Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Күшік – ғұмыр (Монолог әңгіме)

Күшік – ғұмыр (Монолог әңгіме)

Мен күшікпін. Шамамен осыдан үш жарым ай бұрын қаһарлы қыстың қатыгез күндерінің бірінде дүние есігін аштым. Қайда екені белгісіз, әйтеуір көзімді ашсам, қала ішіндегі көп қабатты үйлердің бірінде екенмін. Әрине ішінде емес, жертөлесінде.
Жертөленің іші төрт бөлікке бөлінген. Оның екеуі құлыптаулы. Кілтін әлдебіреулер жоғалтып алған ба білмедім, әйтеуір біраздан бері ашылмағаны сыртынан көрініп-ақ тұр. Ал, қалған екеуі біздікі. Қабырғамыз қара тас... Кейбір жерлері көгеріп кеткен. Іштің дымқылдығынан болу керек өрмекшілер де өз үйін салуды қойды. Бөлменің оң жақ қабырғасынан адамдар тесіп қойған саңылаудан кешқұрым күннің сәулесі түсіп тұрады. Бір мақтанып айтарлықтай күннің нұры емес, әйтеуір құдайға шүкір дейтіндей үзік-үзік сәуле. Көрген жарығымыз да, жұтқан ауамыз да сол тесіктен. Жалғыз ғана ел-жұртқа мақтанып көрсететін екі жазуымыз бар. Бірі-«MARS», екіншісі «I love you» деген көлік сырлайтын бояумен бе әлде ағаш бояуы­мен бе, салынған сурет. Бір білерім – адамдардың бетіне жағатыны емес. Біз ойладық бұзақы балалар салды деп. Жә, қоя салайын. Ол маңызды емес. Ең маңыздысы анамның бұл суретті қаншалықты жақсы көруінде. Анам көңілсіз келгенде өңі суық қабырғадағы үнсіз тұрған суреттерге қарап өз мұңын шағып алушы еді. Күннен-күнге өңі кетіп, бетін шаң басса да, анама жаңа жиһаздай көрінетін. Ал, ең жаманы іштің ауасы тар, сосын сасық. Оның себебі, кәріз құбырлары тесілген немесе тым көне. Оны ауыстыратын шенеулік те жоқ. Өзі келмесе де, бір-екі жұмысшы жіберсе болар еді ғой. Ай, бірақ бұған неге бас ауыртып отырмын? Шаранадай шырылдаған адамдардың жанайқайын естімеген олар, иттің үргенін елесін бе? Өздері мұнтаздай ханның сарайында тұрып жатқан соң, олардың көздеріне мұндай көрініс елестемейтін де шығар. Жә, қойдым... Аяқ астынан ит атушылар келіп құлағымнан сүйреп алып кетсе не қыламын? Байғұс анам одан сайын қайғырады ғой...
Біз осындай жерде өмір сүреміз. Біз дегенім – шешем, ағам сосын мен. Әкем тастап кеткен. Шешемнің айтуы бойынша одан кейін 12 аналық итпен көңіл көтеріпті-міс. Не деген жауыз десеңші?! Ең қызығы менің әкем бөлек те, ағамның әкесі бөлек. Ағам Төбет тұқымынан болуы керек өте ірі, түрі сұсты. Азулы тістерінен айбаты анық көрініп тұр. Біздің үйге басқа ит-мысықтарды жолатпайды. Дауысының өзі жүрек жарады. Қаншалықты қорқынышты болғанымен өзі әдемі, жүнінің түсі – әппақ, мамық, әрі қалың. Көп адамдар сыртынан қызығатын. Кейбіреулер тіпті асырап алмақшы болды. Дегенмен, менің мықты ағам ондайларға бойсұнбайды. Біледі ертең, ақша үшін басқа иттермен төбелестіріп, қызық үшін қан жоса қылатынын. Ал, ағама ондайлар ұнамайды.
Ал анам қарапайым ит. Күн-түні тамақ іздеп, көрінген жерге тұмсығын тығып, күл-қоқысты аударып шығады. Жылы жүзді адам көрсе, құйрығын бұлғақтатып, еркелеп, назарын аудармақшы болады. Жалғыз үміті – жеуге ас табу. Бірақ оны елеп жатқан адамдар жоқ. Себебі, адамдар... Адамдар – қатыгез! Шешем байғұс сонда да үмітін үзбейді ғой. «Кет жоғал!» деп жекіп, теуіп, қолына түскен затпен ұрып жатса да адамдарға азуын көрсеткен емес... Ммм, менің шешем осындай!
Өзім. Өзім жайлы айтсам есімім белгісіз. Біреулер «Ақтөс» дейді, біреулер «Ақтабан» дейді, енді бірі «Қайбар» дейді, жалпы атым көп. Ағам «Рекс» деп әзілдеп айтатыны болмаса, анам «Құтжол» деп шақырады. Өзіме осы ұнайды. Менің кемшілігім, артқы екі аяғымды аязды күні үсік шалған. Содан бері я жүрген емеспін, я жүгірген емеспін. Шешем мен ағам әкелген асты ұялмай жеп аламын. Ол үшін анам ренжіп, ағам ұрысқан емес. Кейде құдайға тәубе деймін. «Балалар үйі» секілді «күшіктер үйі» болмағанына. Егер болса, шешем мен ағам баяғыда тастап кетер ме еді? Тфу, құдай сақтасын! Екінші кемшілігім менің ұрғашы күшік болуымда. Кемшілігім емес – айыбым! Біреулер қылмыс жасап айыпты болса, біреулер күнә жасап айыпты болады. Ал, дүние есігін қыз болып ашу қандай айып? Еркек күшіктерді қажетіне жаратады да, мен секілді ұрғашылары бас сауғалап кетеді, тірі қалса егер. Сол еркек кіндіктінің бәрі ұрғашы атау­лыдан шыққанын білмейді ме, адамдар?! Тіпті өздері де сол анадан шығып, соларды әйелдікке алып отыр ғой. Сондағы әйелдің беделін өзінен төмен қойғаны қай сасқаны? Менің шешем де осы идеологияның құрбаны. Туылғанына үш күн болған, әлі уызы кеппеген шағында анасынан айырып, бас сауғалатып жіберген осы қатыгез еркектер еді. Мен осылай жертөледе ұзақ ойланатынмын. Өзіммен өзім күбірлесіп сөйлесем. Басқа не істеймін күні бойы?
Кеш жақындап қалды. Шешем мен ағам келетін уақыт болды, бірақ олар әлі жоқ. Менің қарным ашып, мазам қаша бастады. Бір кезде ағамның дауысы шықты. Мен қатты қуандым. Алдарынан жүгіріп шығып, күтіп алғым келген. Әттең, аяғым кедергі болды. Ағамның артынша анам келді. Ауызына үлкен бір нәрсе іліп алған. Қарасам қып-қызыл ет. Бүгін бір жақсылап тоятын болдық ғой деп іштей қатты қуандым. Жақыннан қарасам кішкентай бала. Адамның баласы. Иә, кәдімгі сәби.
Қорыққанымнан ба, білмедім, әйтеуір анама қалай тіл қатқанымды білмей қалдым.
– Шеше, бұл адамның баласы ғой. Мұны неге алып келдіңіз? Мен қанша аш болсам да, бұл сәбиді алып келуге тиісті емес едіңіз ғой!
– Кешір, балам! Бұл сәбиді мен ұрлап, не әдейі алғаным жоқ. Мен оны тауып алдым.
– Тауып алдым?
– Иә, әдеттегідей қоқыс жәшігін ақтарып жүріп кенеттен шырылдаған сәбиді тауып алдым. Ұзақ тұрдым әлдекімдер алып кете ме, деп. Өкінішке орай ешкім іздеп келмеді. Сосын мен жұпыны болса да жертөлеге алып келдім. Енді ол саған серік болады. Біз оған «Данияр» деп есім қойдық. Мен сол күні жаңа дос тапқаныма қуандым, бір жағынан сәби үшін жыладым..
Арада біраз уақыт өтті. Баяғы сәби ер жетті, мен де жәймен, сүйрелеңдеп жүре алатын болдым. Айтпақшы ағамды бірде адамдар құрықтап алып кетті, қазір байлап ұстауда. Оны шешем айтқан. Амал не, құтқара алмадық. Қазір отбасымызда шешем, мен, сосын Данияр үшеуіміз тұрамыз. Даниярға ес кіргелі шешем әкелген тағамды жегісі келмей, шешесін, отбасын ұзақ күтетін, жылайтын. Ал, шешем болса Данияр үшін бай-бағландардың ауласын тіміскілейтін болды. Олар дәмді асты көп қалдырып, көп ысырап жасайды екен. Күндер осылай өтіп жатты. Мен үлкен ит болдым. Данияр бес жасқа толды. Шешем бұрынғыдай емес, қартайғаны, қажығаны әжім басқан жүзінен көрініп тұр. Шешем біраз ауырып, 3-4 күн болды нәр татпағанымызға. Қайран, аяғымның болмағаны-ай. Егер жүре алсам шешемді асырайтын едім ғой. Біздің асқазанымыздың шұрылдаған дауысын анамыз естіп қойды ма, бар күш – жігерін жинап, тағы да тамақ іздеуге кетті. Ең өкініштісі, сол кеткеннен мол кетті. Ол оралмады. Біз қатты қайғырдық, қатты жыладық. Іздедік, бірақ таппадық. Түс ауа жертөлемізге қарай беттеп келе жатсақ, үйілген тамақты көрдік. Қуанғаннан жүгіріп барсақ, жанында анам жатыр. Жай жатқан жоқ, жан тәсілім еткен. Ол балаларым үшін деп жиған асының қиқымын да жемей, өзі нәр татпастан көз жұмды. Міне, анаға лайық өлім. Ананың кіршіксіз махаббатының куәсі.
Біз ештеңе жасай алмадық. Мен анамның қайтып оралмасын, енді жанымда бірге болмайтынын біліп іштей қатты қынжылдым. Ал, Данияр өз анасынан әлі күдерін үзген емес. Ол, әне, өз анасын күтіп, тар саңылаудан қысық көздерімен сығалап қарап отыр...
Қарап отыр...
Қанат ЕРПОЛАТ
08 желтоқсан 2018 ж. 4 175 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930