Желтоқсанға дейінгі наразылықтар
ХХ ғасырда қазақ халқы басынан не өткермеді? 1916 жылғы көтеріліс, 1917 жылғы аласапыран, 1918-1920 жылдардағы азаматтық текетірес, 1927 жылғы кәмпескілеу мен күштеп ұжымдастыру, 1932-1933 жылдардағы аштық, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін, 1941-1945 жылдардағы соғыс, 1954 жылы басталған тың игеру кезінде сырттан келген келімсектер есебінен, қазақ халқының өз жеріндегі үлес салмағы 1962 жылы 29 процентке құлдырады.
Бұл Н.С.Хрущевтің: «Біз орыс тілін неғұрлым тез үйренсек, коммунизмге соғұрлым тез жетеміз» деп ұрандаған кезі еді. Соның салдарынан 500 орта және 127 сегізжылдық қазақ мектептері жабылды. Қазір осыған Д.Қонаевты кінәлі деп есептеушілер бар, бірақ «Жас Алаш» газетіндегі бір оқырманның мына естелігі шындық сияқты: «Соғыс ардагерлері: «біз орыс тілін білмегендіктен, кешегі соғыста қиыншылық көрдік, біздің көрген қиыншылықты балаларымыз көрмесін, қазақ тілінің қажеті жоқ» деп жоғары жаққа арызданып, қазақ мектебін жаптыртты, сол кісілердің балалары мен немерелері орысша оқып, орысша тәрбие көргендіктен, арақ ішіп өздерінің сақалынан сүйреп сабағанын көріп кетті» деген болатын. Қазақстан Компартиясының 2-ші хатшысы болған Журин тілге қырғидай тиді. Ол «қазақ тіліндегі газет-журналдың бәрі орыс тіліндегі басылымның аудармасы болуы керек» деп, күштеп осы мәселені арнайы қарады. Сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы, қазақ жазушысы: «Егер мені аударма газеттің редакторы етіп тағайындаса, өзімді бақыттымын деп есептеймін» десе, Орталық Комитеттің үгіт-насихат жөніндегі хатшысы өз қазағымыз: «интернационалдық тәрбиенің ең дұрысы осы...» дей бергенде, Үкімет басшысы Жұмабек Тәшенов шыдай алмай: «Сендер не деп сандырақтап тұрсыңдар? интерационалдық тәрбиенің басқа жолы құрып қалып па?! Сендер ең алдымен өз халқының болашағын ойламайсыңдар ма?» деп жаны ышқынып айқай салады. Осылайша елдегі бас газет жабылмай аман қалды.
Осындай саясатқа қарсы қазақ жастары аз болса да топ құрып бірікті. «Сарыарқа» сондай топтың бірі болды. Оның мүшелері С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың студентері еді. 1973 жылы 3-ші қаңтарда Алматыдағы М.Әуезов атындағы театрының көрермендеріне үнпарақша таратады. Онда ұлттық кадр даярлауға мән берілмейтіндігі, қазақ тілінің мүшкіл халі, жастардың астанада тіркеуге тұра алмайтындығы, баспана мәселесі, т.б. айтылды. Үндеу машинкаға жазылғандықтан әшкерелей алмайды деп ойлады. Барлық жазу машинкалары КГБ есебінде тұратынын қайдан білсін, бәріде тұтқынға алынды.
Екінші «Тұлпар» тобы да, «Сарыарқаның» кебін киіп, дереу анықталды. Қазақ жұмысшы жастары ЕСЕП (елін сүйген ерлер партиясы) құрғанмен оның ғұмыры қысқа болды. Ешқандай топқа қосылмай, коммунистік жүйеге деген наразылығын үнпараққа (листовкаға) түсіріп, 1977 жылы қаңтарда Алматыдағы малдәрігерлік институттының студентеріне таратып жатқанда, кейін белгілі сазгер әрі қоғам қайраткері болған Хасен Қожахметов та тұтқындалып, екі жыл түрмеде отырып шықты. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін 1987 жылы екінші рет сотталды. СССР-дің саясатымен келіспей, жалғыз өзі Хасен ағасындай жеке күрескен Азамат Жәкібаев болды. Ол 1959 жылы ҚР Халық артисі белгілі театр және киноактер Қасым Жәкібаевтың отбасында дүниеге келді. Ауылда қазақ мектебінде оқыған ұлын әкесі, Алматыдағы жалғыз қазақ мектебінде орын болмағандықтан, орыс мектебіне беруге мәжбүр болады. Орыс тілді өзіміздің «қара орыстар» тек қазақ тілінде сөйлейтін Азаматты «ақ қарға» көргендей келеке еткесін, 8 сыныпта кешкі мектепке ауысуға мәжбүр болады. Бос уақыты көп болғасын, Азамат жасырын түрде «Америка дауысы» және «Азаттық» радиостанциясының қазақ тіліндегі хабарларын тыңдап кеңестік жүйеге деген наразылығы күшейіп, өз ойын параққа түсіріп, түнде көшеге желімдеп жатқанда қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тұтқындайды. «Мемлекетке қауіпті» деген айып тағылып, «за антисоветскую деятельность» деген баппен сотталады. 1978 жылы болған жабық сотқа әкесі мен анасы Қасым мен Нұртай Жәкібаевтар қатыстырылмады. Сот Азаматты «психикалық ауытқушылығы бар» деп Талғар қаласындағы жындыханаға жатқызады,.Жарты жылдан соң «Азамат асылып өлді, мүрддесін алып кетіндер» деген хабар жіберді.
Топтасқан наразылық 1958 жылы Теміртау қаласында болды. Қалада салынып жатқан метталургиялық комбинат СССР бойынша «екпінді құрылыс» деп жарияланып, 300 мыңдай адам шоғырланады. Адамдар палаткада өмір сүрді, тамақ тіпті ауызсу жетіспеді. Нәтижесінде 1958 жылдын 1-3 тамыз аралығында жаппай тәртіпсіздікке ұласып, дүкендер мен базарлар, асханалар тоналды. Құқық қорғау органдары атыс қаруын қолданды. Сотталғандардың арасында қазақ жастары да болды.
Тағы бір наразылық 1979 жылы Целиноград (Нұр-Сұлтан) қаласында болды. КПСС ОК-і, Целиноград, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау облыстарының аудандарын қамтитын етіп, астанасы Ерейментау қаласы қылып, неміс автономиясын құру жөнінде шешім қабылдады. Неміс автономиясын құру жөніндегі комитеттің төрағасы болып Д.Қонаевтан кейінгі екінші хатшы А.Коркинді тағайындады (ол кезде одақтас республикалардағы екінші хатшы қылып орысты тағайындайтын). Маусым айында Целиноградтағы жастар толқуына соғыс ардагерлері қосылды. Наразылыққа орден-медальдарын тағып шыққан соғыс ардагерлері жастарды милиция мен солдаттардан аман алып қалды. Бұларды Москвадағы соғыс ардагерлері де қолдауын, мемлекет қайраткері болған одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер С.Б.Ниязбаев ұйымдастырды. Неміс фашистерімен соғысқан ардагерлер: «Қазақстан бөлшектенуге тиіс емес», «Қазақстан біртұтас мемлекет!» деп ұрандатуы Кремльді өз шешімінен бас тартуға мәжбүр етті.
Сол жылдарда жастардың рухани азығы ұлттық музыка өнері болды. Шәмшінің әндері, Нұрғисаның әуендері жастардың бойына ұлттық нәр сіңірді. Ал, «Дос Мұқасан» ансамблі жастардың мақтанышына айналды. Әдебиет саласында тыйым салынған 2 кітап болды. Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» және Мұрат Әуезовтың редакциясымен шыққан «Көшпенділер мен Эстетика» кітабы еді.
Қуғындаудың зорын көрген, ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев: «Иман күшті оларда, мен жастарға сенемін» дегені шындыққа айналып, қазақ жастары 1986 жылы СССР-дің іргесін шайқатқан басты наразылығы алда еді.
Бақытжан ТҮМЕНБАЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі