Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастарға жеңілдетілген несие қажет

Жастарға жеңілдетілген несие қажет

Қазіргі таңда қазақ ұлтынан әлемді аузына қаратқан әнші, өнерпаздардың шығуы – мәдениеттің дамуынан десек артық айтқандық болмас.Бұл туралы бұрынғылар тойшыл халықтың көңілі жай, мәдениеті биік болады десе, қазіргі буын барын тойға шашатындарды сынап, ондайлар әлемдік өркениеттен қалыс қалады деп дабыл қағуда. Қалай десек те, біздікілер жоқ дегенде тағы елу жыл той тойлаудың осы қалыбын сақтайтыны анық. Себебі думансыз келін түсіру немесе қуанышты күнді жүздеген қонаққа жайылған дастарқансыз өткізу ұят саналады. Бұған әркімнің көзі жеткен болар.
Жақында қалаға көшіп кеткен бала кездегі танысым кездесіп қалып, өткен күннің естеліктерінен әңгіме қозғадық. Онымыз құлын шақтағы көрші тұрған ағалардың ауласындағы үйлену тойларына ойысты. Жұбайлардың есімі мақтамен жазылып, шарбақ төріне ілінген шағын ғана кілемнің айналысында асыр салған уақытты ойға оралттық. Солай тұрғанда досым жақында отау құратынын, бірақ қаржы жағынан қиналып жүргенін айтып қалды. Бұл қуаныш жылы жүзді банк қызметкерінің алдына барып, онадаған проценттік қарызбен ғана шешілетінін екеуміз де сөзсіз ұғып тұрмыз. Сәл кідірістен соң есіме елге танымал журналистің отау құрғысы келген жастарға 3 миллион теңге қайтарымсыз қаражат беруді биліктен сұрағаны есіме түсіп кетті.
– Азамат, осындай болғалы тұр. Мүмкін сенің тойыңа дейін ұсыныс қабылданып, заң шығып қалар. Әдетте қауесеттің арты шындыққа ұласып жататыны бар еді ғой, – дедім көңілін аулағым келіп. Ол бұл сөзімді миығынан күліп қабылдады. Сол түрімен басын шайқады да, сабырлы қалпына келді.
– Бауырым, биыл Жастар жылы деді емес пе? Өзім кәсіпкер болғасын бұл саладағы жеңілдіктер мен қолдауларға қолым оңай жетіп жүр. Оны жасыруға болмайды. Атаулы жылда көрмеген көмекті мемлекеттің кәсіпкерлікті дамыту үшін жасалып жатқан бағдарламалардан көріп отырмын. Бірақ үйлену тойы үшін қайтарымсыз қаражат бөлінеді деген ақылға сыймайды. Бұл несие төлей алмай ажырасып жүрген жұбайлардың санын азайтуы мүмкін. Бірақ экономикаға айтарлықтай пайда әкелмейді ғой.
Түптеп келгенде той жасамай-ақ, үлкендердің ақ батасымен ғана үйлене салғым келеді. Бірақ ата-әжемді білесің ғой. Осы ойымды айтып едім "астапыралласын" айтып, райымнан қайтарды. Тойға шашылатын ақшаны қанша жыл төлейтінімді, оның орнына жаңа кәсіп бастасам ұтатынымды айтып едім: "Құдай жеткереді, қайдағыны шығармай, тыныш жүр", – деді. Олардың сөзін елемейтін мен емес. Әйтпесе, – деді де қолын бір сілтеді.
Өзімнің де пікірім ескі досымдікімен үндесіп тұрса да оған керекті кеңес айта алмадым. Осындайда әңгіменің ағынын өзге арнаға бұрғың келіп, "Басқа не жаңалық?" дегеннен басқа не айтуға болады? Бірақ Азамат өз сөзін өзі жалғады.
– Дегенмен, қарап отырсаң бақытты отбасы демографиялық өсімге әкеледі. Тап осыны ойлайтындар болса жаңадан отау құрғандарға жаңағы айтқан ақшаны беруі мүмкін. Тым құрығанда кәсіпкерлік мақсатта берілетін несие сияқты жеңілдетіліп берілсе де олжа емес пе? Былайша айтқанда, отбасын құру үшін алған қарызды болмашы өсіммен ғана қайтарасың. Халық та риза, үкімет те қаржы үнемдейді. Сен журналиссің ғой, осыны неге жазбайсың? – деп сұрақты төтесінен қойды.
– Жақсы, жазамын, – дедім. Осылай әңгімені аяқтадық. Жол бойы жігіттің ұсынысын ойша талқыладым. Қолда тұрған дүние болса Жастар жылы аясында "Жас-жұбайларға жеңілдетілген несие" деген бағдарламаны іске қосып-ақ жіберер едім. Болса да өскелең ұрпақтың келешегі үшін билік қыруар қаржы жұмсап жатыр емес пе? Ал бұл жас буынның әлеуметтік жағдайын жақсартып жібермесе де тілектестігін білдіргендей болар ма еді?
Шаңырақ түтінін түзу шығарып, отбасы болып қалыптасып кету, әрине, әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа. "Үйлену – оңай, үй болу – қиын" дейтін қазақ кезінде тойдың шығынын "оңайға" санаған. Бірақ келешекті батыл жоспарлаудың орнына бір күндік той үшін миллиондап несие алатын қазіргі жас жұбайлар үшін үйлене салудың өзі анау айтқандай "жеңіл" мәселе болып тұрған жоқ. Жақында ғаламторда қызылордалық жас-жұбайлардың ажырасу саны бірнеше есеге көбейгендігі туралы ақпарат тарады. Онда "әңгімесі таусылған ғашықтардың" 80 процентін жастар құрайтыны айтылған. Бұндай күрделі мәселенің пайда болуына үсті-үстіне алынған несиенің біршама әсері болғанға ұқсайды. Демек жұбайлардың үй болуына үйленгендегі мәселе айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
19 қазан 2019 ж. 787 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 63

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 53

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 53

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930