"Өмірі 40 теңге тұра ма": Кондуктор қатты аязда 8 жасар оқушыны автобустан түсірген
Орал қаласында №2 автобустың кондукторы 8 жастағы баланы жол ақысын төлемегені үшін қоғамдық көліктен түсіріп кеткен. Осы жағдайдан кейін оқушы үйіне жылап келген. Оқиға №31 орта мектеп аялдамасында болған.
"Менің ақшам бар еді. Қалтамнан алайын дегенімде жоғалғанын байқадым. Кондуктор ұрысып, мені түсіріп тастады", — деді Ерасыл есімді оқушы.
Ерасыл Ризаков — үшінші сынып оқушысы. 23 қаңтар күні ол №2 автобусқа отырып үйіне қайтпақ болады. Бірақ жолға төлейтін ақшасын жоғалтып, үйіне бір сағат жаяу жүріп келуге мәжбүр болады. Ата-анасы баласы сабақтан уақытылы келмеген соң алаңдай бастайды. Мұғаліміне хабарласқанда ол Ерасылдың автобусқа отырып кеткенін айтады. Сосын Ерасылды іздей бастайды. Оқиғаның мән-жайын естіген соң оқушының ата-анасы автопарк басшылығына шағым түсірген.
"Кешкі сағат сегіз жарымда ұлым үйге келді. Ол бәрін айтып берді. Кондуктор үшін баланың өмірі 40 теңге тұра ма?" — деді Ерасылдың анасы Сандуғаш Шойынжанова.
Осы шағымнан кейін қызметтік тексеріс жүргізіліп, "Орал техникалық қызмет" ЖШС басшылығы кондуктордың кім екенін анықтады. Кондуктор өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта жұмыстан босатылды.
https://sputniknews.kz