Сұлуға не сыйлаймыз?
Дәл осы сәтте әлеуметтік желіні аша қалсаңыз «Қылышын сүйреп, қыздар мерекесі де жетіп келді» деген қағытпа әзілді көзіңіз шалары анық. Шынында да көктем келсе сол, халықаралық әйелдер мерекесі жетіп келе қояды. Бұл әрине анамыз бен сүйген жарымызды, жақындарымыздың жүздерін жадыратуға тамаша мүмкіндік. Бірақ жоғарыда айтылған «қылыш» жігіттер қалтасының парша-паршасын шығаратынын несіне жасырайық? Жүрегінде мәрттігі, жомарттығы барлар бұған көп ойлана бермейді. Нәзікжандылардың ұнататындары да осындай азаматтар екеніне ешкім дауласа қоймас. Дегенмен жылда сыйлық алуды үрдіс еткендер «не сыйлаймыз» дегенде гүл мен сақина-сырғадан асып кете алмай жататын кездер аз емес. Біз әйелдерді қалай қуантуға болатыны жайында ізденіп көрдік.
Бұрын анам перзентханаға немесе басқа қалаға сапарлатып кетсе, біраз қиналып қалатынбыз. «Қарындарың ашып қалмасын» деп жасап кеткен бір қазан тамағы көрші балалар келгенде демде таусылатын. Кешкілік әкем бірнеше пиязды майға шыжғырып, томат пен тұз сеуіп, қазанымен ортаға қойғанда қазіргінің пиццасындай сүйсініп жеуші едік. Айтпағым, асүйдің ханшайымы болмаса, шаңырақтағы қызық та, ас ішу де арман ғой. Оны өздері де жақсы біледі. Содан да болар тіл үйірер тамақ салар ыдысқа да ерекше мән береді. Ертеректе бір ағам: «Ыдыс-аяққа қызықпайтын қыз қатын болып жарытпайды», – деген екен. Қазақстанның қай түкпірінде де ыдыстың саудасы ырысты болатынының дәлелі осында болса керек. Сондықтан бір-екі күнде солып қалатын гүлге жұмсаған қаржыны отбасы игілігі үшін, оның үстіне қылықтының қалауына жұмсаған дұрыс сияқты. Әйеліңіз қонақжай болса бұдан асқан сыйлық таба алмасыңыз анық.
Мектеп оқып жүргенде сөзі ұнаған қыздың туған күнін асыға күтетін едік. Өйткені мәрттігің мен ықыласыңды көрсететін бұдан басқа сәт туа бермейтін. Үйдің үлкендері бәліш алып жерсіз деп берген тиынды жинап, базарға жолың түссе, сыйлықтар дүкенін аралап та үлгересің. Сондайда бойы шынтақтай жұмсақ қуыршақтан басқаға ақша жетпейтінін түсініп, бірнеше жыл қатарынан бір жанды қуыршаққа қарық қылған кездер де болды. Кейін екі қолға бір күрек іліккенде ойыншықтың мәресі осы болсын дегендей өзінің бойымен бірдей қонжық сыйлағаным бар. Қазалыда арнайы жұмсақ ойыншық сататын жалғыз дүкен барын ескерсек, сырбаз жігітке осы бастан қамданған дұрыс. Бағасы біраз әбігерге түсірері анық. Бірақ сол арумен отау құратын ой болса сараңдыққа салынбаңыз. Амандық болса онымен келешек кішкентайларыңыз ойнайтын болады.
Негізі сұлулыққа қызықпайтын жігіт жоқ. Бұдан бөлек ғашықтар сөйлеу мәнеріне, тіпті әтірінің иісіне «құлағанын» көп айтады. Сондықтан сыйлық таңдарда әтірге жолай бермейміз. Бірақ аға-көкелермен әңгіме барысында бірнеше жылдан кейін алғашқы леп ұмытылатынын естідім. Мұның қаншалықты рас-өтірігі білмеймін, дегенмен жаныңда жүрген жақсының пайдаланатын әтірі жағымды болғаны артықтық етпейді. Сыйлық иесінде мұндай зат болса да, ғашығыңыздың өзіңіз ұнататын иіссуды сеуіп жүргені ұнайды. Қанша парфюмі болса да бұған арулардың өзі қарсылық танытпайтыны түсінікті.
Қазақстандық әнші, өзбек ұлтының өкілі Атхамбек Юлдашовтың бір әні ойға оралып отыр. Онда: «Ақ сүт беріп, әлпештеген анама деп, Ниет қылсам ақ орамал жабам ба деп, Ыңғайсыздық ұялайды санамда тек, Біреулерді ренжітіп алам ба деп», – деген өлең жолдары бар. Әжемнен неге олай дегенін сұрағанда: «Әйелінен бата алмайды да», – деп қысқа қайырған. Одан бергі уақытта бойын ыңғайсыздық билеген жігіттердің қатары артқаны рас. Оны кей жағдайда көріп те қаламыз. Бірақ бұл мақаланы оқып отырған азаматтар анасын қуантуды алдымен ойлайтынына кәміл сенемін. Мұндайда ананың қалағанын алып беруге және білмеген жағдайда сәнді орамал немесе күміс білезік секілді салмақты дүние сыйлаған дұрыс секілді.
Қалай болғанда да жігіттер қауымы қыздарды қуанту амалын әйтеуір табады. Шығындардан қашып, уақытша ара-қатынасты үзуге шешім қабылдайтындар да жоқ емес. Асылында сыйлық құнымен емес, шынайы көңілмен берілсе ғана үйлесімді болатынын ұмытпайық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ