Қалтқысыз қызмет – басты талап
Біздің Ата заңымызда адам мен оның өмірі бәрінен де қымбат екендігі тайға таңба басқандай атап көрсетілген. Күнделікті тұрмыста солардың қажетті мұқтаждықтарын өтеп, әл-ауқатының жақсара түсуіне әлеуметтік сала қызметкерлерінің де қосып отырған өзіндік үлестері аз емес. Бұл ретте «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қазалы ауданы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің халық игілігі жолындағы үлгілі жұмыстарын атап өткенді жөн көрдік.
Қанатын кеңге жайған кенттің Әйтеке би мен Қ.Пірімов көшесі қиылысында орын тепкен осы бір мекеме ғимаратына күні бойы келушілер қарасы көп. Аудан тұрғындары жаңадан тағайындалатын түрлі әлеуметтік төлемдер, жаңа туған нәрестеге жөргекпұл және бір жасқа дейінгі жәрдемақы алу құжаттарын әзірлеу үшін осында бас сұғады. Сонымен бірге қайтыс болған, басқа аймаққа, шетелге көшіп кеткен азаматтардың төлемін уақытылы тоқтату сияқты жұмыстар құқық қорғау, сот органдарымен тығыз байланыса белгіленген заңдылыққа сай орындалады.
Тынымсыз тірлігі халықпен тығыз байланыста өрбитін тілге тиек етілген мекемеге Тәуірбай Задашұлы Құлмұрат басшылық етеді. Ақжарқын да кішіпейіл азамат кім-кімнің де өтініш-тілегінің мүмкіндігінше жедел де кедергісіз шешілуін бақылауда ұстайды. Ұзақ жылғы еңбегіне сай «Әлеуметтік саланың үздік қызметкері» және «Азаматтарға арналған үкіметтің Құрметті қызметкері» медалін иемденген Тәуірбай ортақ шаруаға әріптестерін жұдырықтай жұмылдыра біледі. Әрқайсысының іскерлігі мен адамдық қасиетін орнымен бағалап, лайықты марапатқа ұсынуды да естен шығармайды.
Осындай мақтаулылар мен кәсіби шеберлігі шыңдалғандар қатарында бас маман Асылбек Күншығар, Қанат Қылышбаев, жетекші мамандар: Қоныс Көбегенов, Дулат Нұралиев, Рауан Шыныбаев, Жанат Нұралы, Эльмира Мәтіш, Серік Бегалиев тиянақты істері арқылы жұртшылық алғысына бөленуде.
Ұжым басшысының айтуынша, ай сайын аудан көлеміндегі 26500-дей зейнеткер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көпбалалы аналарға 1 миллиард 100 миллиондай қаржы төленеді. Ковид індетіне байланысты туындаған төтенше жағдай кезінде 25 мыңға жуық азаматтың 42 500 теңге ақшасын қолына уақытылы жеткізу қамтамасыз етілген. Жаңа жылдан бастап ел Президенті Жолдауындағы айтылған міндеттерге сәйкес республикалық бюджет пен әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін барлық әлеуметтік төлемдерді арттыруға арналған шараларды атқарудың тиімді жолдары қарастырылуда.
Мерекелік көңіл-күй жайын сұраған сауалымызға Тәуірбай Құлмұрат:
– Қалтқысыз қызмет – басты талап. Ұжымның ұйтқы болуымен еңсерілген елеулі еңбекті жоғары бағалаймын. Төл мерекеде әріптестеріме мықты денсаулық, береке-бірлік пен асқақ абырой тілеймін! – деп ақжарма пейіл білдірді.
Сахи ҚАПАР