Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауызсу арман болып тұр

Ауызсу арман болып тұр

Қазалы ауданында ауызсуды сатып алып, ақшадан қысылғанда “Nur Otan” партиясының аудандық филиалы кеңсесінен тасып ішетін ағайындар барын айтсақ “оған сену қиын” дерсіз. Бірақ Әйтеке би кентінің Әлкей Марғұлан көшесіндегі ондаған үйде тұратындар тіршілік көзіне осылайша қол жеткізіп отыр.
Көше тұрғындары су жүргізіп беруді сұрап бармаған жері қалмағандарын айтады. Мұндағы жұрт жыл сайын берілген уәдеге сенуден қалған. Десек те өткен жылдары көшенің жартысына кент аумағын айналып келетін “обраткадан” су кіргізіліп берілген. Оның өзі түнгі уақытта ғана тамшылап ағады. Сапасын да ешкім мақтамайды. Осындағы кейбір тұрғын кенттегі барлық құбырды айналып келген судың талапқа сай емесін білсе де амалсыз тұтынып отыр. Ә.Марғұлан көшесінің келесі бетінде тұратын Еділ есімді азамат балаларының денсаулығына алаңдап, құны 300 мыңнан әрі тұратын фильтр аппаратын сатып алуыма тура келді деп отыр.
– Басқа амалым қалмады. Сұрауы болғасын күнделікті су алып отырған үйлер кейде бергісі келмей қалады. Күн сайын ондаған литр суды дүкеннен сатып алып ішу қалтаға салмақ. Бұл жерде адам өмір сүріп жатқанын әкімдіктегілер ескерсе екен. Бұдан бөлек көшеде жарық жоқ, балалар жауынды күндері жолсыз жерде батпаққа былғанады. Ол аз десеңіз көшеміздің аты болмағандықтан, кейде жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері үйді тауып келе алмайды, – дегенді алға тартты. Ал қартайған шағында “Nur Otan”-ның ғимаратынан су тасып ішкен көпбалалы ана Дариха Әлімова бұрынғы кент әкіміне бірнеше рет жолыққанын, бірақ еш нәтиже шықпағанын айтып налиды.
– 2016 жылы осы жер учаскесін сатып алып, көшіп келдік. Ол кезде жердің астынан шығатын жалғыз калонка болды. Содан су алып іштік. Кейін ол істен шығып, ауызсу айдау мекемесінен алдық. Бірнеше жылдан кейін бұл жерден алуға рұқсат бермей қойды. Амалсыз күнделікті тұтынатын суды таксимен тасыдық. Одан қалды балаларымыз шанамен әркімнің есігін қағып, су сұрайтын. Онда да аяғандар ғана беретін. Ақырында олар суға ақша төлеп отырғасын партия ғимаратынан тасыдым. Осы тұста қиналғанда “кез келген уақытта келіп ала беріңіз” деген мекеме басшысына алғысымды білдіргім келеді.
Әкімдіктегілер құр уәдемен шығарып салады. Қыстыгүні барғанымда көктем келуін күтуді сұрады. Оған келісіп, ала жаздай солардың табалдырығын тоздырдым. Әр нәрсені сылтауратып жүргенде күз жақындады. Енді “жерге тоң қатып қалды, күн жылығасын жасап береміз” деп әбігерге түсіреді. Ең құрығанда осы жерден 150 метр қашықтықта салынып жатқан инфрақұрылымнан бізге қарай бір құдық шығарып берсе, өз қалтамыздан қаржы шығарып, үйімізге кіргізіп алушы едік. Өзім бір зейнетақымен үйдегі 15 баланы асырап отырмын. Бұдан басқа амал да жоқ, – дейді ашынған ана.
Ғалым атындағы көше тұрғындары бұл маңның тазалығына, көгалдандыруға бір адамдай атсалысады. Арық бойына тал егіп, оның күтіміне де өздері қарайды. Оразбай есімді жігіт ағасы көршілерімен бірге бірнеше күн қатарынан арық бойын тазалағандарын айтады. Бірақ ылғи еңбектері зая кететін көрінеді. Еккен талдарды мал жеп, арық бойы қоқысқа толып қалады. Бұл мәселе жайын да жауаптыларға жеткізген. Уақытша қоршау сұраған. Бірақ баяғы жартас, сол жартастың кері.
Ал аудан әкімдігінен келген өкіл бұл маң баста кәсіпкерлік мақсатқа беріліп, инфрақұрылым жұмыстарынан тыс қалғанын жеткізді. Оның айтуынша, аталған жерді сатып алған кәсіпкер кейін пайдалану мақсатын өзгертіп, қазіргі тұрғындарға сатып жіберген. Соның салдарынан бұл көшеге су жүргізу әлі күнге дейін жоспарға кіргізілмеген.
– Бұл көшеде 11 жер учаскесі орналасқан. Кәсіпкерлік мақсатқа өтіп кеткендіктен инфрақұрылым жүргізу қиындық тудырып отыр. Сонда да 2019 жылы газ желісі тартылып берілді. Тағы бес үйге ауызсу жүргіздік. Енді қалған 6 үйдің мәселесін шешу үшін зерделеу жасалды.
Аталған көшеге ауызсу тарту үшін жасанды каналдың және автомобиль жолының үстінен құбыр желісін жүргізу керек. Бұл аяқсудың ағысына немесе көлік қозғалысына кедергі келтіретіндіктен басқа баламалар іздестірілуде. Көпшілікке белгілі “Аймақаш” мөлтек ауданына инфрақұрылым жүргізілуде. Мүмкіндігінше содан ауызсу тартып беру амалдарын қарастырамыз, – дейді Жаседіл Ешепетов.
Әлкей Марғұлан көшесінің басындағы бос кеңістікте қазіргі таңда инфрақұрылым жұмысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Мұны көрген сусыз жұрт өздеріне қарай бір құбыр келсе бөріктерін аспанға атқалы тұр. Бірақ ондағы құрылыс жұмыстары аяқталғанымен жаңа қоныстанушылар келмейінше ауызсу берілмейтіні белгілі. Ақырында суға мұқтаж жұрт құрылысқа қажетті заттарды өздері алып беретіндерін, әкімдік тарапынан тек техникалық, құжаттамалық көмек берілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Ал аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Жаседіл Ешепетов қиындықты осылайша шешуге болатынын айтып, нақты шешімдер алдын ала хабарланатынын мәлімдеді.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
15 тамыз 2020 ж. 690 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 130

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930