Жолдау жаңа міндет жүктейді
Аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған алғашқы Жолдауының негізгі міндеттерін түсіндіруге бағытталған аудан активінің жиыны өтті.
Жиынға облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, кент, қала, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау, жергілікті және аумақтық атқарушы орган басшылары, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов маңызды құжатта айқындалған бес бағыттың әрқайсысына жан-жақты тоқталды.
– Жолдауда ішкі саяси мәселелер, мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері қамтылды. Әсіресе, мемлекеттілікті нығайту, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау және экономиканы дамыту мәселелеріне ерекше мән берілді. Азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Сондай-ақ, Президент қоғамдағы өзекті мәселерге айналған митингілерді ұйымдастыру тәртібін жаңартуды, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін, жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтынын, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты бұзақылықтарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатаңдатуды тапсырды. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысының елді толғандырған барлық жағдайды білетінін аңғартады. Сондықтан, бұл Жолдау – елдегі ахуалды жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың нақты жоспарына айналады деп сенемін, – деді ол.
Мұнан соң жас кәсіпкер Гүлсая Құтжанова:
– Кәсіпкерлік – экономиканы дамытудың басты көзі. Соңғы кездері, елде жас кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті өркендетуге айрықша назар аударылуда.
Олай дейтінім, мен де жас кәсіпкерлердің бірімін, өз ісімді бастағаныма көп бола қойған жоқ. Қазіргі таңда мемлекет қамқорлығының арқасында шаруамды дөңгелетіп әкеттім. Менің кәсібімді кез келген жас істей алады деп есептеймін. Тек кім-кімге де ынта-ықылас керек.
Сондықтан жастарды Мемлекет басшысының идеяларын қолдауға шақырамын, қиындықтан қорықпай алға ұмтылыңыздар. Себебі кәсіпкерлік халықтың жағдайын арттырумен қатар, қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Ал, халық тұрмысының көтерілуі – ел экономикасын еселей түседі, – деген ойын жеткізді.
Сонымен қатар Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің психологі Айгүл Жұбаназар Жолдаудағы ұстаздар қауымына деген жарқын ілтипатты атап өтті. Келесі кезекте «Жетесби» ауылдық емханасының дәрігері Мерей Жанғабылов, аудандық мәдениет орталығының ұйымдастырушысы Мөлдір Малдыбаева, жастар ресурстық орталығының аға кеңесшісі Нұрбек Ақпанбетов Жолдауға қолдау білдіріп, пікірлерін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ә.Жарылқағанов ел дамуының бағыт-бағдары айқындалған құнды құжаттағы келелі міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін алға тартып, аудан экономикасының қарқынды дамуы жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Сахи ҚАПАР