Қысқы маусымға дайындық барысы тексерілді
Қызылорда облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы кезеңде күтіп ұстауға дайындық жұмыстары тексерілді. Тексеру жұмыстарына «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары, Полиция департаменті және Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысты.Тексеру барысында жолдарды қардан тазалау, көктайғақтың алдын алу, арнайы техникалардың дайындығы және қажетті материалдардың қоры назарға алынды.
Қызылорда облысы аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 822,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде М-32 «Самара – Шымкент» автомобиль жолының ұзындығы – 810,5 шақырым. Ал А-17 «Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автомобиль жолының «Қызылорда – Жезқазған» учаскесі 214 шақырымды қамтиды.
Қысқы маусымда жолдарды күтіп ұстауға жауапты «ҚАЖсервис» ЖШС Қызылорда облыстық филиалының теңгерімінде 81 бірлік арнайы техника бар. Оның 79-ы, яғни 98 пайызы қысқы жұмыстарға дайын. Қалған екі техникаға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті материалдар қоры жасақталған. Атап айтқанда, жоспарланған 7 711 тонна тұздың барлығы дайындалған. Ал 15 233 текше метр құмның 13 470 текше метрі әзірленген.
Өңірдегі 11 жылыту пунктінің барлығы да қысқы маусымға дайын. Бұл пункттер қолайсыз ауа райы кезінде жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетуге арналған.
“Жолдардың қысқы күтім сапасын бақылау жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Жыл басынан бері Ұлттық жол сапа орталығы филиалының мамандары автомобиль жолдарын күтіп ұстау жағдайын тексеру мақсатында 54 рет жолға шығып, иннертті материалдардан 24 сынама алды. Жалпы қысқа әзірлік жоспарға сай жүріп жатыр”- дейді Ұлттық сапа орталығының директоры Нұрбол Абызбаев.
Мамандар қысқы кезеңде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы техникалардың үздіксіз жұмыс істеуі, қар мен көктайғаққа қарсы материалдардың жеткілікті қоры және жол қызметтерінің жедел әрекеті маңызды екенін атап өтті.
Жалпы, жүргізілген тексеру жұмыстары өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығын бағалауға және анықталған кемшіліктерді уақытылы реттеуге бағытталған.














