Береке – бірлікте

«РЗА-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы жылы барлығы 4490 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде күріш 2150, сүрлемдік жүгері 800, жаздық бидай 245, арпа 190, жаңа жоңышқа 75 және 1030 гектарға ескі жоңышқа дақылдарын егіп күтімге алды.
Бірнеше жылдан бері аудан экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосып отырған серіктестікте 310 жұмысшы-қызметкер еңбек етеді. Орташа еңбекақы 50-60 мың теңге аралығында. Заманауи техникалармен жабдықталған серіктестікте қуаттылығы жоғары отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникалары жұмысшылардың еңбек көркін қыздыруына үлкен септігін тигізуде. Шаруашылықтың машина-трактор паркінде 40 МТЗ, 26 дана Т-150, 11 К-700, 43 Енисей, 3 Джон-Дир астық және 3 Джон-Дир жүгері комбайны 12 Джон-Дир тракторлары бар.
Сонымен қатар, арнайы жасақталған жер тегістеу бригадасында 10 лазерлік «Мара» тегістегіші, 10 К-701 скрепері, 1 Т-130 бульдозері, 4 эксковатор жұмыс жасайды.
Қазіргі таңда, шаруашылықта инженерлік жүйеге келтірілген жердің 2220 гектары «Мара» агрегатымен тегістеліп пайдалануға берілді. Алдағы уақытта бұл жұмысты жылына 600 га жерге жүргізуді межелеп отыр.
«Еге білсең, егін тасқа да бітеді» демекші, жердің жайын, егіннің бабын білетін диқандар дала төсінде дамылсыз тер төкті. Енді еңбектің тәтті нанын жейтін сәтте туды.
Серіктестік жұмысшылары: «Береке – адамдар арасындағы бірлікте» деген ұстанымда. Олардың айтуынша, әркім өз жұмысына жауапкершілікпен әрі жанашырлықпен қараса, еңбек нәтижелі болады. Бұндағы әрбір жан өз ісіне машықтанған. Сондықтанда болар шаруалар арасында ши шықпайды. Барлығының мұраты бір. Ол – жыл бойғы маңдай тердің жемісін шашаусыз жинап алу.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА