Жан-жақты дайындық жүргізілуде
Жадыраған жаз айы аяқталып, қоңыр күз есік қаққалы тұр. Енді аз уақыттан соң егінжай алқабындағы бадана дәнді күріш атыздарына орақ түседі. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жайы мен молшылық маусымына әзірлік қалай? Бұл жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбайдан сұрап білдік.
Биыл аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 17508 гектар жерге орналастырылды. Оның ішінде дәнді дақылдар 7093 гектар, мал азықтық дақылдар 7551 гектар, майлы дақылдар 614 гектар, картоп, көкөніс, бақша 2250 гектарға жеткізілді. Сыр өңірінде басты дақыл саналатын күріш 6225 гектар болып отыр.
Айта кетсек, осы жылы оның көлемі бұрынғымен салыстырғанда 575 гектарға кем егілді. Есесіне суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы дәнді дақылдар 191 гектарға, майлы дақылдар мен мал азықтық дақылдар 142 гектарға ұлғайтылды.
Күтімді егін – бітімді. Іс барысында осыған жете мән берген дала еңбеккерлері дән жерге сіңірілген күннен бастап оны баптауға тыңғылықты қарады. Егінжайдағы су деңгейін бірқалыпты ұстап, агротехникалық шаралардың өз дәрежесінде жүзеге асуын бақылауда ұстады. Мезгілінде күріштіктің 4900 гектарына үстеп қоректендіру, 5550 гектарына арам шөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Қашан да адал еңбек, маңдай тер босқа кетпейді. Шаруашылықтардан алынған мәліметтерге сүйенсек, бүгіндері күріш егісінің 4545 гектары жақсы, 1525 гектары орташа, ал 155 гектары қанағаттанарлық деп бағалануда. Қазіргі таңда күріштің 2100 гектары пісу, 4125 гектары балауызды пісу дәуірінде.
Егін жинауды жедел де қысқа мерзімде аяқтап шығуда техниканың алар орны бөлек. Сондықтан да маусымдық шаруаға қатысатын құралдарды жөндеу ерте бастан қолға алынды. Соның арқасында 58 комбайн, 52 жатка, 138 трактор, 11 жүк көлігі және 49 трактор тіркемесі сақадай сай дайындық сапына қойылды. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы машина-трактор паркі 25 ауыл шаруашылығы техникасымен толықтырылды. Күріш орағына түсетін жатка мен комбайнның 18-і шетелдік жоғары өнімді, сапалы механизмдер.
Сонымен бірге қажетті қосалқы бөлшектермен, жанар және жағар майдың қосымша қорымен қамтамасыз етіледі. Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге мемлекет тарапынан кепілді бағамен босатылатын 1405 тн (шілде айына 520 тн, тамыз және қыркүйек айларына 390 тоннадан, қазан айына 105 тн) дизель отыны бөлінеді. Оған оператор болып “Нефтьтранс-Қызылорда” ЖШС белгіленіп, әр литрін 178 теңгеден жеткізеді. Бүгінге дейін 540 тонна дизель отыны таратылды.
2019 жылға егіншілік саласында мемлекеттік қолдауға байланысты субсидиялау жалғасын тауып, қазіргі таңда барлығы 152 497 315 теңге төленді. Суармалы су жеткізу қызметі мен гербицидтерге субсидия төлеу әлі де жүріп жатыр. Сондай-ақ қазан айынан бастап өңдеу кәсіпорындарына өткізілетін күрішке субсидиялау жүргізілетін болады.
Бұл күндері барлық егілген 6225 гектар күріштік суының сағасы толық байланды. 2350 гектары қашыртқыланып, орақ салуға дайындық жан-жақты жүргізілуде. Аудандағы күріш жинау науқаны жекелеген шаруашылықтарда қыркүйек айының 5 жұлдызынан, ал жаппай 10 қыркүйекте басталады деп белгіленіп отыр.
Сахи БАХИҰЛЫ