Сұлтанбек пен Ғанидың беймәлім фотосуреттері табылды

Бұл фотосурет қазіргі таңда Қазалыдағы Ғани Мұратбайұлының мемориалдық музейінің КП-183 қорында сақтаулы. Тағы бір данасы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде бар дегенді естідік. Фотосуретті музей қорына 1981 жылы журналист Сейілхан Асқаров тапсырыпты.
Фотоқұжаттың аннотациясында: «Гани Муратбаев среди членов ЦК Компартий Туркестана» деп жазулы тұр. Суретте 14 адам бейнеленген. Фотосуретте Сұлтанбек Қожанұлы бірінші қатарда сол жағынан санағанда үшінші отыр (ақ жейделі). Екінші қатарда – сол жақтан үшінші боп тұрған Ғани Мұратбайұлы.
Екінші фотосурет Мәскеу қаласындағы Ресейдің мемлекеттік тарихи музейінің ГИМ 105701/23 қорынан табылды. Фотосуретте Түркістан К(б)П Орталық Комитетінің 69 мүшесі бейнеленіпті. Онда Сұлтанбек Қожанұлы екінші қатарда, сол жағынан санағанда бесінші (ақ жейделі), ал Ғани Мұратбайұлы екінші қатарда – сол жақтан есептегенде тоғызыншы болып отыр.
Екі фотосурет бір мезгілде – 1924 жылы Ташкент қаласында түсірілген. Қазір фотоқұжаттарда бейнесі таңбаланған өзге де тұлғаларды анықтау үстіндеміз.
Рамазан ӘБІЛДОСҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
тарих, археология және этнология факультетінің
4 курс студенті