Нағыз батыр: Ресейде қазақ жігіті өртке оранған автобустан 48 адамды ажалдан арашалап қалды
37 жастағы қазақ жігіті Ержан Амарханов «Семей-Новосібір» бағытындағы өртке оранған автобустан 48 адамның өмірін ажалдан арашалап қалды. Семейден Ресейге қарай бет алған жолаушылар көлігі тамыздың 4-нен 5-іне қараған түні Алтай өңірінде өртенген. Ондаған адамды құтқарып қалған жігіт қазір көрші елде құжатсыз әрі ақшасыз қалған.
Оны автобустағы өрттен аман қалған жолаушылар "құтқарушымыз" деп төбесіне көтеріпті. Себебі ол өзінің басын ажалға тігіп, кішкентай балалар мен сәбилерді өртке оранған автобустан жанұшыра шығара бастапты.
Бұл жайт жексенбіге қараған түні орын алған. Автобустың артқы жағына жайғасқан жігіт өзі отырған орындықтың қатты қызып кеткенін сезіп, оянып кетіпті. Автобус ішіндегі көк түтінді көрген ол көліктің өртеніп жатқанын біліп, маңындағы ес-түзсіз жатқан жолаушыларды оята бастапты. Кейбірі оянса да, не болғанын түсінбей, отыра берген.
"Оянсам, жан-жағымның барлығы көк түтін, кейбіреулер ұйықтап жатыр, кейбірі ес-түзсіз жатыр. Жүгіріп жүргізушіге барып, "есікті аш, жанып жатырмыз!", - деп айқайладым. Ешкім үндемейді, есеңгіреп қалған. Түтіннен ояна алмай жатыр. Мен олардың есін жиғызу үшін теуіп, ұра бастадым. Содан кейін есікті ашуға тырыстым. Осы сәтте автобус тоқтады-ау. Бірінші кезекте сәбилерді шығара бастадым", - деп есіне алды ол.
Ержанның айтуынша, автобус салонында оның құжаттары мен 270 мың рубль сомасындағы қаражаты болған. Айтуынша, елді құтқарып жүріп, ол туралы мүлдем ұмытып кеткен. Ол бұл қаражатына көлік алмақ болған екен.
"Балаларды шығару керек болды. Әлбетте бәрі өртеніп кетті. Құжаттарым да, ақшам да, киімдерім де. Ештеңе қалмады. Тіпті басымдағы телпегім де жанып кеткен", - дейді ол.
Ресей ТЖМ мәлімдеуінше, автобустың ішінде он екі бала және емізулі сәбилер болған.
Өртке оранған автобус Ресейге тиесілі. Тасымалдаушы - новосібірлік.
"Жүргізуші көмектесе қоймады. Ол шошығаннан қарап тұрды. Оны алмастыратын екінші жүргізуші өрт кезінде ұйықтап жатты. Ол да есеңгіреген күйде болды. Қозғалтқышты сөндіріңдер, өрт сөндіргіш қайда деп айқайлап жатырмын. Ал ол үндемей қарап тұр", - деп наразы болды Ержан.
Жолаушыларды басқа автобусқа отырғызып, Барнауылға дейін жеткізіпті. Олардың бәріне байланыс үшін телефон таратқан.
"Автовокзалға келген соң, маған хабарласу үшін бір нөмір берді. Ол нөмірге хабарлассам, мені бұғаттап тастады. Бұл дұрыс па? Рахмет те айтпады. Егер мен оянбағанда, жолаушылар аман қалмас еді. Ал ол тасымалдаушы түрмеге отырар еді. Енді не істерімді де білмеймін. Кімге барамын? Ешкім не істеу керек екенін айтпайды. Құжатым да, ақшам да жоқ. Нағыз "бомждың өзі болдым. Менің кім екенімді дәлелдеу қиын емес. Кеденнен өткеніміз рас. Бірақ енді мен жүгіріп, соның бәрін өзім жасауым керек пе? Жолаушылар ақшаның өзімі берейік дейді. Бірақ неге олар беруі керек?! Бізді сол автобусқа отырғызғандар ақшамды қайтарып берсін. Артық ештеңе керек емес! Ақшамды қайтарып берсе, болды!", - дейді Ержан.
Айта кету керек, Семей қаласының тұрғыны Ержан Амарханов греко-рим күресінен балалар жаттықтырушысы болып қызмет атқарады.