Байырғы ұстаздар байымы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын ауданның ардагер ұстаздары жылы қабылдап, қолдау білдіруде.
Құнды құжаттың мән-маңызын түсіндіруге бағытталған осындай жиын Әйтеке би кентіндегі Ы.Алтынсарин атындағы №204, С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің бастауыш ардагер ұйымдарында болып өтті. Онда аудандық «Білім саласының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы С.Қуанышбай хабарлама жасап, Жолдаудағы алға қойылған міндеттер, оны жүзеге асырудың жолдарына кеңінен тоқталды.
Басқосуда зейнеткер ұстаздарды Жолдауда белгіленген әлеуметтік саладағы, білім жүйесіндегі алда тұрған межелер, оны шешу жолдары туралы ой-тұжырым қатты қызықтырды. Қызу талқылау үстінде З.Исаева, С.Бәймен, К.Жұбатқанова, О.Балымбетов және басқалар шығып сөйлеп, нақты ұсыныстарын білдірді. Онда білім сапасын жақсарту, оқулықтардың мазмұны мен шәкірттерге кәсіби бағдар беру жұмыстарын жетілдіру, мамандарды еңбек нарығындағы сұраныстарға сәйкес даярлауға күш салу қажеттігіне баса назар аударылды.
Байырғы ұстаздар елдегі қол жеткен жетістіктерге сүйсіне келе, келешегіміздің бұдан да кемелдене түсеріне сенімді екендерін жеткізді.
Сахи БАХИҰЛЫ