Алматыда ардагер жүргізушінің кесірінен автобустан құлап қолын сындырды
Алматыда зейнеткер жүргізушінің жауапсыздығынан автобустан құлап мертікті. Сол қолы екі жерінен сынып, миы шайқалған. Жәбірленушінің қызы полицияға бірден шағым түсіргендерімен, іс жуық арада жабылып қалуы мүмкін деп қауіптенуде.
Валентина Андреева кешкісін 3 жасар немересін балабақшадан алып, үйіне бару үшін аялдамаға келіпті. Діттеген автобустары келіп, енді міне бергенде орнынан қоғамдық көлік бірден қозғалып кетіпті. Тіпті тұтқадан ұстап үлгермеген зейнеткер шалқасына түскен.
"Орнынан бірден ытқып кеткендіктен ашық тұрған есіктен кішкене немерем екеуміз далаға ұшып кеттік. Менің құлап түскенімді жүргізуші көрген де жоқ, жүрісін жалғастыра берді. Жолаушылар шу шығарған соң ол артқа жүріп, маған не болғанын көрді”, - дейді жәбірленуші Валентина Андреевна.
Оқыс оқиға салдарынан сол қолы екі жерінен сынып, басы ісіп кеткен. Бірақ жүргізуші одан бейхабар екен. Құлаған кісіні көтеріп, автобусқа отырғызып, тиісті аялдамасына жеткізіп тастапты. Ал жедел жәрдемді үйіне келген соң шақыртқан. Дәрігерлермен бірге полиция да келіпті.
“Шағымымыз Түркісіб аудандық полиция бөліміне екі аптада әрең жетті. 2 ай қарағанымен, нәтижесі шамалы. Тергеуші екі рет келіп, жүргізушілерді көрсетті. Бірақ біз тани алмадық”, - деді қызы Елена Рахманова.
Зардап шегушінің қызының айтуынша, тергеуші істі жабуды көздеп отырған көрінеді. Оқыс оқиға болғалы бері 2 айдай уақыт өткенімен автобус жүргізушісі әлі табылмапты. Ал 34-бағытқа қызмет көрсететін автопарк басшылығы мұндай жағдай болмады деп бой бермей отыр.
"Сіздерден келген хатқа байланысты мынаны хабарлаймыз: осы жылдың 6 наурызында біздің паркке қарайтын автобустан жолаушының құлап қалған фактісі тіркелген жоқ", - деді "АвтоТрансГаз" автобус паркінің директоры Ғалымжан Тұрәділов.
Ал, қалалық полиция департаментіндегілер аталған факті бойынша тергеу амалдарының жүріп жатқанын жеткізді.
“Егде жастағы апа сол автобустың жүргізушісін әлі тани қойған жоқ. Оған бірнеше жүргізуші ұсынылған болатын. Бірақ солардың арасынан сол жүргізушіні әлі тани алған жоқ. Қайткенде де жергілікті полиция басқармасына қарасты іздестіру тобының қызметкерлерімен бірлесе отырып автобус жүргізушісін анықтау жалғасу үстінде”, - деді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Тергеушілер тағайындалған сот-медициналық сараптама қортындысын күтіп отырған көрінеді. Оның қортындысына сай процессуалдық шешім қабылданбақ.