Қазгидромет ауа райына байланысты ескерту жасады
Фото: istockphoto«Қазгидромет» РМК бүгін, 6 маусымда бірқатар өңірде дауылды ескерту жариялады. Елдің 17 облысында найзағай, нөсер жаңбыр, бұршақ, қатты жел, шаңды дауыл мен аптап ыстық күтіледі.
Синоптиктердің болжамынша, Түркістан, Жетісу, Жамбыл және Алматы облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жаңбыр мен найзағай болады. Кей жерлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Батыс Қазақстан облысында күндіз қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтілсе, Солтүстік Қазақстан облысында найзағаймен қатар бұршақ пен шаңды дауыл болуы мүмкін. Бұл өңірлерде желдің жылдамдығы кей жерлерде 23-28 м/с дейін күшейеді.
Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында жаңбыр мен найзағай болжануда. Кей өңірлерде тұман түсіп, жел күшейеді.
Сонымен қатар Павлодар және Абай облыстарында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық сақталады.
Синоптиктердің мәліметінше, Қызылорда, Түркістан, Ұлытау, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Алматы облыстарының бірқатар аумақтарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Ірі қалаларда да қолайсыз ауа райы күтіледі. Атап айтқанда, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Қонаев, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Көкшетау және Атырауда жаңбыр мен найзағай болжанып отыр.
Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтап, төтенше жағдайлар қызметінің ескертулерін назарда ұстауға кеңес береді.










