Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеше мен бүгін жақындай түсті

Кеше мен бүгін жақындай түсті



Фото:
Қазалы ауданының әкімдігі
Күн санап ажары айшықталып келе жатқан аудан жұртшылығы өткен жылы мәдени нысан – «Руханият орталығы» ғимараттарының құрылысы басталғанына куә болды. Аймақ басшысының қолдауымен бой көтерген ғимарат бүгінде халық игілігіне берілген. Ірі мегаполистердегі көріністен бір мысқал кем түспейтін орын көріктілігімен ғана емес, атқаратын ауқымды қызметімен қуантуда.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдар біріктіріліп, типтік үлгіде пайдалануға берілген орталық жергілікті жерде бас көтереді десе, көзімен көріп, көңіліне ұялатпаған жан сенбеуі мүмкін. Құны 11 миллиард 500 миллион теңге тұратын нысанға біз де бардық.
Әр кезеңнің өзіне тән жаңашылдығы мен оң өзгерісі болады. Өмір қозғалысының бағытын тап басып тануға тарихта таңбаланған ұлттың өткені мен бүгінгі беталысына байыпты көзқарас қашан да қажет. Бұл орайда керегесін кеңге жайып келе жатқан руханиятқа деген сергек жанашырлықтың анық көрінісі.
Адамзат баласы үшін рухани құндылықтардың маңызы қашан да жоғары. Жедел технологияның өрістеп, сүзгісіз деректердің белең алған тұсында, жедел тараған ақпараттың ақ-қарасын ажырату үшін қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділік, жан дүниесінің айнасы – рухани иммунитет қалыптасуы маңызды. Бұл жағдай технологиялық - материалдық жетістіктермен бірге кемел адам болып қалыптасуға ұмтылу толыққанды біртұтас қоғамды құратынын ұғындырады. Отанын сүйетін патриот, ұлттық өресі биік парасатты азамат ұрпақ қалыптастыруды мемлекет міндет пен жауапкершілікке балауда.
«Руханият орталық» бірнеше бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа біріктіру арқылы бюджет қаражатын үнемдеуге, әкімшілік шығындарды азайтуды мақсат тұтса, екіншіден уақыт үнемдеуге таптырмас әдіс болып отыр.
Қос қабаттан тұратын нысанның жалпы ауданы да, көлемі де ауқымды. Ғимараттың қабырға тұғырының үстіндегі шығыңқы іргесінде музей және кітапхана мұрағаты, кабинеттері, анықтама бұрышы орналасқан.
Бірінші қабатта – жастар орталығы, мәжіліс залы, анаға кеңес беру бөлімшесі, зал, фойе, музей, неке, салтанат залдары, директор бөлмесі, қызметкерлер бөлмесі, тамбур, коридор және тағы басқа қосалқы орындар бар.
Жоғарғы қабаттан мәжіліс залы, балалар алаңы, оқу залы, методикалық және библиографиялық бөлімдер, қызметкерлер, қабылдау бөлмесі, фойені көруге болады.

Айналасы абаттанған жерде ашылғанына көп болмаса да кешкілік түрлі шаралар өткізіліп үлгерген.
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңына тұсауы кесілген мәдени ошақта 2 кітапхана жұмыс істейді. Олар – аудандық орталық кітапхана және аудандық балалар кітапханасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деген пікірі бар. Саналылықтың бастау– бұлaғы, биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы саналатын кітапхана ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы алтын көпір.
Кітапхананың жаңа орынға көшірілуін оқырмандар кітаптың мәдени және қоғамдық өміріндегі орасан зор рөліне лайқты құрмет деп ұғынатындықтарын жеткізді.
Мұндағы мамандар өздерінің күнделікті ізденіс, еңбегімен шектеусіз ақпарат, әлемдік мәдениет пен ғылымы құндылықтарға қанығып, білім мен сұранымға сай талаптар деңгейінен табылып жүр.
5449 тұрақты оқырамы бар аудандық орталық кітапханада кітап қоры –49 668 дана. Келушілер саны –30174, кітап берілімі – 81023.
Ал балалар кітапханасында 38 269 дана кітап бар. Оқырмандар саны – 3337, келушілер саны– 27400, кітап берілімі– 49950.
Мұнда алғаш рет оқырмандардың компьютерлік технологиялармен ақпаратты іздеу арқылы қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында 15 орындықты электронды зал пайдалануға берілген.
«Ауданымыздың әдістемелік орталығы болып табылатын мекемеде кітапханашы қызметкерлер ұдайы жаңашылдықты жандарына серік етіп, рухани құндылықты насихаттауда сүбелі үлес қосып келеді.

Әдістеме – библиографиялық бөлімі жүйе кітапханаларының жұмысын үйлестіріп, жетекшілік етуге бағытталған. Кітапханалар жұмысына талдау жасау, ауылдық филиалдарға әдістемелік көмек көрсетуде жүйелі жұмыстар атқара отырып, инновациялық қызметті басты бағыттары санайды», – дейді аудандық кітапхана меңгерушісі Индира Назарова.
Бұған дейін тозығы жеткен сызды орында құнды құжаттарды сақтауда қиындыққа тап болған аудандық мұрағат та жаңа кабинеттерде кедергісіз жұмыс істеуге мол мүмкіндік алған.
Атап айтқанда, мекемедегі тарихи маңызы бар құжаттар қойылатын орын кеңіп, заманауи сақталу талаптарына лайық жағдай жасалған.
Тарихи маңызы бар құжаттар сақталған мекеме қор жинақтау, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор құрамын зерттеп, жүйелеу, ғылым анықтамалар мен көрсеткіштер жасау, құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және жария ету қызметін атқаруда.
Мекеме қызметіне Қазақстан аумағынан бөлек шетелге көшіп кеткен азаматтар да жүгінеді екен
Бұған дейін орталықтан шеткірек орналасқан өлкетану музейі де мұнда келгелі келушілерін арттырған.
Бабалардың ғибратты ғұмырын әйгілейтін жәдігерлерді көздің қарашығындай қорғап, жас ұрпаққа таныстыруда мекеменің алар орны ерекше. Ғылыми, мәдени-тарихи орын Қазалының бірнеше кезеңдік тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін, өлке сырын ұғындырып келе жатқан рухани шырақшылар іспетті.
«Қазалыда өлкетану мұражайы бар екенінен бұған дейін бейхабар екенмін. Бірінші рет ашылуы салтанатында келсек, одан кейін немерелеріммен келгенмін. Бүгін алыстан келген туыстарымды әкеліп тұрмын. Қойылған экспонаттарға қарап, көп жағдай ойыңа оралады», – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Тұрғанбай Мұратбаев.
Ал алғашқы әсерімен 7 жасар балақай Бағлан Еркін былай бөлісті.
«Музейдің қандай болатыны туралы бұрын білмеппін. Анамның екеуіміз көп нәрселер көрдік. Киіз үйге кіргенде, өзімді батыр сияқты сезіндім. Онда батырлардың киімі, қалқан, найза, торсық, ер-тоқымы болды. Сосын соғыстағы сарбаздардың киімдері, заттары бар екен. Соғысқа қатысқан атамның да суретін көрдім. Ал тірі аңдардың қатырылған бейнесін кездестіргенде, таң қалдым. Маған ұнады. Тағы да достарыммен, бауырларыммен келемін», – дейді ол.

Жәдігерлер жанындағы QR-код арқылы келушілер планшет, смартфон, айфон секілді гаджеттердегі арнайы бағдарламаны сканерлеп, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде толық мағлұмат ала алады.
Музей залында залында аудан аумағында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған археологиялық экспедициялардың нәтижесіндегі құндылықтар, орта ғасырда сәулет өнерінде қолданған қабырға кірпіштері, тұрмыстық заттар, киіз үй мен оның жабдықтары, дәстүрлі қолөнер бұйымдары реттілілікпен қойылған. Аудан тарихына арналған Қазалыға қатысты көптеген тарихи құжаттарды, фотосуреттер, мақалаларды табуға болады. Ел Тәуелсіздігін бейнелейтін бөлігінде де мемлекеттің маңызды шежіресі шебер жинақталыпты.
Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейі тарихи-мәдени құндылығы бар жәрігерлерді жинақтау, сақтау, зерделеу, экспозициялық көрмелер, экскурсиялар, өлке тарихын насихаттау бағытында бұқаралық жұмыстарды ұйымдастырумен тұрақты айналысып келеді.
Музейдің ғылыми қызметкері Жанат Тілеуқабылдың айтуынша, музей қорында қазіргі таңда – 5057 дана экспонат есепте тұр. 3324 – экспонат негізгі, 1733 – көмекші қорға жатқызылады. Жоспарлы түрде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып өткізіледі. Музей қорын толықтыру мақсатында «Музейге сый» акциясы ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындардан тарихи құнды жәдігерлер мен құжаттар, фото суреттер жинақталып, музей қорына қабылданады.
«Тапа қонысынан табылған 100-ден астам тас, қола дәуірлеріне тән тарихи жәдігерлерді зерттеуші Аманжол Жұмабекұлы музей қорына өткізіп, құнды жәдігерлер музей келушілеріне насихатталып келеді. Сонымен қатар ортағасырлық Жанкент және Кескен–Күйік қалашықтарынан зерттеу жұмысы барысында табылған тарихи экспонаттарды археолог, зерттеушілер музей қорына өткізіп келеді», – дейді Жанат Жайлаубайқызы.


Салтанатты ашылу рәсімінде үлкен тарихи оқиға орын алған. Орталықтағы музейге Жанқожа батырдың қылышы жеткізіліп, бірнеше күн көрермендер назарына ұсынылған.
Украина жерінен табылған жәдігерді жыл басында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ардақ Назаров пен Айдарбек Қожаназаров Ұлттық музей қорына табыстаған болатын. ХІХ ғасырға жататын қарудың ұзындығы – 900 милиметр болса, қылыш жүзінің ұзындығы – 830 милиметр. Негізгі жүзінің ені – 33 милиметр, негізгі иілудегі қылыш жүзінің ені – 28 милиметр.
Ресей ғалымдары арнайы зерттеп, батырға тиесілі екенін дәлелденген. Айғақтың нақтылануына қылыштың бір бетінде төте жазумен жазылған «Созақ, 1845 жыл», ал екінші бетінде «Жанқожа Нұрмұхамедұлы баһадүрге сауғат (сыйлық)» деген жазу себепкер болған. Ғалымдар пайымдауы бойынша, болат семсерді 1845 жылы Жанқожаның Созақты қоқандықтардан азат ету кезінде Кенесары Қасымұлы сыйға тартқан.
Этносаралық қатынастар жөнінде сарапшы Гүлнұр Аханова аудандағы «Бірлік-Единица» этно қоғамдық бірлестігінің өкілдері осы шаңырақта бас қосып, ел, аумақ, аудан туралы түрлі мәселелерді талдап, іс-шаралар мен атқарылатын жұмыстар жайлы жүйелі жоспар түзетінін жеткізді. Нафиса Жұма басқаратын бірлестік жанында аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі де нәтижелі жұмысымен көрініп келеді.
Замануи, жарық орнында некесін қидырған жас жұбайларды да сөзге тарттық.
«Үлкен толқыныста тұрмыз. Жаңа өмірге басқан қадамымыз да сәтті болады деген үмітітеміз дейді», – күйеу жігіт Асылжан.
Қызылорда облысы халқының саны 2025 жылдың 1 қаңтарында 846,3 мың адам болса, оның ішінде қазалылықтардың да қомақты үлесі бар. ҚР Статистика агенттігі Қызылорда облысы бойынша статистика департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, ауданда бала туу көрсеткіші артқан. Отбасын құрушылар да ұлғайғандығы белгілі болып отыр.
«Қолжетімділік деген осы шығар. Кітапханаға келіп, музейге бара аласың. Конференция залдарындағы түрлі шараларға қатысуға мүмкіндік бар. Әсіресе ғылыммен айналысатын адам үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын қадам. Кеше мен бүгін жақындағандай күйге бөлініп отырмын», – дейді Рысжан Ахметқызы.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
17 маусым 2025 ж. 186 0

Тағылымға толы кездесу

17 маусым 2025 ж. 181

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30