Адал еңбек адамды қанаттандырады
Ақтан батыр ауылының тұрғыны Жанғазы Әбдіразақ екінші топ мүгедегі. Ол ағаш ұстасы. Осыдан бірнеше жыл бұрын тағдыр тауқыметін тартып, қол арбаға таңылған шебер басқа түскен қиындықтарға қарамастан өмірге деген құштарлығын жоғалтпады. Бүгінде ұстаның қолынан шыққан бұйымға тапсырыс берушілер қатары аз емес.
Жанғазы Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылының тумасы. Ертеректе Қаратереңде үлкен балық зауыты жұмыс істеген. Арал теңізі тартылып, табанынан су кете бастаған тұста балық азайып, зауыттың жұмысы тұралап қалады. Бұл теңіз жағасын қоныстанған ауыл тұрғындары үшін қиын жағдай еді. Балық зауытта жұмыс істеген Жанғазының әкесі Көшербай да жұмыссыздар қатарына қосылды. Халықты жұмыспен қамту мақсатында көрші аудандардың елді мекендеріне көшіру басталды. Сөйтіп, қазіргі Сырдария ауданының Іңкәрдария ауылына Көшербай отбасымен қоныс аударды.
«Ол кезде мен 3-сыныпты бітірген бала едім. Бізден бөлек Бөген, Қаратерең ауылдарынан бірталай отбасы көшті. Біз тұрған ауылдың өзінде көшіп барған қырық шақты шаңырақ болатын. Сонда мектепті жалғастырдым. Әке-шешем бес жыл өткен соң туған ауылға жақындайық деп, осы Ақтан батыр ауылына көшіп келдік. 8-сыныпты бітірген жылым. Міне, содан бері осы ауылдың тұрғынымын», – дейді Жанғазы аға.
Әкесі құрылысшы, анасы сылақшы болған ағаш ұстасы әке-шешемнен үйренгенім көп дейді. «Әкем Көшербай осы ауылдағы біраз үйді салды. Еңбекқор жан еді. Қасында жүретінмін. Үй салуда көп нәрсені үйретті. Ағаштан да, темірден де түйін түйетін ұста кісі болатын», – деп өткен күндерді еске алған кейіпкерімізден мектептен кейінгі өмірі қалай өрбігенін сұрадық.
«Мектеп бітірген соң гаражда слесарь болып жұмыс істедім. Әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп, елге оралдым. Ауылға келген соң құрылыс саласында еңбек еттім. Жоғары разрядты құрылысшы атандым. Кейіннен егіс саласына ауыстым. 1997 жылы жұмыс барысымен іссапарда жүріп, көлік апатына ұшырадым. Осылайша аяқ астынан өмірім күрт өзгеріп, төсекке таңылдым. Уақыт өте келе таяқтың көмегімен жүрдім. Алайда жыл өткен сайын қос аяғым әлсіреп, қоларбаға отырдым», – дейді Жанғазы Әбдіразақ.
Алайда арбаға таңылдым деп аянып қалмады. Тапсырыспен ағаштан шай үстел, бесік, сандық, қол жуғыш, нан тақтай секілді тұрмыстық бұйымдармен қатар, ара-тұра үй жиһаздарын жасайды. Қолында жалғыз ғана станогы бар ұста жұмыс істеуіне қажетті кейбір құралдарды өзі жасап алған. Ағашты жонатын, тесетін, кесетін станоктың да ұстаға қызмет етіп тұрғанына он жыл болыпты. «2008 жылы ауылдағы Тәрбия деген апамыздың бітпей тұрған үйін бітіріп бердім. Ақысына осы станокты берді», – деді ағаш ұстасы ескі станогының бетіне түскен ағаш қиқаларын сыпырып жатып.
Өзгеге қажырлығымен үлгі болып отырған Жанғазы аға отбасында он ағайынды. Бір кіндіктен тарағандардың тоғызы Қызылорда қаласында тұрады екен. Қара шаңырақты құлатпай, отын өшірмей отырған Жанғазының жары Майра Қожабайқызы да текті жердің қызы. Ол да көп балалы отбасынан шыққан өнегелі жан.
«Енем былтыр дүние салды. Қызылордада тұратын. Жанғазыға қоңырау шалып: «Шеңгелдің түбіне ілініп қалған, қоңыр қозым-ау, дауысыңнан айналайын» деуші еді. Сол сөзін бауырларыңнан жырақта қалған жалғыз сенсің дегені-ау деп түсіндім. Талай қиын күндер бастан өтті ғой. Жанғазы жол апатына түскен жылы мен жұмыстан қысқартылдым. Ол кезде балаларымыздың алды жетіде, арты бір жарым жаста болатын. Келешегіміз қалай болады деп уайымдаған кездерім көп. Қиын сәттер де артта қалады. Ең алдымен адамға күш-қуат, табандылық керек екен», – деген Жанғазы ағаның зайыбы Майра Қожабайқызы өткенге салауат айтып, бүгінгі күнге шүкір дейді.
Адал еңбекпен тапқан нәпақамен өсіп-өнген отбасының ұл-қыздары да өмірден өз орнын тауып келеді. Балаларының барлығы дерлік жоғары білім алып, таңдаған мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Қызын қияға қондырған Жанғазы аға мен Майра апа ұлын аяқтандырып, келінінің қолынан шай ішіп отыр. Тәп-тәтті қос немересінің маңдайынан сүйіп, қызығына тоймайды.
Адал еңбек адамды қанаттандырады. Бүгінгі кейіпкеріміздің өмірі осы сөзді еріксіз еске түсірді. Ұсталықтан бөлек бау-бақшасын жайқалтып отырған Жанғазы Көшербайұлының өмірге құштарлығы ерекше.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
Фотоколлаж: Қаракөз ЕРМЕКБАЕВА