Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бидайға орақ түсті

Бидайға орақ түсті

Биыл аудан бойынша барлығы 17 626 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның 7616 гектары дәнді, 7662 гектары мал азықтық, 108 гектары майлы және 2250 гектары картоп, көкөніс, бақша дақылдары. Негізгі дақыл – күріш 6496 гектарға егілді. Шаруашылықтар күріш егістігінің арам шөптеріне қарсы жоспарлаған 5500 гектар химиялық өңдеу жұмыстарын аяқтап, 3000 гектарға жуық жерді үстеп қоректендіріп үлгерді. Жоңышқа дақылының екінші орымы, сүрлемдік жүгеріні үстеп қоректендіру, суғару жұмыстары атқарылуда. Шаруашылықтар арасында бидай жинауға кірісіп кеткендері де бар. Бұдан бөлек, ауыспалы егістіктерде тынығатын танаптарға мелиоративтік жұмыстар – су жолдары мен қашыртқылар тазартылып, лазерлік тегістелуде. Осындай тынымсыз тіршілік барысымен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев танысты.
Аудан басшысы алдымен Ақтан батыр ауылындағы «Сыр Маржаны» серіктестігінің аэропортында болып, күріш егісіне жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу және үстеп қоректендіру жұмысымен танысты. Бұдан соң Алға ауылдық окургіне қарасты 3 гектар жеміс бағының жай-күйін білді. Қожабақы ауылындағы «Агро-Өркен» ЖШС-нің бидай дақылына алғаш орақ салу сәтіне куә болды. Дала еңбеккерлеріне науқанының басталуына орай сәттілік тілеп, табысты болуларына тілектестігін жеткізді. Егіс аралау сапары «РЗА-Агро» ЖШС-нің Ақжона ауылдық округі аумағындағы «Ақарық» учаскесіндегі егіс алқабында жалғасты.
«Баптай білсең, жер жомарт» деген қағиданы ұстанған шаруашылық басшысы Нұрлан Имандосов бұл салада тәжірибесі толысқан маман. Шаруашылықтың жандануына бар күш-жігерін салып, қаржы құйып отырған рзалықтар жаңа техникаларды сатып алуды басты кезекке қояды. Мәселен соңғы екі жылда К-700 тракторына жегілетін 7 дана лазерлік жер тегістегіш «Мара» агрегатын алып, 1200 га жерді тегістеген. Шаруашылық бұған дейінгі жылдары өз күшімен егістіктегі барлық каналдар мен қашыртқыларды қазып тазалап шыққан. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі қызметкерлерінің мәліметінше, серіктестік, үстіміздегі жылы барлығы 5048 гектар жерге егін егіп, күтімге алуда. Оның 845 гектары сүрлемдік жүгері, 2053 гектары жоңышқа, 2150 гектары күріш.
– Қазіргі таңда, шаруашылықта күріш дақылына үстеп қоректендіру, жүгері суғару және жоңышқа дақылының екінші орымы жұмыстарын жүргізуде. Жоңышқа дақылын шөпке ору барысында шетелдің соңғы үлгідегі сапалы, жоғарғы өнімді техникасын пайдалану арқылы жаңа технология бойынша ысырапсыз жинауды қолға алуда екеніне куә болдық. Айта кету қажет, шаруашылықтың машина-трактор паркі 70-80 процентке жаңаланған болса, оның басым бөлігі шетелдің озық үлгідегі жаңа техникалары, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай.
Аудан әкімі Бірліктегі «Алшын» ЖШС-дегі күріштің және Абай ауылындағы «Данияр» шаруа қожалығындағы өндірістік негізделген картоп, көкөніс, бақша дақылдарының жайын көрді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
08 шілде 2020 ж. 897 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930