«Әкең келе жатыр...» немесе әке әлдиі – балаға сый

«Әкелерің келе жатыр» деді анам. Жым-жыртпыз. Қабағы қатулы әкем есіктен еніп келді. Сірә, бүгінгі жұмысы ауыр өткен секілді. Жан-жағына қайырылып қарамады. Дастарқан басына отырды да жүзімізге көз тастады. «Біссімілләсін» айтып ас бастаған соң біз де үнсіз тамақтануға көштік. Үстел үстінде отырғанда теледидар мүлдем қосылмайтын. Артық әңгіме айтып, жыртың-жыртың күлу де жоқ. Үлкенінен бастап астан алдыру өшірідпен келе береді. Әрине, менің кезегім ең соңынан. Әрқайсысы бастаймын дегенше асқазанның шұрылы шыдас бермейді. Ондайда үн жоқ.
Әкемізден бастау алған дастарқан үстіндегі ас тым-тырыс өтеді. Ас қайырған соң жөнімізбен тұрып кете барамыз. Бала күнімнен есте қалған осы сөз әлі күнге дейін құлақ түбінде сақтаулы тұр. Бәрі болмаса да көбі «Әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөзден өзіне керегін ала білген. Ал бұл сөзді естімей өскен бала ше? «Әке» деген тақырып қозғалса, түрлі мәселелер де қоса шығады. Жасыратын несі бар? Қазір әкесіз бала тәрбиелеуден қорықпайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Жалғызбасты әке, алимент төлеген ана, әлсіз әкелер институты секілді түрлі тақырыптың түндігі түріле бастады. Сонда «әкенің айтқанын балғадай, ананың айтқанын малтадай» санайтын қазақ үшін расымен асқар таудың аласара бастағаны ма?
Қазақта төрдің иесі де, киесі де – әке, ата болған. Сол ата мен әкені құрметтеген халық ешкімнен кем болмаған. Әкені тек ұлағат тұтқан. Кішілерге өсиет-үлгі болған. Біздің халқымыздың бала тәрбиелеудегі ерекшеліктері күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Әкенің орны, оның отбасындағы рөлі бір төбе. Маусым айының үшінші жексенбісі – әкелер күні. Қазақстанда биыл үшінші жыл қатарынан тойланып отыр. Мерейлі мезет ерлер қауымының қадір-қасиетін арттырып, қоғамдағы әкелер институтының дамуына үлес қосуға бағытталған. Жақында қоғам белсенділері әкелер декларациясын қабылдады. Мұнда бүгінгі әкенің рөлі, отбасындағы отағасының образы анық жазылған. Ол «ХХІ ғасыр әкесі: әрекетке шақыру» деп аталады. Жаңа құжат мереке қарсаңында өткен республикалық әкелер форумында қабылданды. Кеңес биыл оныншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған әр өңірден 200-ге жуық адам қатысты. Жиын алаңында тұрмыстық тіршіліктегі түрлі түйткілдерді тарқатудың тетіктері талқыланды. Жиынға әкелермен қатар аналар да атсалысты.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда Әкелер күні 2023 жылы маусым айында Үкімет қаулысымен бекітілген. Бұл мереке жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді және ол Ана күнімен (мамыр айының екінші жексенбісі) қатар енгізілген. Бастама отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған. Әке күні алғаш рет ХХ ғасырдың басында АҚШ-та пайда болған. Бұл мерекені енгізуді алғаш ұсынған – Вашингтон штатынан Сонора Смарт Додд есімді әйел. Оның әкесі, Азаматтық соғыс ардагері, жұбайы қайтыс болғаннан кейін алты баласын жалғыз өзі тәрбиелеген. Ана күнінен шабыттанған Сонора әкелерге арналған арнайы күнді белгілеуді ұсынды. Алғашқы ресми Әкелер күні 1910 жылғы 19 маусымда Спокан қаласында өткізілді.
Кейін бұл мереке АҚШ пен басқа да елдерде кең таралды. 1972 жылы Әке күні АҚШ-та ресми мереке болып бекітіліп, маусымның үшінші жексенбісіне тұрақтады. Уақыт өте келе бұл күн Канада, Ұлыбритания, Франция, Жапония және басқа да көптеген елде тойлана бастады. Ал бізде бұл күн 2023 жылдан бастап «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға енгізіліп, ресми мереке ретінде белгіленді.
Мереке әр өңірде, аймақта, ауылдарда тойланып жүр. Әкенің орнын дәріптейтін, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін насихаттайтын түрлі шара ұйымдастырылуда. Дегенмен одан өзгеріс бар ма?
Ұлттық статистика бюросы елдегі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ерлер мен әйелдер туралы мәліметті жариялаған еді. Қазақстанда 2022 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша, 18 жасқа дейінгі балалары бар 476 мың жалғызбасты әкелер немесе аналар отбасы бар екен. Оның ішінде 423 959-ы балалы аналар отбасы, 52 мыңы – балалары бар әкелер отбасы. Мұнда әке мен ананың – жесір, ажырасқан, ешқашан үйленбеген санаты ескерілгені айтылды. Өкініштісі, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында тұр.
2024 жылы Қазақстанда 123 мыңнан астам неке тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға артық. Ал тіркелген ажырасу саны – 40,5 мың. Оның 74,4 пайызы (30,1 мың) қалада, 25,6 пайызы (10,4 мың) ауылдық жерлерде болған. Жалпы ажырасу коэффициенті – 2,01 (1000 адамға шаққанда). Некелердің тұрақтылығына келсек, ажырасулардың 35 пайызы 1-4 жыл бірге тұрған жұптар арасында орын алған. 25 пайызы 5-9 жылдық некелер, ал 8 пайызы бір жылға да жетпеген отбасылар. Бұл мәліметтер қазақстандықтардың отбасын құру үрдістері мен ажырасу деңгейі туралы маңызды деректерді көрсетеді. Сондай-ақ қазіргі замандағы қазақстандық әйелдер мен ерлерге сәйкес келмейтін қатал гендерлік рөлдердің сақталуы, некеге деген көзқарастың өзгеруі де проблемалардың қатарында. Алайда өз баласын өзектен тепкен көкек аналардың жайы, жалғызбасты әкелердің жағдайы назардан тыс қалмаса екен дейміз. Қоғам болып күш біріктіргенде назардан тысқары қалмауы да үт еткен үміт сыйлайды.
Шата бала. Анасы мен әкесі тірі тұра, тұл жетім болған сәби. Оны қойшы, тоғыз ай бойы тар құрсақта жатып, мына әлемді көруге асығып, жарық дүниені көре алмаған нәресте қаншама? Күнделікті қауырт тіршіліктен, отбасын асыраймын деп күйттеген күйбек тірліктен қоғамдағы мәселелерден бейхабармыз. Сіз де, біз де.
Иә, әке қамқорлығы мен ана мейірімінен нәр алған баладан бақытты жан жоқ шығар-ау, сірә?! Бұрындары бұл елде шаңырағын шайқалтпаған әке мен тағдырдың тауқыметіне мойымаған ана көп еді. Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген жақсы тәмсіл бар. Әке – ол әрбір істі ойлап барып бастайтын, қамқоршы жан. Анадан гөрі қатал. Әсіресе, ер баланың тәрбиесінде оның рөлі айрықша. Әкенің мінезі, өнері мен білімі – ұл баланың өнеге алатын нысанасы. «Сегіз қырлы, бір сырлы», намысшыл ер тәрбиелеу аталар арманы болған. «Әке көрген оқ жонар» деген сөз соны меңзейді. Ал қыз бала – ертеңгі келін. Барған жерінде қандай тәрбие алғаны анасынан айшықталады. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, отбасынан бастау алған тәрбие оның келешегі болмақ. Шаңыраққа ие отағасының бала-шаға деп, түздің тірлігін бірінші орынға қоятыны жасырын емес. Үйдегі күй – отанасының мойнында. Қаталдықтың артында өжеттік, қайраттың артында жігер жататынын кейбір азамат ескере бермейді. Өскелең ұрпақ толыққанды тәрбие алу үшін әке мен ана да бірдей ат салысуы қажет. Олай болмаған жағдайда ұл-қызға әке тәрбиесі жетіспей, келеңсіз жағдайлар да жиілейді. Сондықтан болар, «Алты аға бірігіп әке, болмас» дейтіні.
Иә, жүз мектеп бере алмайтын тәрбиені бойға сіңіріп, таудан биік талапты болуды үйрететін асқар тау әкенің орны дара екені сөзсіз. Әкенің баланың өміріндегі, жалпы қоғамдағы рөлі айрықша. Батылдық пен даналықтың үлгісі бола тұра, әке ұрпағын тәрбиелеуге жанын салады. Әке – баланың бірінші қорғаушысы, тәлімгері, ол жауапты, әділ және мықты болуға үйретеді. Қиындықтарды еңсеруге көмектеседі, оның қолдауы мен қамқорлығы балаларға сенімділік береді. Сондықтан әкенің балаға деген шексіз тәрбиесін басқа жан мүлдем ауыстыра алмайды. Ал алимент емес, әке әлдиін сарыға күткен сәби ше? Қымбат ойыншық, сый емес, жылулық күткен бала ше?
Байқасаңыз, айдар атауы – үт. «Үт» – үйге күннің саңлау тесіктен түсетін сәулесі. Қазақ «үт кірді» деп оны жақсылыққа балаған. Яки күн нұрының жердегі тіршілікке жасар игі әсерін бейнелейтін үлкен мәнге ие. Сондай шуақ әрбір әкесіз өскен баланың үміті секілді. Саңлаудан жарық анық түссе, баланың да әкеге деген махаббаты, сағынышы, жылуы соншалықты анық. Оны оның көз жанарынан байқайсың. Өміріне мойнсұнса да іштей бала сол үт секілді үмітімен ер жетеді. Сол үмітті ақтайықшы...
Айнұр ӘЛИ