Жаңбыр жауып, жел күшейеді: Қазақстан бойынша алдағы күндерге арналған ауа райы болжамы жарияланды

"Қазгидромет" 17–19 маусым аралығына арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде солтүстік-батыс циклонының өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады: жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді. 18–19 маусым күндері еліміздің солтүстік-батысы мен солтүстігінде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түседі.
Республиканың солтүстік-батысы мен солтүстігінде түнгі ауа температурасы 17–25 градустан 15–23 градусқа дейін, күндізгі температура 25–35 градустан 20–31 градусқа дейін төмендейді.
Елдің орталығында түнде ауа температурасы 18–25 градустан 15–22 градусқа дейін төмендейді. 17–18 маусым күндері күндіз қатты ыстық күтіледі – 35–39 градус, облыстың оңтүстігінде өте қатты ыстық – 42 градус. 19 маусымда күндізгі температура 27–32 градусқа дейін төмендейді.
Шығыста түнгі температура 12–23 градустан 17–25 градусқа дейін жоғарылайды, күндіз 27–35 градустан 35–39 градусқа дейін көтеріледі. 19 маусымда кейбір аудандарда өте қатты ыстық – 40 градус болады.
Оңтүстік-шығыста түнгі температура аздап көтеріліп, 18–23 градустан 20–25 градусқа дейін жетеді. Күндіз қатты ыстық – 35–39 градус, 18–19 маусымда кейбір аудандарда өте қатты ыстық – 42 градус болады.
Оңтүстік өңірлерде күндізгі температура 43–46 градустан 30–38 градусқа дейін төмендейді.
Еске салсақ, бұған дейін синоптиктер маусым айына арналған ауа райы болжамын жариялаған еді.