танытуы. Егер жеті үйден Наурыз көже ішіп шықса, жаңа жыл ол адам үшін сәтті болады деген сенім бар. Біз осындай үрдісті 30 жылдан бері үзбей келе жатқан Дәрменовтер отбасында болдық. Қанбибі Дәрменова биыл 94 жасқа келеді. Кейуананың келіні Айгүл жылда ағайын-туыстың басын қосып, ұлттық асты дайындайды, үлкендерден бата алады.
– Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толмақ. Мен де егемендікке қол жеткізген тұста осы киелі шаңырақтың табалдырығын келін ретінде аттадым. Содан бері жыл сайын Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Наурыз көже жасаймын. Оның құрамына сүрленген қазыны асып қосамын. Су, тұз, ағарған құйып, түрлі дән мен мейіз саламын. Әзір болған асты әулеттің жақындарыммен қоса көршілерге таратып беремін.
Қазір жүз жасқа таяған енемнен бүгінге дейін көпті үйрендім. Ол кез келген уақытта тәтті пісіріп, дастарқан жайып, қонақ күту отбасының бұлжымас үрдісі деп айтып жүреді. Әркез риза болып, ақ батасын береді. Әр күні ел тыныштығын, халықтың тоқтығы мен ағайынның амандығын тілейді, – дейді Айгүл.
Бір ғасырға жуықтаған Қанбибі әжей жоқшылық пен аштықты бастан өткерген. Бүгінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды көргеніне тәубе етеді. Өзін тың ұстайтын кейуана соңғы кездері ғана жанары әлсірегендіктен Құдайыжолы мен той-томалақтарға абысын-келіндерімен еріп баруға мәжбүр. Кешегі күнге дейін далаға өзі шығып, газеттерді үзбей оқыған өте сауатты жан. Оның айтуынша, Едіге Кішкенеев туған қайнысы. Бұрынғылардың тәртібі бойынша жақын-жуықтың атын атамаған. Ал қайнысы жеңгесін талай сынаққа алып оның тапқырлығына риза болған.
– Бір күні қолым тимей шарауаларымды жасап отырсам жаныма жүгіріп келіп, қолыма газетті ұстата қойды да: “мына мақаланы оқышы” дейді күліп (Е.Кішкенеев жайлы) сәлден соң оқимын дегеніме қарамай оқытты ғой. Асығыс судыратып оқып авторға келгенде ойланбастан “Анабала Қайнағаев” дедім. Тапқырлығыма риза болған қайным қарқылдап күліп қапсыра құшақтап алған. Кейін әңгіме қылып талай айта жүрді, – деп өткенді еске алды Қанбибі Ілияшқызы.
Қанбибі әженің салтты әлі күнге дейін ұстанатынын қайынсіңлісі Ұлмекен Кішкенеева мен абысыны Зияда да мақтанышпен қоштады.
– Жүз жасағыр жеңгеме ақжарқын тілеуімді тілеп жүремін. Алдымды ешуақытта кесе өтпеген. Әлі күнге дейін сәлем етеді. Шаңырақтағы келініне де өнегелі тәрбие берген. Ол да Қанбибідей шөбере сүйсін деп тілеймін. Ақ жеңгем қолбасындай болғанымен алтындай бағалы, – дейді жетпістен асқан ақжаулықты Ұлмекен апа.
Ас мәзірі қойылғанда үлкендер өткенді еске алып арқа-жарқа болды. Олардың айтуынша, Наурыз сөзі парсыша «ну» – «жаңа», рыз – «күн», яғни «жаңа күн» деген ұғымды білдіреді. Қазақша «Жаңа жыл», «Көктем мерекесі» «Ұлыс күн» немесе «Ұлы күн» деген мағына береді. Кейде оны «Ақ мерекесі», «Сүт мейрамы», «Төл ырысы» деп те атап жатады. Наурыз табиғаттың, Жер-Ананың, жердегі тіршіліктің мейрамы, күн мен түннің теңелетін күні. «Наурыз айында күн мен түн және Үркер жұлдызы бір сызықтың бойында тоғысып, күн мен түн, жарық пен қараңғы теңеледі» деп түсінген. Бұл кезде қаһарлы қыстың ызғары қайтып, төрт түлік төлдеп, адамдардың аузы аққа, мал көкке жайылып, жер беті көктеп, шаттық орнайды дегенді алға тартты. “Қырықтың бірі – Қыдыр” дескен олар ізгі ниетке толы бата-тілектерін жеткізді. Арнайылап Құдайы қонақ ретінде келген жас Тұрар Садуақас қарияларға ұлттық күй тартып, ризашылықтарын алды.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында Наурыз көжені қыстан арып-ашып шығатын ағзаны қалпына келтіру үшін де пайдаланған. Наурыз көжеге құрамында гемоглобині көп болғандықтан арпаны қосады. Жамбасты қазанның құты деп, көжеге міндетті түрде оның шұқыршағын, тоқшылықтың белгісі деп соғымның тобығын салған. Үйден құт, дастарқаннан тоқшылық кетпесін деген ырыммен жамбастың шұқыршағы мен тобықты қазанында асып, өз тісіне тигізген.
Жалпы елдің әр өңірінің тұрғындары ұлттық тағамды өлке үрдісі бойынша өзгеше, түрлі дәмдермен даярлайды. Ал Қанбибі әженің келіні Айгүл даярлаған көженің дәмі тіл үйіріп, бойға сергектік берді. Ендеше Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
20 наурыз 2021 ж. 2 672 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031