Өнімді жинауда іркіліс жоқ
Сары күздің соңы жиым-терімді аяқтап, шаруалардың қауырт жұмысқа кірісер шағы. Ауданның ауыл шаруашылығы саласының негізін құрайтын егін бүгінгі таңда мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, халықтың әл-ауқатын арттырудағы жетекші күшке айналуда. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нарыққа қажетті, бәсекеге қабілетті ауылшаруашылығы өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету жолға қойылған.
Үстіміздегі жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру барлығы 17 790 гектарға межеленген. Оның 6800 гектарын негізгі дақыл күріш құрап отыр.
Күріштен өнімді алу көп еңбек, мол тәжірибені талап етіп, егін егілген жерді баптай білуге тікелей байланысты. Қазірге дейін күріш жинау жұмыстары жанданып, межеленген 6480 га орылып, оның 5944 гектары бастырылды. Қоймаға 23255 тонна күріш салысы құйылып, орта өнім гектарына 39,1 центнерден айналуда.
Дақылдарды орналастыруды әзірлеу барысында егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән берілді. Жаңадан егіліп жүрген мақсары өткен жылмен салыстырғанда - 111, жаздық бидай - 155, тары - 5 гектарға ұлғайтылса, арпа дақылы 103 гектар жерге орналасқан. Бұдан басқа ауданда тұңғыш рет «Рза-Агро» ЖШС-гі мал азықтық дақылдары: 120 гектар түйе жоңышқа, 50 гектар судан шөбі, 50 гектар сорго, 5 гектар соя дақылдар егілді.
Егін өнімділігін арттыруда тыңайтқыштың маңызы зор. Осы мақсатта биылғы жылдың егісі үшін барлығы 4594 тонна минералды тыңайтқыш сатып алынған. Егінші қауым үшін бұл үлкен көмек болып отыр.
Дақылдардың өсу дәуірі барысында оңтайлы мерзім ішінде тиісті агротехникалық шараларға сай күтіп-баптау жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілген. Шаруашылықтар егілген күріш егісінің 5150 гектарын үстеп қоректендіріп, 5830 гектарына арам шөптерге қарсы химиялық өңдеу жасады.
Алқаптағы ағайын бүгінгі күнге дейін 549 гектар жаздық бидай дақылы қырманға жеткізілген. Әр гектардан орташа өнім 10,5 центнерден айналған. 103 гектар арпа дақылы да түгелімен жиылған. Жиналған 531 гектар мақсары дақылының орта өнімі 4,6 центнерді құрап отыр.
«Еңбек ету қайда бар, құралыңды сайлап» ал дегендей, терім науқанына қолда бар ауылшаруашылығы техникалары түгелдей қамтылған. Өнімділікті арттыруда шетелдік «Джон-Дир», «Магдон», «Класс» жатка, комбайындары ерекше үлес қосып отыр.
Күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан кепілді бағамен босатылатын дизель отыны бөлініп, іркіліс болған жоқ.
Осылайша молшылық маусымын дала еңбеккерлері нәтижелі қорытындалап, жаз бойы төккен тер, еткен еңбек еш қалмау мақсатында еңбегінің өнбегін көруді межелеп отыр.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ