Бір аяғынан айрылған футболшының арманы - паралимпиада чемпионы атану
18 жасар Бақтияр бүгінде «Астана» футбол командасының жастар құрамасында ойнауы тиіс футболистердің бірі. Дегенмен, тағдырдың жазуымен жас футболшы 17 жасында ауыр дертке ұшырап, бір аяғынан айырылды. Бүгін Бақтиярдың үйлену тойы, маңызды күн. Бір аяғының орнында протез болса да, «тойдың соңына дейін барлық қонақтармен бірге боламын» дейді жас күйеу бала. ҚазАқпарат тілшісі өмірдің сынағына қарамастан, өмір сүруге деген құштарлығын жоғалтпаған жас спортшының қуанышына ортақтасып қайтты.
Кішкентайынан футболға құмартқан Бақтияр Мұхамбетқалиев өсе келе «Астана» командасының жасөспірімдер тобында ала доппен кәсіби түрде айналыса бастайды. Мектеп қабырғасында жүргенде спорттың барлық түрінен белсенді болып, әсіресе футбол десе ішкен асын жерге қоятын. Бірақ, тағдырдың жазуымен осыдан бір жарым жыл бұрын бозбала ойыннан алған жарақаттың кесірінен ауыр дертке ұшырайды. Дәрігерлер «аяғында қатерлі ісік бар, ота жасау керек» деген шешім қабылдайды. Бақтиярдың анасы сол сәттің ұлы мен отбасы үшін аса ауыр тигенін айтады. Абырой болғанда, қайырымды жандар қол ұшын созып, ота жасалды. Бірақ ол да оңайға түскен жоқ, өйткені бірінші ота, одан соң екіншісі, кейін үшіншісі, одан аяғы кесілді, содан кейін ғана кесілген аяғының орнына темір аяқ салынды. Жалпы, бұған дейін де Бақтиярдың қиын тағдыры туралы еліміздегі көптеген БАҚ жазған, айтқан болатын. Дегенмен, бүгін мұң кешіп, уайымға салынатын күн емес, бүгін - Бақтиярдың үйлену тойы. 18 жасар жігіттің сүйген жары мен 1,5 жасар Дінмұхаммед есімді ұлы бар, ал үйлену тойы Бақтиярдың денсаулығына байланысты бірнеше рет кейінге шегерілген болатын. «Шынымды айтсам, аздап қобалжып тұрмын. Біз бұл үйлену тойын ұзақ күттік, себебі денсаулығыма байланысты бірнеше рет кейінге қалдыруға тура келді. Енді өткіземіз деген кезде біресе маған ота жасауы керек немесе аяғыма протез орнатуы тиіс болды. Оның үстіне, ата-анам да тойды асықтырмай, әуелі денсаулықты дұрыстап алуды жөн деп шешті. Осыдан 4 ай бұрын аяғыма протез орнатты, содан кейін тойға дайындықты бастадық», - дейді Бақтияр Мұхамбетқалиев.
Жас спортшының айтуынша, өмірдің берген сынағын жеңіп шығып, бүгінге күнге жетуі - ол алдымен ата-анасы, сүйген жары мен Дінмұхаммед есімді ұлының арқасы. «Мен үшін бүгін үйлену тойы ғана емес, сонымен қатар алғыс күні дер едім. Өйткені, осы күнге жетуім, бүгінгі тойдың болуы - менің жақындарым мен достарымның қолдауының арқасында. Әсіресе, ата-анам, жолдасым және ұлым. Ол кісілер мен ауыр жағдайға тап болған күннен бастап жанымда», - дейді Бақтияр. «Қуанышпен қатар қобалжу бар, себебі үйлену тойы - әр адамның өміріндегі маңызды сәттің бірі. Дәл қазіргі ішкі сезімімді сипаттасам - қазір мен футбол алаңына шығатын сияқты күйде тұрмын. Менде бұрын футбол ойнар алдында осындай сезім болатын. Ішімнен «қалай болады екен, нәтижелі ойын көрсете алам ба» деп мың ойланып, қобалжитынмын, қазір де сол сияқты толқулы сезімде тұрмын. Футбол алаңындағыдай тойханада да мені қаншама адамдар күтіп отыр.Бүгінгі тойда барлығы көңіл көтеріп, қызық өткенін қалаймын», -дейді жас күйеу жігіт.
Бақтияр бүгінде ала допқа қызығушы жасөспірімдермен өз тәжірибесімен бөлісіп жүр. Астанада футболдан жас жеткіншектердің тренері болып жұмыс істейді. Ол футболдағы орындалмай кеткен өз арманы мен мақсатына тәрбиелеп жатқан жасөспірімдер жетсе екен дейді. «Аптасына үш рет футболдан жаттығу өтеді. Жаттығу кезінде балаларға бар білгенімді үйретемін. Менің арманыма айналған футболды енді шәкірттерім мықты меңгерсе екен», - дейді Бақтияр. Жас спортшы өзінің болашақтағы арман-мақсатымен де бөлісті. «Арман-мақсат жетерлік. Ең басты арманым -паралимпиада ойындарына қатысу. Осы жағдайға тап болғаннан бері «өздігімнен не істей аламын, өз бетімше қандай жетістікке қол жеткізем» деген сұрақтар жиі мазалайды. Отбасыммен ақылдаса келе жеке спорт түрімен айналысуды дұрыс деп шештім, нақты айтқанда суда жүзу. Арманым - суда жүзуден паралимпидаға қатысып, чемпион атану. Осы арманыма қол жеткізу жолында дайындықты тойдан кейін бастаймын», - деді Бахтияр Мұхамбетқалиев.
Сонымен қатар, Бақтияр еліміздегі жас жеткіншектер мен студенттердің алдында өмірлік мотивациялық дәрістер оқығысы келеді. Көздеп отырған тағы бір жоспары - өзі және отбасы туралы деректі фильм түсіру. Той дегенде, оның үстіне өз баласы үйленіп жатқанда қай ана қобалжымаушы еді. Мереке қызып жатқан сәтте Бақтиярдың анасымен де тілдесіп, қуанышына ортақтасуды жөн көрдік. «Баламның маңдайына жазған тағдырдың ауыр сынағын ешкімнің басына бермесін деймін. Біз үшін өте ауыр болды, әсіресе алғашқы жылдары. «Уақыт емші» демекші, уақыт өте келе бәрі қалыпқа түсіп жатыр. Мен ұлымды мақтан тұтамын, өйткені Бақтиярда сол қиын жағдайға тап болған күннен бастап ешқандай өмірден түңілу немесе «мен неге осындай болдым» деген секілді қынжылу болған емес. Керісінше, өмірге деген құштарлығы арта түсті. Тіпті сол жағдайға тап болған соң арада 40 күн өте салысымен «мама, мен дайындығыма қайта кірісем» деді. Жас болғанына қарамастан, сынаққа төтеп беруі - ұлымның ержүректігі деп ойлаймын. Өмірде алға қойған мақсаты көп. Сондықтан, мен баламның өз армандарына жететініне сенімдімін», - деп тілегімен бөлісті Бақтиярдың анасы Гүлназ Сәрсенбаева. Шаңырақ көтеріп жатқан жас отау иелеріне біз де өз атымыздан өмірдегі бар жақсы, игі тілектерді тілеп, қуанышты күндерімен құттықтадық.