Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық қария үйінің жанынан өзіне кітапхана салып алды

Қызылордалық қария үйінің жанынан өзіне кітапхана салып алды

Сексен жастың сеңгіріне шыққан кітапқұмар қария туған жердің тарихына қатысты талай құнды дүниелерді жинақтаған.
Қызылорда облысы Жаңақорған кентінің тұрғыны Шайдарбек Әшімов үйінің жанынан өзіне кітапхана салып алды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.
Сексен жастың сеңгіріне шыққан кітапқұмар қария Шайдарбек Әшімов көптен бері қазақ, шетел жазушыларының еңбектерін, әсіресе, туған жердің тарихына қатысты талай құнды дүниелерді жинақтаған. Оның шығармашылыққа ден қойғаны соншалық үйінің жанына өзіне лайықтап, кітапхана салып алды. Қазір барлық кітаптары, тігілген газет-журналдары сонда сақтаулы. Сонымен қатар, қария өзінің құтты мекенінде кітап оқып қана қоймай, көңілге түйгендерін, зерделеп-зерттегендерін қаламымен түртіп, қағаз бетіне түсіріп отырады. Шайдарбек ақсақал бүгінде «Атадан қалған мұралар», «Керемет тағылымы», «Құтбай», «Өмірдің өзі талас» секілді туындылардың авторы. Бұдан бөлек, «Алпамыс батыр» дастанының өзбекше нұсқасын қазақ тіліне аударып, өзін тағы бір қырынан танытты.
«Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деген мақаласында өткеннен өнеге алып, заманға бейімделу керектігін айтты. Ол үшін ең әуелі білім алу қажет. Ал білімнің қайнар көзі – кітапта. Біз – қариялар, жастарға ісімізбен, түзу сөзімізбен үлгі көрсеткеніміз жөн ғой. Балаларымыз кітаптан қол үзбесін, білімнің жолында жүрсін деп, әрі оңашада сананы сергітіп, қалам тербейін деп өзіме кітапхана салып алдым. Кітапханамда республикалық, облыстық газеттердің бірнеше жылғы сандары тігулі тұр. Қазір қажеттерін сұрыптап жатырмын», – дейді ақсақал.
Жаңақорған кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұзарап Махмутовтың айтуынша, Шайдарбек Әшімов – аймақтағы абыройлы азаматтардың бірі. Кезінде партия, кеңес жұмыстарына қызу араласып, табысты қызмет еткен.
«Шалқия кентінде поселкелік кеңес төрағасы болып та қызмет атқарып, елді мекендегі халықтың жағдайының жақсаруына зор үлес қосты. Енді мінекей, туған жердің қасиетін, тарихын терең түйсінген қазыналы қария болды. Білгені мен түйгенін жас ұрпаққа әрдайым айтып отырады. Шежіреші ақсақал кітапты, газетті өте жақсы көреді. Бәрін ұқыптылықпен жинағанына тәнтімін. Біз де арасында кітапханасына барып, кітап оқып тұрамыз я болмаса керек кітапты алып кетіп оқимыз. Кейде ақыл-кеңес сұрауға барамыз», – дейді Мұзарап Махмутов.
http://syrboyi.kz
07 желтоқсан 2017 ж. 1 516 0

Сақ патшайымы – Зарина

11 қазан 2024 ж. 80

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 141

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 145

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031