Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейіт басындағы бәсекеге тыйым керек

Бейіт басындағы бәсекеге тыйым керек

«Өлі разы болмай тірі байымайды». Дүниеден өткен әрбір мұсылманды разы қылу үшін артынан құран бағыштап, ақтық сапарға арулап шығарып салу болса керек. Себебі о дүниелік адам әсіресе құран нұрына мұқтаж болады деседі. Бірақ бір өкініштісі, қазіргі таңда адамдар әруақты разы қылудың жолын дұрыс түсінбейтін сияқты. Жан тапсырған пендеге есеп кезінде зиратының зәулім немесе әшекейлі болғандығы емес, мына өмірде жасаған жақсы амалдары ғана көмекке келетіндігін көбіміз ескере бермейміз. Ал бұл білместік немесе асыра сілтеушілігіміз өкінішті жағдайларға әкелуі әбден мүмкін.

Осыдан біршама уақыт бұрын Нұржан Төлендиевтің «Алдараспаны» қойған «Евро мола» қойылымын көрмеген жан жоқ шығар. Әзілдің астарында ауыр зіл жатса да шалқамыздан құлай күлгеніміз бар. Бірақ сол сәтте қиялдан алынғандай болып көрін­ген қойылым бүгінгі күні өңімізге айналды. Қайбір қорым басына бара қалсаңыз да тө­бесі көкпен таласқан, қабырғасы қымбат тас­тардан тұрғызылған бейіттерді көру қиын емес. Жаңадан салынған мәрмәр тасты молалар ертеректе бой көтерген ақ кірпішті зираттардың төбесінен қарап дүңкейіп тұр. Бұл көрініс адамдардың ақылсыздығынан ба, әлде, білместіктен бе? Шындығында бейіттерді зәулім қылып салуға болмайтындығын білу үшін ғұлама болудың қажеті шамалы. Қабір тұрғызу ең алдымен белгі үшін, екіншіден аяқ асты болмауы үшін, үшіншіден қабірді жан-жануарлардың таптамауы, жыртқыш аңдардың мәйітке зақым келтірмеуі үшін істеледі екен.

Қазалы ауданы төңірегінде де мұндай жағдайлар жетерлік. Қорымның жанына орындықтар қойып, гүл мен тал егіп қойғандар бар. Бірақ бұны жасаушыларға айтар уәжіміз жоқ. Исламда адам баласы тәубеге келуі үшін бейіт басына көбірек зиярат етіп келу керектігі айтылған. Құран бағыштауға жиі келетін ұрпақ үшін бұның пайдалы екені анық. Алайда қорым ішіне тас жол төсеп, жарықтандырып, мәрмәр таспен құдды бір қалашық тұрғызу кімге керек? Әлде бақилық болғандарға бұл әрекеттердің тигізер көмегі бар ма? Бұл туралы Әйтеке би кентіндегі «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменовтен сұрап көрген едік.

– Қазіргі таңда қабір салудан бәсекелестік халық арасында індетке айналып келе жатқаны жасырын емес. Шариғатымыз даңқойлыққа тыйым салғанына қарамастан қалтасы қалың қазақтар бұған құлақ аспауда. Дініміз ысырап пен мақтаншақтықты қаламайды. Әрі бұл істің ана дүниедегі туыстарымызға пайда әкелмесі де айқын. Ең бірінші сауап шариғатқа бағыну болса, одан кейінгісі мал-мүлікті жақсы амалдарға жұмсау. Өмірден өткен ағайындарымызға зәулім кәсене тұрғызғаннан гөрі үйі жоқ жандарға кішкене баспана салып беру марқұмға үлкен сауап болар еді,– дейді имам.

Иә, ысырапшылдықтың сүйкімдісі жоқ. Миллиондаған ақшаға салынған моланың орнына өлген адамның атын атап тұрып садақа берсе оның өзі ортамыздан кеткен жанның ана жақтағы мерейін үстем қылар ма еді? Немесе атына мешіт тұрғызса да сауаптан Құдай құр қалдырмаса керек. Хан сарайындай зираттардың құрылысымен айналысатын жалдамалы жұмысшылардың да айтарлары бар. «Жақындарын жоғалтқандар бізге арнайылап хабарласады. Жалданып жұмыс жасаймыз. Өзіміз де қызығамыз. Үйімізде қолданбайтын құрылыс материалдарымен моланың басын безендіру алғашында бізге де таңсық көрінген. Енді ақшасы бар адамдар не істесе де өздері біледі. Мәрмәрмен көмкеріп мола тұрғызу үшін миллиондап ақша кетеді. Сонда да жасап жатыр. Тапсырыс беретіндер «басқалардан ерекше болатындай етіп, әдемі қылып жаса» дейді. Жалдамалы жұмысшы болған соң, дегеніндей қылып тұрғызамыз», – дейді бейіт басындағы жұмысшылар.

«Заманына қарай, амалы» дейміз. Олай болса мұсылмандық дінімізге кең жол ашылған қазіргідей кезеңде ұрпаққа пайдасыз әдеттерге шектеу қойылғаны жөн. Әрбір өлген адамның қабіріне зиярат етіп барған жанның «менің де үйім осындай болса ғой» дегенді ойламай, бақилық өмір ауылының алыс емес екендігін еске алуы шарт. Басқа сөздің бәрі айтылды. Шамамыз жеткенінше жақсылық жасап жарысайық.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
19 маусым 2019 ж. 2 009 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 73

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 78

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 61

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930