Жоғалып кеткен 71 жастағы әжей Қапшағай тасжолы бойындағы қамыс арасынан табылды
Қайтыс болған Валентина Досқалиеваның туыстары қайғылы оқиға куәгерлері болса, хабар беруді сұрайды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі NewTimes.kz сайтына сілтеме жасап.
«Ол таңғы сағат 9.00-де немересінің ертеңгілігіне баруға кеткен, бірақ бала мектептен үйге жалғыз келді. Ол апасының мектептегі шараға келмегенін айтты. Біз оны іздей бастадық», - дейді қайтыс болған әжейдің келіні.
Келінінің айтуынша, Валентина Досқалиеваның жақындары бірден полиция қызметкерлеріне арыз жазған.
«Түнгі сағат 2:15-те ол Қапшағай тасжолының маңындағы қамыс арасынан өлі күйде табылды», - дейді ол.
Алдын ала сараптама жұмыстары оның дене жарақатын алу салдарынан қайтыс болғанын көрсетті.
«Оның бет сүйегі бірнеше жерден және оң жақ иығы сынған», - дейді ол.
Полиция қызметкерлері «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
«Оның не үшін өлтірілгені белгісіз. Ол өзімен бірге ақша алып шықпаған еді. Мүмкін оны көлік қаып кетті ме деп ойлаймыз. Қатты соққы алғандықтан, бірден өліп қалған болуы керек. Көлік жүргізушісі оны қамыс арасына апарып тастаған шығар. Басқа да себептер болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз», - дейді келіні.
Ол қайтыс болған Валентина Досқалиева Нархоз университетінде сабақ бергенін, 11 наурыз күні жерленгенін айтты. Қазір марқұмның туған-туыстары оқиғаға куә болған адамдарды іздестіруде.