Ел ертеңі еңселі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты тұңғыш Жолдауын жариялап, елдің алдағы бағыт-бағдарын белгіледі.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ішкі саяси мәселелер, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне баса назар аударды. Біздің жұмысымыз 5 институционалды реформа және ұлт жоспарын жүзеге асырудан басталмақ. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысы қайта жандануы керектігі де аталып өтті. Әрі қарай мемлекет басшысы тиімді мемлекетті жетілдіру, уәде етілген саяси трансформация халықтың мүддесіне сәйкес жасалатынын алға тартты.
Сондай-ақ “Биыл Елбасының бастамасымен “Бақытты отбасы” деген екі пайыздық жеңілдетілген мөлшерлеме және он пайыздық бастапқы жарна төлеу арқылы жүзеге асатын бағдарламасы құрылды. Бұл өте тиімді ұсыныс. Жылдың аяғына дейін 6000-ға жуық отбасы баспаналы болады. Ең алдымен көпбалалы отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. 2020 жылы осы секілді 10 мың отбасыға баспана беріледі. Үкімет бұл бағдарламаға қатысуға нақты талаптар қойып, оның орындалуын қатаң бақылауы қажет. Баспанаға мұқтаж отбасыларға ғана көмек көрсетілуі қажет”, – деп Президент үкіметке кезекте үш жыл қатарынан тұрған, жағдайы нашар, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен бірге, Президенттің тапсырмасымен жылдың соңына дейін халықтың зейнетақы қорын пайдалану мәселесі шешіледі. Үй сатып алуға не білім алуға зейнетақы қорын пайдалануға болатындығы, көпбалалы отбасылардың үй алуына 240 миллиардтан аса ақша бөлінетіні көптің көңілінен шықты.
Ел жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекет басшысының Жолдауы жүректерге жылылық ұялатып, жарқын болашаққа деген сенімімізді нығайта түсті.
Ләззат ІЗБАСҚАН,
С.Сейфуллин атындағы
№165 орта мектебінің директоры, аудандық мәслихат депутаты