Мылқаумен сөйлесіп, саңырауға естірту қабілеті қайырымдылықта!
Қайырымдылық - адамгершіліктің белгісі. Қамқорсызға қамқор болу, тағдырдың жазуымен жаралы болғандарға жәрдем беру қазақ қоғамында байырғы заманнан келе жатқан дәстүр. Адам өміріндегі ең игі істердің бірі - мұқтаж жандарға қамқорлық жасау, мейірімділік таныту. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Өзіңнің қолыңнан келетін дүниемен, мұқтаж жандарға шын жүректен көмектесу адам бойындағы жомарттықтың айқын белгісі. Күнделікті қарбалас тірлікте көпшілігіміз мұны естен шығарып алатынымыз да жасыратыны жоқ шындық. Айналамыздағы кемтар, жетім-жесірлерге, жалғызілікті аналарға, қарт адамдарға қамқорлық танытып, жүрек жылуын шашып, қолымыздан келген көмектерімізді беріп жүрсек, оның өзі азаматтығымыз, адамгершілігіміз деп ойлаймын. Бүгінде Қазалы ауданы әкімінің қолдауымен, Қазалы қаласы әкімдігінің, "Жас Орда" жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен "Мейірімді жастар жасағы" құрамының құрылуы, жастардың адамгершілік қалыбын көрсетсе керек. Аталмыш топ ағымдағы жылдың, қаңтар айының 4 жұлдызында құрылған болатын. Сол уақыттан бері 7 үйге қолкөмегін көрсетіп келеді.
"Еліміздің болашағы жастардың қолында" деп елбасымыз айта өткендей, дербес еліміздің кемел болашағы осындай "Қоғамға бір пайдам тисе екен" деп шырылдап жүрген, есесіне еткен еңбектері үшін ақы сұрамайтын жастардың қолында!
Егер сізде ЖАС ДОС! Мұқтаж жандарға жан жылуын сыйлағыңыз келсе, әлі де кеш емес!
Салтанат НАЖМАН