"Бақытты отбасы" жобасы аясында семинар кеңес өтті
Қазалыда «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында балалардың құқығын қорғау жөніндегі облыстық кеңестің көшпелі отырысы өтті.
Семинар кеңеске облыстық мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Райкүл Байназарова, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Абдукаримов, облыстағы денсаулық, білім, жергілікті полициядан өкілдер және барлық ауданның жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшылары қатысты.
Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Әліби Әбиев ашып, семинар-кеңестің маңыздылығына тоқталды. Мұнан соң маңызды шараға төрағалық еткен «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Райкүл Байназароваға сөз алып, «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясындағы мұндай семинардың бұған дейін Сырдария ауданында өткенін атап өтіп, баяндамашыларға сөз кезегін берді.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаев, Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров, аудандық білім бөлімінің бас маманы Қуаныш Ерімбетов, жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Махаббат Бегалиева, «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтандыру орталығының директоры Шынар Жеңсікбаева, жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев және «Арал балалары» қайырымдылық қоғамдық қорының төрайымы Құралай Исаева хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Жиын соңында ауданда «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыруға үлес қосқан бірқатар азаматтар мен тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созған жанұялар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат