Өткеннен – мұрағат, ұрпаққа – ұлағат

Өлке туралы құнды деректер мен жәдігерлерді жинақтап, сақтау, жас ұрпаққа насихаттау мақсатында Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейі Сәкен Әлішевтің басшылығымен үш жылдан бері қызу жұмыс істеп келеді. Осы ретте, музей жанынан қоғамдық кеңес бірлестігі құрылып, өлке тарихын таныту, музей ісін дамыту бағытында еңбектенуде. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, медицина саласының ардагері Сержан Қожа Берденұлы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Сахыбай Нармағамбетов, құрылыс саласының ардагері Кеңес Бабанаев және басқа да азаматтар қоғамдық кеңес бірлестігіне мүше болып отыр. Олар жақында алғашқы отырысын өткізіп, бірқатар мәселені талқылады. Басқосуға қатысқандар Әйтеке би кентін басқарған басшылардың құрметіне арнайы бұрыш ашу, «Тәуелсіздік» залын толықтыру, Қазалы өңіріндегі тарихи- ескерткіштердің суреттері мен картасын әзірлеу, туған жерге аянбай еңбек еткен тұлғалар туралы деректер жинақтау секілді музейдің қорын толықтыратын шаралар төңірегінде ақылдасты.
Кәусар БЕГІМ.