Қорымдарға күтім керек

Ескеретін мәселенің бірі әрі-беріден соң «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық даналығы дәл осы әңгімемен ұштасып жатқаны да жалған емес. Марқұмның артында қалған ұрпағы, жақын-жуығы әруақтар рухына арнап құран бағыштатып, олардың жақсы істерін үлгі тұтса ұтылмасымыз анық. Тіпті Еуропа елдеріндегідей ата-баба қорымдарының айналасы абаттандырылып, гүлдермен көмкеріліп тұрса нұр үстіне нұр емес пе?
«Ойды ой қозғайды». Осы орайда айта кететін жайттардың бірі – біздегі қорымдардың ретсіз орналасуы екені даусыз. Бұған өзіміз де талай куә болдық. Жаңадан салынған бейіттердің қорымдар арасындағы соқпақ жолдарды жауып тастайтындықтан түкпірдегі зиратқа жетіп, құран бағыштату көп қиындық келтіретінін көріп те жүрміз. Оған қоса, кейбір мүжілген, қираған, ернегі опырылып ішіне түскен қабірлердің адамның санасына шаншудай қадалатыны тағы бар.
«Тірлік барда, қаза бар». Егер, өліктің жаназасы шығарылғанда қазалы үйдің иесі мешіт молдаларымен ақылдасып, мүрдені қай тұсқа қою керегін анықтаса жоғарыдағы жағдай орын алмас еді. Жалпы шариғат бойынша қорым аса биік болып салынбайды деген бар. Алайда әркімнің таңдауы, өзіндік көзқарасы болатыны тағы рас. Зират басына барғанда құран бағыштаумен қатар, айналасын ретке келтіріп, таза ұстасақ әруақтарға деген құрметіміз артатыны анық.
Есет ТАБЫНБАЕВ