Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал шаруашылығына маңыз беріледі

Мал шаруашылығына маңыз беріледі

Ауданда сүтті мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Оның үстіне аудан әкімдігі ғылым мен өндірістің интеграциясы бағытында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдарымен бірлесіп, отандық өнімді дамыту, қолдау және жарнамалау мақсатында қойын-қолтық жұмыс жасауды жалғастыруда.
Соған сәйкес бейсенбі күні аудан әкімдігінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғалымдарының «Сүтті мал шаруашылығы» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Б.Жарылқап сөз алып, алдымен алыстан ат терлетіп келген бір топ ғалымдарды таныстырды. Онда Қазақ ұлттық аграрлық уиверситетінің акушерлік, хирургия және өсіп-өну биотехнологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Есенғали Үсенбеков, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Серғалы Мырзақұлов, Ләйла Базанова атындағы «Физология, морфология және биохимия кафедрасының» профессоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қайрат Исхан, акушерлік, хирургия және өсіп-өну биотехнологиясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD дәрігер Жанат Бименова, биологиялық қауіпсіздік кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Сымбат Усманғалиева болды. Сондай-ақ басқосуға облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Дәрмағанбетов те қатысты.
Ғалымдар арасынан алғаш сөз алған Ләйла Базанова атындағы «Физология, морфология және биохимия кафедрасының» профессоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Қайрат Исхан, өнімді жылқы шаруашылығына селекциялық-асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу жайын баяндап берді. Ашық әңгіме өрбітіп, қатысушыларға мал шаруашылығындағы тиімді жолдарды ұсынды.
Одан соң биологиялық қауіпсіздік кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Сымбат Усмангалиева жылқы парааскаридрозын балау және емдеу шараларын шаруашылық жағдайында жүргізуді тілге тиек етті.
Сонымен қатар акушерлік, хирургия және өсіп-өну биотехнологиясы кафедрасының меңгерушісі профессор Есенғали Үсенбеков сүтті бағыттағы сиырларды қолдан ұрықтандыру туралы айтып берді.
Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Дәрмағанбетов аймақтағы мал шаруашылығын өркендетудегі атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар мен оң шешімін тапқан шаруаларды ­баяндады.
Семинарға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселеге қатысты ғалымдарға көкейде жүрген сауалдарын қойып, пікір алмасты. Соның ішінде жергілікті жерде ветеринарлардың жеткіліксіздігі мәселесі ортаға салынды. Мұның назарға алынғанын айтқан ғалымдар, алдағы күндері оң шешім табатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, шара соңында қатысушыларға арнайы сертификат табысталды.
А.БАҚЫТҰЛЫ
07 қараша 2020 ж. 593 0

Тиісіп қоймады ғой

15 сәуір 2024 ж. 83

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930