Жаңа жылда не өзгереді?
Жаңа жылдың басталғанына бірнеше күн ғана өтсе де елде жаңа жарлықтар мен заңдарға қол қойылып үлгерді. Аталған тәртіп қазақстандықтардың өміріне айтарлықтай өзгеріс енгізетіні анық. Өйткені өткен жылы халық арасында да, Парламент Мәжілісінде де кең талқыға түскен мәселелердің бірқатарына нүкте қойылды. Мәселен, жалпыға бірдей айлық есептік көрсеткіш 139 теңгеге өсіп, 2917 теңгеге жетті. Бұдан бөлек жәрдемақы мен зейнетақы, әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғайтылды. Ал елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңгеден өзгермеді.
Зейнетақы мен жәрдемақы
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақыны бес жыл ішінде индексациялауға 3 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалатынын айтқан. Бұл инфляциядан қорғанудың амалы екені белгілі. Сондай ақ зейнетақыны теңге құнының құлдырауынан екі процентке жоғарылату үшін жеткілікті.
2021 жылдың қаңтарынан бастап «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес зейнетақы мөлшері 7 процентке көтерілді. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшеріне 1 689 теңге қосылып, 18 524 теңгеге жетті. Ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 43 272 теңгені құрады. Демек бұған қосымша 4600 теңге қосылған.
Бірнеше жыл бойы елде әйелдердің зейнет жасына байланысты мәселе қызу талқыланып келеді. Үкімет нәзік жандылардың жұмыс істеу қауқарын жоғары бағалап, ұзақ жылдарға арналған зейнет жасын өсіру бағдарламасын қолға алды. Былтыр қазақстандық әйелдер 59,5 жаста зейнетке шықса, ендігі жылы бұл 60 жасқа көтерілді. Жоспар бойынша көп ұзамай әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу мерзімі теңесуі тиіс. Қазақстанда ер азаматтар 63 жаста зейнетке шығады.
Биылдан бастап бірінші немесе үшінші баланың туылуына берілетін бір реттік жәрдемақы 105,5 мыңнан 110,8 мың теңгеге, төртінші және одан көп балаға 175-тен 183,7 мың теңгеге дейін өсті. Көп балалы аналарға ай сайын берілетін жәрдемақы көлемінде де өзгеріс бар. Мәселен, бұдан былай төрт баласы бар аналар 46 700, бес балалылар 58 400, алты бүлдіршіні бар аналар 70 мың теңгеден сәл асатын жәрдемақы алады.
Мемлекет тағайындайтын атаулы әлеуметтік көмек төлемі өзгеріссіз қалды. Бірақ оны алатын отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыс істеуі шарт.
Жалақы жайы
2021 жылы ең төменгі жалақы мөлшері сол күйінде қалды. Соңғы рет жалақының бұл көлемі 2019 жылдың қаңтарында белгіленген. Есесіне жаңа жылдан бастап 38 мыңнан астам әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы бір жарым есеге артты. Бұл жаңалыққа, әсіресе әлеуметтік саланың негізгі персоналдары, стационарлық типтегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде жұмыс істейтін, үйде қызмет көрсетуші мамандар мен қарттарға, мүгедектерге көмек көрсететін қызметкерлер қатты қуанды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы халыққа Жолдауында мұғалімдердің жалақысын 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 пайызға көтеретіндігін мәлімдеді. Бұл үрдіс бірнеше жылға созылатынын да айта кеткен дұрыс. Сондай-ақ мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеруді тапсырды. Биыл 247 мыңнан астам ақхалаттының еңбекақысын арттыру үшін республикалық бюджеттен 222,3 млрд теңге қарастырылған.
Медицина мен білім беру ісі
Биылдан бастап жұмыс берушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жарна мөлшері өсті. Өткен жылы бұл ең төменгі айлық жалақының бір процентін құраса, енді МӘМС екі есеге дейін ұлғайды. Ал кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар мен өкілеттігі тоқтаған кәсіпкерлер ең төменгі жалақының 5 процентіне тең жарна төлеуі тиіс.
Бұдан бөлек мемлекеттік жарналар мемлекет жарналарын есептеу объектісінің 1,6 процентіне дейін өсті. 2020 жылы бұл 1,4%-ті құраған.
2021 жылдан бастап білім беру саласының басқару жүйесі өзгерді. Бұдан былай аудандық және қалалық білім бөлімдері мамандандырылған аймақтық басқармаларға есеп беріп, бағынатын болды. Қалалар мен аудандардың білім бөлімдерін басқару мен қаржыландыру да облыстық бюджетке өтті.
Зейнетақы қорындағы қаржы
2021 жылы күтілген жаңашылдықтардың бірі – тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу және оларды қаржы ұйымдарына сеніп тапсыру үшін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу. Президент Жолдауында 2021 жылы 700 мың қазақстандық өз зейнетақысының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалана алатынын айтқан болатын. Бірақ қордағы қаржыны шешудің «жеткілікті шегінен» асырып алу мүмкін болмайды. Бұл жас ерекшелігіне қарай есептеледі.
Желтоқсан айының соңында Сенат экономикалық өсімді қалпына келтіру туралы заң қабылдады. Онда зейнетақы жинақтарын тұрғын үй мен емделуге жұмсау туралы бөлімдер бар. Ел Президенті бірнеше күн бұрын аталған жарлыққа қол қойды.
Саусақ іздерін алу кейінге қалдырылды
Бұған дейін хабарланғандай 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Саусақ іздері және геномдық тіркеу туралы» заң күшіне енуі керек еді. Бұл саусақ іздері мен геномдық ақпаратты жинауды, өңдеуді және қорғауды қамтиды. Азаматтар бірер жылдан кейін жеке куәліктің орнына жеке куәлікті және шетелге шығу төлқұжатын, сондай-ақ кіріктірілген чипті қамтитын жаңа биометриялық құжаттарға көшуі мүмкін.
Алайда желтоқсан айында Ішкі істер министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен бірге Парламентке саусақ іздерін тіркеу бөлігінде заңдардың кейбір нормаларының күшіне енуін 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы ұсыныс енгізді. Ал бұл мәселе бойынша Парлемент мәлімдеме жасаған жоқ.
Жаңа заң жобасы қабылданар болса 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалардың саусақ ізі олардың келісімімен және ата-аналарының қатысуымен ғана алынады. Ал 16 жасқа толған әрбір қазақстандық саусақ іздерін тапсыруға міндеттеледі.
Ел азаматтарының саусақ іздерін алу жалпыға бірдей міндеттеледі. Одан бас тартқандарға 2 АЕК – 5834 теңге мөлшерінде айыппұл салынатыны алдын ала хабарлануда. Ішкі істер министрлігі нақтылағандай, Қазақстан азаматтарының саусақ іздері туралы ақпарат иесіздендірілетін болады. Демек мәліметтер базасында саусақ іздерінің сандық моделі және бірегей идентификатор ғана болады. Азаматтың жеке деректері, аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі мәліметтер базасына енгізілмейді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ