Табыстың кілтін тапқан отбасы
Ауданда кәсіптің көзін табыс тауып, тұрмысын түзеп отырған жас отбасылар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Бағдат пен Ағира. Олар ортақ кәсіпте береке барына сенеді. Сондықтан жұптарын жазбай, бір іспен шұғылданып жүр.
2022 жылы жарасым тауып, шаңырақ құрған жұп бүгінде бір баланың ата-анасы. Екеуінің де мамандығы өздері пайда тауып отырған перде тігу ісінен мүлдем алыс. Бағдат информатика пәнінің мұғалімі болса, ал Ағира медицина мамандығын меңгерген. Әйтсе де екі жас бас қосқан соң, жаңа бір қырынан көрініп, қосымша табыстың көзін табуға ниеттенеді. Жастардың айтуынша, бұл кәсіпті бастауға негізі жұмыссыздық түрткі болған. Бағдат пен Ағира аналарымен ақылдаса келе, перде тігумен айналысуға шешім қабылдайды. Жастардың қол қусырып отырмай, еңбекке араласуға асыққандары шын қуантады. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» деген осы болса керек.
Ерлі-зайыптылардың отбасылық кәсіпті бастағанына бүгінде үш жарым жылға жуықтаған. Қысқа уақыт ішінде өздерінің тұрақты тұтынушыларын да тауып үлгерген. Ал кент орталығында орналасқан "Zharkyn shtor" дүкені аудан тұрғындарының жиі бас сұғатын мекеніне айналған.
– Қазақ «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» дейді ғой. Шаңырақ көтеріп, отбасылы болған соң, мойныма үлкен жауапкершілік артылды. Сондықтан ертеңім үшін, ертерек қам жасау керек екенін ұғындым. Осылайша, отбасылық кәсіп бастауға бекіндім. Мұндай ойға келуіме анамның үлесі зор. Сөйтіп анамның мұрындық болуымен кішігірім қаражатқа өз кәсібімізді бастап кеттік. Әуелгіде 60 мың теңгеге «Janome» тігін машинасын алып, аз-аздан тапсырыстар қабылдадық. Кейіннен «Jack және bernette sublme» атты тігін машиналарын алдық. Жалпы біздің кәсіпті жеке деуге келмейді, отбасылық ортақ кәсіп десе жарасады. Кәсіп келіншегімнің атында тіркелгенімен, атауы анамның есімімен аталады. Анамның есімі – Ақжарқын, – дейді Бағдат Тұрсын.
Басында аядай жерде бастау алған кәсіп қазір тұтынушылардың талғамына сай қызмет ұсынып келеді. Аудан, ауыл-аймақты түгел қамтып, тапсырыстар қабылдайды. Тіпті сырт қаладан да сұраныс бар. Айтуларынша, Астана, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қызылорда сынды қалалардан көлемді тапсырыстар түсетін көрінеді. Тапсырыс берушінің тауарының мінсіз шығуын Ағира өз мойнына алған. Мұндағы жұмыстың бәрі ортақ болғанымен, перденің матасын таңдау, оны тігу, көркем заттармен көмкеру – соның жауапкершілігіндегі іс.
– Мен келін боп түскен сәттен енемнің үнемі тігін машинасында отыратынын көріп жүрдім. Күндегі көрініс менің де іс тігуге деген қызығушылығымды оятты. Сөйтіп енем мені тігінге үйретіп, осы кәсіпке келуіме себепкер болды. «Отбасылық кәсіп – ортақ нәсіп » демекші, тапсырыстар көп кезде жанымыздан жиі табылады. Қолы қалт еткенде анамыз перделерді өзі тіге береді, – дейді Ағира Едігеева.
Ағираның айтуынша, перделер тұтынушының сұранысына сай тігіледі. Бағасы матаның сапасына қарай бөлінеді. Тұрақты тұтынушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Тіпті кей тұрғындардың қалта жағдайын ескеріп, перденің материалына ғана ақы алып, тігу және оны құруға кететін шығындарды есепке алмайды. Ал өлшеп алу, және оны құру қызметтері тегін. Бұл да бір – маркетинг. Тұтынушыларды тартып, сұранысты арттырып, тұрақтылықты сақтауға ойлап табылған тәсіл өз жемісін беріп жатқан сыңайлы. Өйткені дүкеннен бөлек, инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшаға да жазылып, тапсырыс беріп жатқандар жетерлік.
– Шыны керек, сырт қалалардан түсетін тапсырыстардың дені «zharkyn_shtor_kazaly» instagram парақшасынан келеді. Парақшаға 2 мыңнан аса адам жазылған. Жасаған жұмыстарымызды жүйелі түрде жариялап отырамыз. Соның арқасында табысымыз еселеніп, арту үстінде, – дейді Ағира.
Отбасылық кәсіп иелері алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап жүр. Айтуларынша, қазір бір адамды жұмыспен қамтыса, кейін бірнеше жанға мүмкіндік сыйлауға ниетті.
– Кәсібіміз кеңейсе, өзіміз сияқты жастарды жұмысқа алу ойда бар. Сонымен бірге перде, жалюзи, дастарқан, той себеттерінен бөлек, қыз жасауын тігуді көздеп отырмыз, – дейді Бағдат.
«Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ» дейді қазақ. Ештеңеден қорықпай, тәуекел етіп, тынымсыз еңбек еткеннің нәтижесінде Бағдат пен Ағира ортақ кәсіптен табыс тауып отыр. Отбасылық бизнестің озық үлгісін жасап отырған жұптың бірге шығар белесі әлі алда. Бұйырса, сол күндерге куә болуды жазсын деп тіледік.
Арайлым ЖҮСІПОВА