Жолдау орындалуымен маңызды
Аудан әкімдігінде Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі міндеттерін түсіндіруге бағытталған идеологиялық актив жиыны өтті.
Активке облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, Әйтеке би кенті мен ауылдық округ әкімдері, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Актив жиынында аудан әкімі М.Ергешбаев Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен биылғы Жолдауды бір-бірінен ажыратып қарауға болмайтындығын атады. Сол себепті, бұл Жолдау елде жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерістерінің логикалық жалғасы деп түсіндірді.
«Биылғы Жолдаудағы міндеттердің ең маңыздысы – тұрақтылық. Бұл мақсатқа жету үшін ел азаматтарының жаңа заманның жаңа жағдайларына жауап беретіндей интеллектуалдық деңгейі жоғары болуы тиіс. Сол үшін Мемлекет басшысы бұл Жолдауында қоғамның барлық салаларын цифрландыру, заманауи технологияларды ендіру жайында кеңінен қамтыды. Осы ретте, Жолдаудың 10 міндеті – ел дамуының жаңа тынысы болмақ. Елбасы бірінші міндетінде – индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс деді. Негізінен, еліміздің экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі инновациялық-индустрияландыру. Индустрияландыру бағдарламасы аясында өңірде жаңа технология енгізген кәсіпорындар ашылып, жаңа өнім түрлері көбеюде. Бұл біздің ауданда да бар. Мәселен, «РЗА» акционерлік қоғамының өнімдері», – деді аудан әкімі.
Жиында мәлім болғандай, индустриялық-инновациялық бағдарламаның бірінші 5 жылдығында ауданда 17 жоба толық іске қосылып, 212 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл осы бағдарлама аясында «РЗА» АҚ-ның ірі қара өсіру кешені мен сүт зауыты 2,5 млрд теңге құрайтын екінші кезеңін іске асыру арқылы мал басын 1200 басқа ұлғайтуды жоспарлап отыр. Жыл ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарында 11,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Осылайша аудан басшысы маңызды құжатта айтылған он міндетке тоқталып, Жолдаудан туындайтын шараларды бірлесіп атқарудың жолдарын да айтты.
«Мақсатымыз – жаңа жағдайда мықты және жауапты адамдардан тұратын біртұтас ұлт болу» деген ұстанымды ұстаған аудан басшысы маңызды құжаттағы: «Тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру», «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігін орнатуды» жетілдіре түсу жоғарыда айтылған міндеттердің орындалуынан жүзеге асады. Ал, цифрлық жүйеге көшу – ашықтықтың, жариялылықтың белгісі», – деп сөзін түйіндеді.
Актив отырысында еңбек ардагері Б.Пірманов, аудан прокуроры Б.Мырзабаев, аудандық аурухананың бас дәрігері К.Әбілов, Ақтан батыр ауылындағы №190 мектеп директоры Д.Айтмамбет пікірлерін ортаға салды.
Басты мақсаты – Мемлекет басшысының биылы Жолдауын жүзеге асырудың негізгі мәселелерін қоғам өкілдерімен бірге талдап, айтылған ұсыныс-пікірлерді ортақ оймен қорытындылау, оны халыққа түсінікті тілмен жеткізуге бақытталған жиынды аудан басшысы М.Ергешбаев қорытындылады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.