Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » "Жетім Толыбай" төбесі

"Жетім Толыбай" төбесі

Біз туып-өскен Бекарыстан би ауылының солтүстік-батысында «Жетім Толыбай» деген атауды иемденген аумағы атшаптырым боларлық құмды-қыратты төбе бар. Теріскейі «Қотанкөл» су айдынымен астасатын осы бір алапта көгілдір көктем айы келгенде қызғалдақ пен сарғалдақ қаулай өсіп, көздің жауын алады. Мектеп қабырғасында оқып жүрген – балалық балғын шақта мамырдың мамыражай күндерінде сол маңға талай гүл тере барғанымыз есімде. Сөйтсек... Ақшағыл төбенің «елім» деп өткен ержүрек бабалардың таланына жазылған шерлі тағдырының ежелгі шежіресін бойына бүгіп, сұлық жатқанын ескере бермеппіз-ау!
Жақында іргелі ауылдың құймақұлақ ақсақалы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Файзулла Қазидың «Бұның бәрін де мезгілінде марқұм, иманды болғыр Тәжік нағашымнан естіп едім» дей келе келістіре айтқан сырын тыңдадық. Туған ауыл төсіндегі жер атына байланысты бірқатар деректерге қанықтық. Мұның рухани жаңғыру кезеңінде өлке тарихын зерттеуші жас ұрпақтарға тигізер пайдасы да аз болмасы анық. Сонымен Файзекең айтқан әңгіме желісі былайша өрімделген еді.

Жоңғар басқыншыларының ел шебіне бөрідей тиіп, қазақтың береке-бірлігі мен тыныштығы бұзылған қиын-қыстау кезең екен. Аталған аласапыран алапат халқымызбен ауылы аралас, қойы қоралас көрші тұратын қарақалпақ ағайынның да жағдайын кетіріп, төбелеріне қара бұлт үйіреді. «Басқа түскен баспақшылдың» кебін кигендер атажұртынан безіп, Сырдың Аралға құяр сағасына келіп пана табады. Осындай қысылтаяңдағы босқындар көшін сом білекті, қайсар жүректі Толыбай есімді азамат бастап жетеді. Кеңпейілділігінен айнымаған жергілікті тұрғындар екі-үш үйлі қарақалпаққа құшағын ашып, орталарынан жайылымдық жер береді. Қолдан келген көмектерін көрсетіп, күнкөрістерінің жақсаруына қамқорлық танытады.
«Жылқы кісінескенше, адам тілдескенше» дегендей көшбасшысы Толыбай келген бетте-ақ Сырдария бойындағы Асан аталығынан тарайтын Таймас батырмен жылы қарым-қатынас орнатады. Халықтың мүддесін бәрінен жоғары қоятын мәрт мінезді жандардың алғаусыз сыйластығы, шынайы достыққа ұласады. Екеуі ел қамын көксеген мәселелерді бас біріктіре, тізе қосып шешіп отырады.

Бір жолы Толыбайға Таймас батырдан: «Тездетіп жет. Еділ бойындағы қалмақтар шығысқа қарай қозғалыпты. Соларға қарсы тұрып, ілгері жібермеу жөнінде орыс патшасы Нұралы ханға нұсқау беріпті. Уақытты жібермей жедел сарбаз жинауымыз қажет», – деген құпия да асығыс хабар жетеді. Ол осыны естісімен қарулас досымен ақылдасу үшін шұғыл атқа қонады.

Сәтсіздік дегенді қойсаңшы! Дәл сол күні шілде айының кешінде басынан бақайшағына дейін қаруланған, жүрістері суыт алты-жеті адам Толыбай ауылының үстінен түседі. Қатарласа тігілгеннің нақ ортасынан ойып орын алған еңселі ақбоз үйдің жанына келген ожыр қара «Мұнда кім бар?» деп қатқыл үнмен жекіреді.

Есік жақтауынан сығалаған келіншектің: «Біз бармыз, мырза. Отағасы жолаушылап кеткен. Көрші үйде ата-енем тұрады. Сонда түсе қойыңыздар» – деп айтқан жауабына айыр мінезді қаныпезер құлақ аспайды. Төрге баса-көктей кіріп: «Мен ешкімнен ақыл сұрамаймын. Қайда түсіп, жайланарымды өзім білемін. Сен қатын тілің мен жағыңа сүйенбей, тездетіп бізге беретін қонағасыңды дайындауға кіріс», – дейді өктемдігін жүргізе. Сосын қарамағындағыларға бүкіл ауыл тұрғындарын қатаң бақылауға алуды, айналаға қырағы күзет қоюды тапсырады.
Сауда керуендері мен шағын ауылдарды тонап, барымташылығымен аты шыққан бұл қарақшылар тобы бейқам жатқан жұрттың үрейін ұшырып, мазасын алады. Дастарқанын кеңінен жайып, бар мәзірін алдына тосқан ауыл адамдарының ықылас-пейілін қанағат тұтпайды. Жазықсыз жандарды жәбірлеп, айуандық әрекетті жүзеге асыруды ойлайды.

Толыбайдың жан жары өзіне зорлық-зомбылық көрсетпек болған қарақшылардың басшысы – ожыр қараның жауырынына сүйек сапты пышақ сұғып, қорғанады. Жедел далаға қашып шықпаққа ұмтылғанында қара ниеттілердің құрсауына түсіп, керегеге байланып тасталады. Ожыр қараға жанашырлары күйдірілген киіз басып, ем-домын жасайды. 
Келіні мен баласының отауындағы сұмдық жағдайды құлағы шалған ата-енесі түнделете аптығып жетеді. Бет-әлпеті қан-жоса, екі қолы байлаулы жатқан келініне араша түскелі жүргенінде қос қария қапияда мерт болады.
Таң атар алдында есін жиып, біршама әл жинаған ожыр қара әріптестеріне тұтқындағы келіншекке естірте, ыңырси тіл қатып: «Мынаның көзінше бүкіл ауылдағыларды қырыңдар. Соңынан жүзі қара қатынды да шаңыраққа асасыңдар», – деп бұйрық береді.
Шаш ал десе, бас алуға дайын жендеттер айтылған тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Айналаны қанға бөктірген жауыздар бой тасалап, алға жүріп кетеді...

Күн көкжиектен арқан бойы көтерілгенде жанындағы серіктерімен бірге ауылға оралған Толыбай төбесінен жай түскендей күйге ұшырайды. Шаңырақта ілулі тұрған әйелін жіптен босатып алып, көз жасына ерік береді. Әке-шешесі мен екі перзентінің жансыз денелерін көргенінде жүрегі қан жылайды.
Бұлар орын алған зұлымдықтың жай-жапсарын қаншама өліктің ішінде шала-жансар аман қалған Толыбайдың жеңгесінің аузынан есітеді. Ол аз-маз су ішіп, өз-өзіне келгенінде үздік-создық баяндайды. Бар шаруаны жігіттерге тапсырған Толыбай мен Таймас жанына білекті деген біреуді алып, үшеуі қанды қолдылардың ізіне түседі.
Ұзамай қалың сексеуілді жықпыл арасынан будақтай шыққан түтін шалынады. Бұл қарақшылардың жаралы ожыр қараның қиын халіне байланысты кідірістеп отырған сәті еді. Қуғыншылар хайуандық жолға түскен алты қарақшыны тұзаққа түсірудің амалын шұғыл ойластырып, шалт қимылға көшеді. Сездірмей барлау жүргізгенде алдына салған аздаған малды ойпаңға үйіріп, ауыл жақ бетті бағдарлаған қарауылды аңғарады.
Мұндайда ұтқырлық ұтымды нәтиже беретінін жақсы білетін із кесушілер қарсыластарының алдын орағытып, шабуыл жасайды. Алдымен үнін шығармай күзетшінің көзін жояды. Сосын ожыр қараның жанына үйірілген басқаларды тосыннан қоршауға алады. Сасып қалып, қаруын алмаққа беттеген үшеуінің басы лезде домаланып жерде жатты. Жаралы арланның күйін кешіп, абдырап-абыржыған ожырды Толыбай өз қолымен өлтіріп, кегін қайтарады.
Қарақшылардың арасынан тірі қалған жас жігіт «Ағатайлар, кешіріңдер, менің жазығым жоқ. Барлығымызды азғырып, бүлікшілік жасап жүрген ожыр қара», – деп ақталады. Толыбай ауылындағы орын алған жайды бастан-аяқ жасырмай өз аузымен айтып береді.
Үрейленіп, дір-дір еткен бозбалаға аяныш көрсеткен Толыбай: «Әлі жап-жас екенсің. Жамандық пен жақсылықтың қандай екенін енді түсіне бастаған шығарсың. Бір жолға жаныңды өзіңе қалдырдым», – дейді. Досының шешіміне қолдау ишаратын білдіре тіл қатқан Таймас: «Қаруың мен атыңды да өзіңде қалдырдық. Алдағы уақытта бастан өткен ақиқатты кезіккендерге айта жүргейсің», – деп қарақшыға аманатын жеткізеді.

Бүкіл ауылды қанға бөктірген қара ниетті қарақшыларды біржақты етіп, елге оралған батырлар Толыбайдың жеңгесінің де жантәсілім еткенін есітеді. Екі-үш үйлі ағайыннан Толыбай жалғыз қалады. Көз көргендер оған «Барлық туысынан айрылып, жетім қалды-ау, байғұс» деп аяушылық білдіреді. Таймас досы Толыбайды үйлендіргісі келеді, бірақ ол оған көнбейді.
Арада жылыстап жылдар өтеді. Сөйтіп жүргенінде «Батыр аңқау, ер көдек» дегендей Таймас батыр тосыннан досына қол жұмсайды. Бұл жағдай былай болыпты.
Жұрт жайлаудан күзеуге көше бастаған қыркүйек айы басталған мезгіл-ді. Ақшатау мен Шөмішкөл бетіндегі дос-жарандарынан қайтқан Таймасқа Шөмішкөлдің биігінде салт атты жалғыз жолаушы жолығады. Ол батырға «Бадай ағаңды дұшпандарың өлтіріп кетіпті. Қылмыскер ұзай қоймаған шығар, қолында жалғыз найзасы бар көрінеді» деген жамандықты жеткізеді.
Бойын алақұйын ашу билеп, хабаршыдан естігені бойынша «Ақжона» бағытына қарай құйғыта шаба жөнеледі. Айдын көлдің қара қуыс жақ бетіндегі «Қотанкөлдің өзегі» атанған тұсқа жеткенінде алдындағы желе жортып бара жатқан аттылы адамды көзі шалады. Оның кесе көлденең ұстаған найзасын да байқайды.

Қаны басына шапшыған Таймас «Ағамды өлтірген қандықол осы. Жазаңды тарт, сұмырай!» деп оның ту сыртынан шолақ найзасын серпе жіберіп қалады. Қос жауырынның ортасынан көктей өткен темір сүгіден мертіккен кісінің Толыбай екенін білгенде өкініштен опық жейді. Оқыстан орын алған қазаға Таймастың қабырғасы сөгіліп, өзегі өртенеді. Сөйтсе ағасы дін аман. Мұның бәрі ойдан құрастырылған шытырман болып шығады. Екі достың ортасына сына салған әзәзілдің сұмпайы әрекеті осындай ойламаған қайғылы іске душар етеді.
Ғасырлар қойнауында қалған оқиғаны жадымызда жаңғыртқан Файзекең: «Халық «Жетім Толыбай» атандырған батырдың мүрдесі сол төбе басында жатыр. Бұл мың өліп, мың тірілген жанкешті жұртымыздың қапас замандағы бастан кешірген көп қасіретінің бірі, қарағым», – деп сөзін түйіндеді.
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

15 қаңтар 2019 ж. 2 428 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031