Көжесі дәмді Жаңылған

Біз жыл сайын наурыз көжені бірнеше қайтара жасайтын, үлкен әулеттің келіні, дастарқаны берекелі келіншек Жаңылған Құлниязованы әңгімеге тартқан едік.
– Наурыз деген тамаша мейрам, көктем келіп, көңілің жадырап, үйіңнің ішін, айналасын қысқы күл-қоқыстардан тазартып, бітеліп қалған бұлақтың көзін ашып, тал егіп, жан-жағың жаңарып, дүниеге жан бітеді. Кеңес заманында да Наурыз мейрамы деп ұрандатып айтып жатпаса да, ежелден келе жатқан мейрамды үлкендер тойлап жататын.
Анам Наурыз тойланғалы бері наурыз көже асатын. Ол қыстағы соғымнан наурыз көжеге деп бөлек ет сақтайтын. Себебі, сүрленген ет көженің дәмін тіл үйірердей ететінін айтып отыратын. Сол есімде қалыпты. Содан мен де келін боп түскеннен бері, жыл сайын Наурыз мерекесінде «Ырыс-несібеміз мол болсын!» деген ниетпен наурыз көже әзірлеймін. Әлбетте, Ұлыстың ұлы күнінде қазан толтырып, қазы-қарта салып, ет асамыз, – дейді ол. Одан әрі Жаңылған Қошқарқызы бізге өзінің наурыз көжесінің құпиясын айтты: «Мен әуелі сүрленген қазыны етімен қосып қазанға салып қайнатып, әбден пісіріп аламын. Ет піскен кезде дәнді дақылдың бірін саламын. Жүгері, бидай, арпа және сөк араластырамын. Мен өзім сүт, айран мейіз де қоспаймын. Дәмін тәтті қылып жібереді. Көженің татымына қарай тұз саламын. Наурыз көжем дәмді болып шығады».
Жаңылған жұбайы Баймұрат екеуі екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отыр. «Наурыз мейрамында қазақ дастарқанының ажарын кіргізетін ұлттық тағамдардың ішінде молшылықтың, берекенің белгісіндей наурыз көженің жөні бөлек. Сондықтан жыл сайын бір емес, бірнеше рет наурыз көже дайындап, құрметті қонақтарға ұсынамын», – дейді аудандық қазынашылық басқармасының бас маманы Жаңылған Құлниязова.
Ұлыстың ұлы күнінде наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады дейді бұрынғылар. Қалай болғанда әр үйдің қазаны оттан түспесін, тыныш, бейбіт өмір болсын деп тілейміз.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ