Интернеті жоқ ауыл
«Қазалы» газетінің өткен жылдың 20 қаңтар күнгі нөмірінде «Байланыс жақсарса екен» деген тақырыппен Сарбұлақ ауылына интернет желісінің, ұялы телефон байланысының жетпей отырғандығы туралы мәселе көтерілген еді. Мақала шығысымен мұндай жағдай біздің де ауылымызда бар еді деп Шәкен ауылының тұрғындары да ортақ мәселеге орай үн қосқан болатын. Шәкен ауылындағы байланыстың жақсарған-жақсармағанын білмейміз, бірақ Сарбұлақ ауылы «баяғы жартас – сол жартастың» күйін кешіп отыр. Әлемнің түкпір-түкпірін өрмекшінің торындай он орап отырған интернет желісінің құм ішіндегі шағын ауылға жететін түрі көрінбейді.
Сол мақалада айтылған «Бүкіл елімізге – Қазақстанға ғана емес-ау, кеңестік кезеңнен көрші болып келе жатқан мемлекеттердің көпшілігіне ғарыштық байланыс орнатуға Ресейдің зымырандарын, жер серіктерін ұшырып отырған Байқоңырдың түбіндегі осы Сарбұлақ ауылында интернет желісі, ұялы телефон байланысы жоқ дегенге сенесіз бе?» деген сұраққа тұрғындар әлі жауап іздеп отырған сыңайлы.
Өздерін кеңестік кезеңде де жоғары кернеулі электр желісін ең соңғы алған ауылмыз деп санайтын елді мекенге, тәуелсіздік алған еліміздегі ұялы телефон байланысы кешіктіріліп жеткізілетін түрі бар. Қазіргі заманауи технология, цифрландыру бағдарламасы қарқынды дамып жатқан кезде интернеті жоқ елді мекен де бар екен деп айтудың өзі біртүрлі болса да, шындығы солай. Ақыры сенбейді екенбіз, онда барлық елді мекендерден түсетін өтініш, мәселелердің бәрі түгелімен электронды құжатқа көшіріліп болды деп баяндап жатқан мүйізі қарағайдай министрліктердің айтқандарына да сенбей-ақ қойсақ қайтеді.
Өткенде ауылда мынадай бір оқиға болыпты. Ауылдың бір тұрғыны аяқ астынан ауырып қалып ауданға барады. Сонда аудандық ауруханадағылар сіз ауырып қалғаныңыз туралы «электрондық порталға» тіркеп пе едіңіз деген сұрақ қойыпты. Осылай сұрақ қойған аудандық дәрігерде жазық жоқ шығар, бірақ «электрондық үкімет», «электрондық портал», «электрондық құжат» дегендерді туғалы естіп көрмеген Сарбұлақ ауылы тұрғынының шалқасынан түспесе де, өзін жарымжандай сезініп, көңілі пәсейіп қалғаны анық.
Тағы да өткен жылғы мақала сөздеріне жүгінсек, айтудайын айтылыпты. «Ұялы телефон дегеннен шығады, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы жақсы бастаманың бірімен ауылдың қақ ортасынан болашақ ұялы байланыс стансасының мұнарасын да орнатып кетіпті. Ұялы телефон орнатамыз деген дүрмекпен орнығып қалған сол мұнара дін аман, әлі тұр. «Мен мұндалап» алыстан көрінеді. Тек интернет желісі мен ұялы байланыс қабылдайтын станса жабдығы жоқ. Ғаламтор мен ұялы байланыстан әлі үміттерін үзбеген ауыл белсенділері осы темір мұнараны темір-терсек жинаушы тентектерден қорғаумен әлек».
Біздің ауылдың тілімен айтқанда «Өй, дөйт дегенің-ай!» десеңші. Интернет пен ұялы телефонсыз өмірді көз алдымызға елестете алмайтын қазіргі заманда Сарбұлақ ауылы шынымен де уақыттан кешігіп, көштен қалып отыр. Жүзден астам түтіні мен жүзден астам мектеп оқушысы бар ауыл ауданмен де, облыспен де, Астанамен де ұялы телефонмен сөйлесе алмайды, интернет дегенді де түстерінде көреді. Бірақ өңінде көре алмаған ғаламтор деген пәле түске ене қояр ма екен? Мектеп бітіретін оқушылардың ішінен жоғары оқу орнына түсетін грант иелерінің де азайып, цифрландыру мен ақпараттандыру жағынан ақсап жататындары да осы интернет беретін қосымша көл-көсір білімнің қолжетімсіздігінен деуге әбден болатын шығар. Баяғыда интернаты жоқ ауыл болмайтыны сияқты, қазіргі уақытта да интернеті жоқ ауыл болмауы тиіс қой.
Бәрін айт та, бірін айт, цифрландыру деген жақсы бағдарламаның ауылға қашан жететінін айт деп жатқан ауыл тұрғындарының тілегін интернет желісі мен ұялы телефонды жеткізетін тиісті орындардың басшылары назарға алады деп ойлаймыз.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ