Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Зұлмат жылдар жаңғырығы

Зұлмат жылдар жаңғырығы

Қазақ халқына жасалған қуғын-сүргін барысында 1937-1938 жылдары Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, О.Исаев, А.Досов сияқты марқасқалардың “ұлтшыл” деген жаламен жазаға тартылғаны белгілі. Халық ағартушылары, білім және ғылым майталмандары да қатал саясаттың салқынынан қашып құтыла алмады. А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабай, С.Сейфуллин, Б.Майлин және басқа да біртуар азаматтар ауыл шаруашылығындағы дағдарысқа, 1920-1930 жылдардағы көтеріліске, жапондық тыңшыларға қатысы бар деген желеумен түрмеге тоғытылды. Нәтижесінде 1937 жылы сотталғандардың саны 105 мың адамнан асып кетті. Ресми деректер бойынша, оның 22 мыңнан астамы билік пәрменімен мерт болды.

Мамырдың 31 күні қазалылықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Қ.Пірімов көшесінде орналасқан “Асандар көтерілісі” ескерткішінің алдында өткен жиынға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, дербес бөлім басшылары, кент, қала, ауылдық округ әкімдері мен еңбек ардагерлері қатысты. Шара басталмас бұрын Кеңес үкіметінің солақай саясатынан қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Бұдан кейін көпшілік алдына шыққан аудан басшысы Кеңес заманы үстемдік құрған жылдардағы зұлмат әрекеттер туралы сөз қозғады.

– Ардақты ағайын! Бүгін азаттық жолында жанын қиған боздақтарымызды еске алып, олардың рухына тағзым етуге бас қосып отырмыз. Оларға қандай жоғары дәрежеде құрмет көрсетсек те артық емес. Бірақ ата-бабалардың ерлігі бүгінгі күні қуанышқа ұласып, 1993 жылы елде жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң шықты. Ал 1997 жылы “Татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы” аталды.

Ұлт мақтаныштарын ұлықтау шаралары жыл сайын өз дәрежесінде өткізіліп келеді. Себебі сол арқылы өткенді саралап, бабаларды ардақтаймыз. Кейінгі ұрпақтың зердесіне ерліктің үздік үлгісі ретінде жеткіземіз.

Нәубет құрбандарына бас иіп, тағзым етеміз. Ұрпақтарына ұзақ әрі ғибратты ғұмыр тілейміз. Тарихын қастерлей отырып, келешекке нақты жоспармен бет алған тәуелсіз еліміздің ертеңі жарқын, бірлігі бекем болсын, ағайын, –
деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Жиында Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің тарих пәні мұғалімі Бақытжан Түменбаев қудалауға ұшыраған қазалылықтар жайындағы тың ақпаратты көптің назарына ұсынды.

Еске алу шарасы бүлдіршіндердің өнер көрсетуімен жалғасты. Бір топ бала саяси құрбандарға арналған өлең оқыды. Ұлттық құндылық, патриоттық сарындағы ән шырқалып, театрланған қойылым көрсетілді.

Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
01 маусым 2019 ж. 1 586 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930