Ұрпақтар ұғатын ұлағат
Ұлыстың ұлы күні «Жеңіс» саябағы аумағына ағаштар отырғызылып, Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашылу салтанаты өтті.
Халық арасында бес мың жылдан бері тойланып келе жатқан Наурыз мерекесі қазалылықтар үшін биыл жылдағыдан ерекше басталды. Күн көзі шуақтанып, жер-ана қуаттанған шақта орталық алаң мен көшелерде киіз үйлер тігіліп, әсем әуендердің үні естілді. Бұл мерекенің балақайлар асық ойнауымен, аналардың ас-ауқаттарын даярлауымен, ал ақсақалдардың игі тілектерімен сәні кіре түсетіндей. Қыс жақындады дегенді естіп қалың ұйқыға кеткен тал-ағаштардың өн бойына жылулық тарап, осы күнді күткендей барлығы дерлік бүршік жаруда.
Дәл осы сәтте «Жеңіс» саябағы аумағында Мұрат Ергешбаев пен бірқатар ел ағалары биылғы жылдың жаңа көшеттерін отырғызып жатқан болатын. Кенттің бірқатар ерікті жастары да табиғаттың тынысын кеңейтуге білек сыбана кірісіп кеткен. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзді терең ұғынған олар, үлкендер отырғызған а ғаштарғасу құйғандарына мәз. Наурыз мерекесінің қарсаңында осындай игілікті іске мұрындық болған аудан әкіміне жиналған жұртшылық ризашылығын білдірді.
Мейрамға арналған сыйлықтар легі мұнымен толастамады. «Жеңіс» саябағының төрінде орналасқан Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашылу салтанаты осы күнмен тұспа-тұс келді.
Салтанатты жиында сөз алған аудан басшысы музейдің ұрпақ тәрбиелеудегі мән-маңызының ерекшелігіне тоқталып, көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Қонақтар мен аудан тұрғындары жаңа нысанды аралап, құнды жәдігерлермен танысты.
Айта кетейік, мұражай заманауи технологиямен жабдықталған. Қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптейтін бұйымдар мен жауынгердің қару-жарақтары көрме төрінен ерекше үйлесім тапқан. Мұражай іші одан бөлек аудан аумағында бұрын және қазір мекен ететін жан-жануарлардың мүсіні мен көне тарихи заттармен толықтырылған. Көрмеге келген әрбір адамға өткенді саралап, болашаққа көз салдыратын жәдігерлер үш бірдей бөлмені көмкеріп тұр.
Бұдан кейін Наурыз мерекесінің іс-шаралары аудан орталығында жалғасты.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ