Құнды мұралар электронды жүйеге енгізілді
Бүгінде облыстық архивтегі 1 млн 600 мың қағаз құжат сандық жүйеге енгізілді. Кітапхана қорларын цифрландыру бағытында да серпін бар. Бұл – Елбасы Жолдауында айтылған міндеттердің бірі.
Озық технологиялар тарихи-рухани құндылықтарды сақтау, қаттау жұмыстарын жеңілдетіп қана қоймайды. Сондай-ақ, ол уақытты үнемдеуге жол ашты. Мәселен, XIII ғасырдағы Құран кітабын немесе XIX ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ» газетін табу үшін сөрелердің арасында сенделмейсіз. Үйде немесе жұмыс орныңызда отырып, онлайн режімде тапсырыс беруге мүмкіндік мол.
Нұржамал Мырзамұратова, облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры:
- Облыс кітапханаларында 4 590 басылым бар. Бұл – миллионға жуық бетті құрайды. Цифрлық форматқа көшірілген. Біздің облыстық кітапхананы алатын болсақ, 2 331 кітап, бұл – кітапхананың сирек кітаптар қоры. Сонымен бірге өлкетану бағытындағы әдебиеттер, облыстық, аудандық газеттер.
Сыр өңірінде осындай уақыт талабына сай бірқатар бастама қолға алынған. Тіпті, танымал тұлғалардың шығармаларын ұялы телефонға жүктеп алып оқуға болады. Ал ауылдық кітапханаларда онлайн-орталық жобасы іске қосылды. Осылайша, шалғайдағы жұрттың жедел ақпарат алу мүмкіндігі артып отыр. Мұнан бөлек облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жастарды IT технологияға баулу сабағы тегін өткізілуде.
Ақбөпе Баймбетова, ақпараттық қызмет көрсету секторының меңгерушісі:- Бізде жұмыссыз жастарға және әл-ауқаты төмен отбасыларға арналған интеллект орталығы жұмыс істейді. Бұл жерде 18 жас пен 35 жас аралығындағы жастар компьютерлік сауаттылықтарын арттырады. Бұл интеллект орталықтың мақсаты – қазіргі кездегі IT технологияларға үйрету.
Жоғарыда атап өткеніміздей, инновация игілін архив ісінен де көруге болады. Қызылордада «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша 1 млн 600 мың қағаз құжат сандық жүйеге көшірілді. Яғни, архивтегі мәліметтерге қол жеткізу ісі де уақыт талабына бейімделіп келеді.