Тілсіз тарих
Қазалы стансасына жеткізілген темір жол құрылысы 1900-1905 жылдар аралығында жүргізілгені көпшілікке мәлім. Осы болат жолмен 1905 жылдан бастап жолаушылар легі тасымалдана бастады. Алғашында қуаты аз паровоздар қос рельс бойымен, жүктер мен адамдарды Қазалыға дейін тасымалдап отырды. Бертін келе соғыс жылдарында сол замандағы паровоздың ең үздік үлгісі ретінде танылған «Л» сериалы «Жеңіс» («Победа») атты темір тұлпар дүниеге келді.
Келбетінің сұлулығы мен жылдамдығының жоғарылығына қарап, бұл техниканы адамдар «Аққу» деп те атаған деседі. 1954 жылы Ворошиловоград паровоз құрастыру зауытынан шығарылған инженер Лебедянскийдің бұл проектісі соғыс жылдарының таңғажайып жетістігі деп бағаланды. Уақыт өте келе бойында 2200 ат күші бар «Жеңіс» паровозы «қартайып», орынына заманауи жылдам техникалар келген. Ілгеріректе құрастырылған темір жол тұлпарының жүйрігі бір кездері Қатынас Жолдар Министрлігіне тапсырылып, бүгінде кент орталығындағы оқушылар үйі алаңының төрінен орын тепкен.
Көненің көзіндей болғанымен қараусыз қалған паровоз сол кездегі аудан әкімі Айтбай Көшербайұлының тұсында қайта құрастырылып, 2009 жылы Жеңіс күні мерекесіне орай қазіргі қонысына әкелінді. Ал жалпы салмағы 170 тонна, ұзындығы 24 метр болатын құнды жәдігерді әспеттеп, орналастыруда Нұрлан Алмағамбетов басшылық жасайтын Қазалы локоматив жөндеу зауыты ұжымының еңбегін айтпай кетуге болмас.
Мән беріп қараған жанға тарих тереңінен сыр шертетін осынау паровоз бүгінде аудандағы үлкен саябақтың сәнін келтіріп тұр. Бұдан бөлек киелі Қазалы мекені ғасырдан астам уақыттан бері қаншама теміржол тарландарын дүниеге әкелгендігін де паш ететіндей. Жай ғана тұрысының өзі көкірегі ояу адам үшін тілсіз тарих. Келешекте де паровоз-ескерткіш аудан тұрғындарына қажырлы да қайратты теміржолшы бабалардың сара жолының өшпес белгісі іспетті қасиетті орын болып қала бермек.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ